Білім

Менің арманым…

Кішкентайымнан кітапханаға барғанды, кітап оқығанды ұнатамын. Осы оқу жылында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабын оқып бітірдім. Қазіргі оқып жатқан кітабым – М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі. Өте қызық, 4-тарауына келдім. Кітап оқу арқылы оқуға деген зейінің ашылады. Ең қызығы, мен әдеби кітаптармен қоса ғылыми кітаптарды оқығанды да жақсы көремін. Анаммен сауда үйіне барған сайын «Marwin» кітап дүкенінен әртүрлі энциклопедиялар аламын. Онда неше түрлі тақырып бар. Мысалы, ғаламшарлар, ғарыш, дала жануарлары, динозаврлардың алуан түрі туралы танымдық кітаптар қызықтырады. Маған далада ойнап жүріп, жерде қыбырлап жүрген қоңыз, құрт секілді жәндіктерді зерттеген ұнайды, ерекше жәндіктер немесе гүлдер көрсем, ұзақ қарап отырамын, сосын ұстап көремін. Үйде сурет салып, лего құрастырып, шахмат ойнағанды ұнатамын.

Сондай-ақ қосымша үйірмелерге де барамын, олар: шахмат, робототехника, арт-терапия (сурет салу). Үйде әкеммен бірге шахмат ойнаймыз. Биыл шахматтан 5-тен 4-разрядқа өтіп, бір сатыға көтерілдім. Үнемі түрлі турнирге, жарысқа қатысамын. Анам мен әкем жарысқа орын алу үшін емес, тәжірибе жинау үшін қатыс деп қолдап отырады. Жарыстан орын алмай келсем де, қатысқаным үшін қатты қуанады. Осы жылы шахмат турнирінен 3 рет мақтау қағазымен марапатталдым. Барлық жетістігім мен білімімнің, еңбегім­нің нәтижесін көрсетіп, демеп жүрген – ­отбасым! Оларға алғысым шексіз! Үмітіңізді ақтауға барымды саламын. Мені анам мектептегі «Даму бала» бағдарламасымен домбыра үйірмесіне жазып қойды. Алдағы уақытта тағы бір арманыма жетемін деген ойдамын.

Айсұлтан ЕРІК, Сырбай Мәуленов атындағы

№37 мектеп-лицейдің 3-сынып оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button