Мәслихат

Мерейтой иесін құттықтады



Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында құрметті еңбек ардагері, Астана қаласы мәслихатының І, ІІ және ІІІ шақырылымдарының депутаты, ІІ шақырылымның хатшысы болған Вера Лукьянецті 80 жылдығымен құттықтау салтанаты өтті.

Мерейтойға арналған салтанатты рәсімді қалалық мәслихаттың төрағасы Ерлан Каналимов құттықтау сөзбен ашты.
– Азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы үшін күресе жүріп, саналы ғұмырын осынау игілікті іске арнаған құрметті Вера Григорьевна! Қатысушылар атынан сізге алғысымды білдіремін. Сіз өз біліміңіз
бен тәжірибеңізді білікті медициналық көмекке мұқтаж адамдарға арнай отырып, медицина  қызметкерлерінің бірнеше буынын – жоғары білікті дәрігерлерді тәрбиелей алдыңыз. Кәсіби міндеттермен
қатар қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысқаныңызды атап өткім келеді. Сіз қалалық мәслихаттың І-ІІІ шақырылымының депутаты, сондай-ақ қалалық мәслихатты басқарған жалғыз әрі бірінші әйел хатшы
болып қала бересіз, – деді Ерлан Каналимов.
Экономикалық дағдарыс жылдарында Вера Лукьянец зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған  қайырымдылық оқу-сауықтыру іс-шараларын өткізді. 1990 жылы Үкіметтің тапсырмасы бойынша ол Қазақстандағы алғашқы шаруашылық есептегі консультативтік-диагностикалық емхана құрып, екі жылдан кейін оны «Дәстүрлі және халықтық медицина орталығы» етіп өзгертті. Дәстүрлі медицинаның барлық
әдісін игерген білікті маман емдеу орталығын заманауи медицинамен біріктіргенін, оның ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен емшілерге үміткерлерді сынақтан өткізу үшін база болғаны, көптеген жыл
бойы осы орталықта ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілгені жайлы айта келе, мәслихат төрағасы мерейтой иесінің Қазақстанда, Ресейде, Украинада, Испанияда, Израильде, АҚШ-та, Австралияда өткен халықаралық конференцияларда сөз сөйлеп, өз нәтижесімен бөліскенін атап өтті. Одан соң Астана қаласының тұңғыш
әкімі Әділбек Жақсыбековтің мерейтой иесіне арнаған құттықтау хатын оқыған Ерлан Каналимов мерейтой иесіне VIII шақырылымдағы мәслихат депутаттарының атынан гүл шоқтарымен бірге естелік сыйлық тапсырды.

Қоғам алдындағы еңбегі үшін Вера Григорьевнаның есімі «Қазақстан Республикасының Алтын кітабына»,
«Елорданың 100 тұлғасы» альманахына, «Қазақстанның 100 әйел тұлғасы» кітабына енді. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес-рейтингі ұйымдастыру комитетінің «Ерекше жеке және кәсіби
қасиеттері үшін» шешімімен «Сезімтал жүрек» медалімен марапатталғаны туралы экс-депутаттың  әріптестері жылы естеліктерімен бөлісті. Бұл ретте 1994 жылдан 1999 жылға дейін Ақмола қаласы мәслихатының І шақырылымының хатшысы қызметін атқарған, көп жыл бойы осындағы ірі кәсіпорындарда басшы болып жұмыс істеген Александр Миноров, сондай-ақ әр жылдарда депутат болған әріптестері Марат Аманбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, 2000-2006 жылдары қалалық Денсаулық сақтау департаментін басқарған Мәжит Шайдаров, еңбек ардагері, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қорының төрағасы Еркін Томпиев, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болған Юсуп Келигов, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова және «Дәстүрлі және халықтық медицина орталығының» медициналық мәселелер жөніндегі жетекшісі Раушан Қуанышбаева ыстық ықыласын білдірді. Жылы құттықтаулары мен тілектері үшін әріптестеріне шын жүректен алғыс айта келе, Вера Лукьянец оларға ізгі тілегін жеткізді.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button