Басты ақпаратЖаңалықтарРуханият

МЕШІН ЖЫЛЫНЫҢ МЕРЕЙІ



Момақан мешін жылы халқымыз үшін қадірі асқан, мәртебесі биіктеген жыл болды. Азаттықтың ширек ғасыр тойын атап өтіп, өзге жұрт алдында керегесі кең, шаңырағы биік, ұстанымы берік, ойы еркін ел болғанымызды дәлелдедік. Ағын су секілді ағып бара жатқан берекелі жылда халқымыздың жадында мәңгілік қалатын оқиғалар мен ұлтымыздың абыройы мен айбынын асырған талантты тұлғалардың мерейтойларын қал-қадірімізше атап өтіп, тарихымызды тағы бір тың деректермен толықтырдық. Ендеше, салмақты сөзді содан бастайық…

29289bf17eba549ff283caaafc69f416

АЗАТТЫҚ АҢСАҒАН АРПАЛЫС
Дәл осыдан жүз жыл бұрын еркін жүріп, еш бұғауға басы сыймаған өр мінезді, ер жүректі қазақтың сайын даласында Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусымдағы армияның қара жұмысына 19-дан 43-жасқа дейінгі ер азаматтарды шақыру жөніндегі жарлығына қарсылық көрсет­кен бас көтеру басталды. Оның соңы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.
Жергілікті жұрттың ашу ызасы мен қанжардай өткір намысын ешкім тоқтата алмады. Жүрегі жалындаған отты жігіттер ел ішіндегі ержүректігімен аты шыққан азаматтардың маңайына жиналып, ашық майданға шықты. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жалпақ даланы қамтыды. Көтерілісті басу үшін патша үкіметі мұздай қаруланған жазалаушы отряд шығарды.
Әсіресе, Торғай мен Жетісу өлкесінде қарсыластық ерекше қарқын алды. Жетісу мен Түркістан өлкесінде әскери жағдай жарияланып, патша үкіметі оған әскери күштерді жіберді. Жетісудағы ірі көте­рілістің бірі Қарқара айма­ғында болды. Ұзақ, Жәмеңке, Жаңабай, Серікбай секілді ел ағалары жиналып, патшаға әскер бермейміз деп антқа серт байласты. Бұл оқиғаны заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде ай­шықты бейнеленген. Ал Торғайдағы ұлт-азаттық кө­те­­рілісті қазақтың соңғы ханы Кенесарының ержүрек серік­терінің бірі болған Иман батырдың немересі Аманкелді Үдербайұлы және Әбдіғапар Жан­босынұлы мен Оспан Шолақ­ұлы секілді беделді тұлғалар бастады.
Қысқаша айтқанда, батыр бабаларымыздың азаттық аңса­ған арпалысы тарихта мәңгі қалды. Биыл тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойы ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдығымен қатар келді. Бұл жай сәйкестік емес. Азаттық деп атқа қон­ған аталарымыздың өр рухы­ның қайта жаңғырғаны деп білеміз. Осындай айтулы жылда жер-жерде көтеріліске қа­тысты ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, тарихи оқиғаны жаңаша көзқараспен баяндаған кітаптар жарыққа шы­ғып, бабалар рухына ас берілді.

БАТЫРДЫҢ БАССҮЙЕГІ ОРАЛДЫ
Бодандық қамытын кимейміз деп атқа қонған тарихи оқиғаға ғасыр толғанда Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің бел ортасында жүрген құралайды көзге атқан мерген, жаужүрек батыр Кейкі Көкембайұлының тоқсан жылдан астам Санкт-Петербордағы Кунсткамерада сақталған бассүйегі туған елге оралды.
Әйгілі Кейкі 1923 жылы сәуір айында Жыланшық бойындағы Жалаулы деген жерде жары Ақжанмен бірге қызылдардың қолынан қапыда қаза табады. Отряд басшысы батырдың басын кесіп алып, Орынборға алып кеткеннен кейін туыстары денесін сол жерге жерлеп, кейінірек ес­керткіш қояды. Кеңестік ке­зеңде мергеннің есімі ауызға алынбағанмен, отыз үш жасында дүниеден озған дарынды жазушы Ақан Нұрманов Кейкі туралы «Құланның ажалы» деген классикалық роман жазды.
Батырдың бассүйегі туған елге оралғаннан кейін Мажар елінде оны қалпына келтіру жұмыстары басталды. Оған Венгрияның жаратылыстану ғылымдары музейінің антро­пологиялық бөлімінің жетекшісі Агнеш Куштар бас­шылық жасады. Белгілі болғандай, батырдың бассүйегі бойынша жасалған мүсіннің сәйкестігі 98,7 пайызды құра­ған.
Таяуда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алдағы жылы батыр туралы деректі және көркем фильм түсіріледі деп мәлімдеді.

