Елорда тынысы

Мерекеге қуаныш сыйлады



Тәуелсіздік күні қарсаңында елордадағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында «Тәуелсіздік – ел бақыты» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынға орталық сүйемелдеуіндегі көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отыр­ған отбасылар шақырылды. Іс-шара жеке тұлғаның азаматтық қасиетін, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға, патриоттық сезімге тәрбиелеуге бағытталды.

– «Жанұя» орталығының жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асады. Орталық мамандары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік бағдарламалар туралы ақпараттандырады, қажетті құжаттарды дайындауға көмектеседі. Бүгінгі таңда «Жанұя» орталығы балалы отбасыларды жеке-­бағдарлы сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Бұған психологиялық білім беру, құқықтық, әлеуметтік, медициналық және мәдени сипаттағы іс-шаралар кіреді. Жыл басынан бері қала бойынша 295 отбасы орталықтың әлеуметтік сүйемелдеуіне алынды, – деді өз сөзінде «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы Сарыарқа ауданы бойынша отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінің басшысы Айгүл Болатхан.

Аталмыш орталықтың қызметіне жүгінгендердің бірі – қала тұрғыны Маржангүл Нұрлыбаева.

– «Жанұя» отбасы институты орталығы туралы мен таныстарым арқылы білдім. Шыны керек, мұндай орталық туралы хабарсыз едім. Биыл жазда тіркелдім, бүгінде көп көмегі тиіп жатыр. Отбасымызға азық-түлік себеті берілді. Ендігі кезекте көмір берілмек. Қызым 9-сыныпта оқиды. Даун синдромына шалдыққан. Баламның оқуына қажетті керек-жарақтар да табысталды, – дейді елорда тұрғыны.

Мерекелік іс-шара барысында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға киім-кешек пен азық-түлік сатып алуға арналған сертификат табысталды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button