ӘЛИХАН ЕСІМІ ӘСПЕТТЕЛДІ
Биылғы жылы көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында өтіп, ұлтымыздың ұлы тұлғасының есімі ұлықталды.
Алаштың ардақты азаматы атанған Әлихан атамыздың халқымыздың азаттығы жолында жасаған еңбегі өлшеусіз деп айтуға болады. XX ғасырдың басында қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаларының басын қосып, Алаш қозғалысын құрып, ұйқыда жатқан туған жұртының өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең болсын деген мақсатпен ұлттық мұрат жолында басын бәйгеге тікті. 1905 жылы 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы болды. Кеңестік үкіметтің қанды қақпанына іліккенше халқының қамын ойлап, талай тауқыметті тартып, адам төзгісіз қиыншылықты көрді. Сонда да ұлы тұлғаның рухы сынбады, қайта одан сайын өршіп, туған елінің жарқын келешегі үшін түпкі мақсатынан айныған жоқ.
Міне, осындай ұлы қайрат­кердің 150 жылдық мерейтойы азаттықтың ширек ғасыр тойымен тұспа-тұс келіп, көрнекті қоғам қайраткеріне құрмет көрсетілді. Алматыда Мемлекеттік хатшының қатысуымен ғылыми-конфе­ренция өтіп, ол елордада жал­ғасты. Тұлғаның өмірі мен қоғамдық қызметін терең тал­даған кітаптар жарық көр­ді. Астанадағы Есіл сол жа­ғалауынан үлкен көшенің аты берілді. Туған жері Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүбірлеген той өтті. Соның бәрі ұлы асыл ердің ұлылығын көрсеткен тағылымды дүниелер болды.

БЕЛГІЛІ ҚАЛАМГЕРЛЕР БЕЛЕСТЕРІ
Мешін жылында ұлт руханиятында айтарлықтай орындары бар тұлғалардың мерейтойлары өтті. Айталық, Абайтанудың ғылыми негізін қалап, оны айналымға енгізіп, «Абайдың әдебиет мектебі» атты тақырыпта диссертация қорғап, әдебиеттанудың білгірі атанған көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың туғанына жүз жыл толды. «Құрманғазы» поэмасымен қазақ поэзиясының айбынын асырған, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиев атамыздың ғасырлық тойы болды. Сонау алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, жып-жылы леп әкелген жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Cайын Мұратбековтің туған жерінде сексен жылдығы тойланды. Сонымен бірге «Ескексіз қайық», «Қызыл ай», «Құмдағы ауыл» секілді шығармаларымен оқырмандардың ықыласына бөленген қаламгер, марқұм Мағзұм Сүндетов те сексенге толды. Бүгінде өмірден ертерек озған жазушының есімі көп айтыла қоймайды. Оның мерейтойы атап өтілді деген хабарда көзімізге шалынбады. Әрине, биылғы жылы бір белес-ке көтерілген қаламгерлердің қатары көп. Оның барлығын тізе беруге шағын мақаланың жүгі көтермейді. Қазақ әдебиетінің қазынасына сүбелі туындылар берген, қабырғалы жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы да жағымды жаңалық деп қабылдадық.
Тоқсан ауыз сөзді түйіндей келгенде, қазақ руханиятының көші одан әрі ілгерілеп, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ардақтай берейік дегім келеді!

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button