Жаңалықтар

Министрлік «Мектеп оқулығы» акциясын өткізеді



DSC_6085

Бейсенбі күні Орталық қоммуникациялар қызметінде алдағы оқу жылында орта білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі айтылды. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов пен мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жиында жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес (2012 жылғы) 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10 және 11-сынып оқулықтарының жаңартылып басылғаны белгілі болды. Ал, келесі жылы 7-8-сынып оқулықтары жаңартылып, 1-сыныпқа арналған оқулықтар жаңартылған орта білім мазмұнының оқу бағдарламасы бойынша оқу процесіне енгізіледі. Министрлікте мектеп оқулықтарының сапасын жақсарту мақсатында сараптамалық шешімнің жаңа үлгісі әзірленіпті. Бүгінге дейін жүзден астам оқу әдебиеттерінің сарапшы, авторлары білім сапасын арттыру курстарына қатысқан екен.
Жиында тілшілер жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды әбігерге салатын оқулық тапшылығын сөз етті. Бұл мәселе бойынша спикерлер «2012 жылға дейін тегін оқулықтар тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына беріліп келді. Республикадағы барлық оқушыларды бірден тегін оқулықпен қамту мүмкін емес. Мысалы, биыл 4 сыныпқа, келесі жылы 3 сыныпқа оқулық жібереміз. Осылайша, мәселені кезең-кезең бойынша шешеміз» деп жауап берді.
Сондай-ақ, Саят Нүсіпов дәл қазір оқу кітаптарын өңірлерге жөнелту жұмыстары қарқынды жүріп жатқандығын хабарлады. «Оқулықтар орта білім беру ұйымдарына 10 тамызға дейін жеткізілуі тиіс. Ата-аналар сол кезден бастап оқулық түгендеудің қамына кіріскені жөн. Жұмыс дәптерлері, атлас, карта секілді қосымша құралдарды да алдын ала сатып алып қойса, қыркүйекте ешкім әуре-сарсаңға түспейді» деді Саят Нұрмұхамедұлы.
20 шілдедегі мәлімет бойынша, Астана мен Алматы қалаларының білім беру ұйымдарына оқулықтардың 98 пайызы жеткізілген. Осы орайда, Жаңыл Жонтаева өткен жылы оқулықтар толық жеткізілмеген төрт облыстағы білім саласының басшыларына сөгіс берілгендігін айтты.
1-31-тамыз аралығында Білім және ғылым министрлігі барлық өңірлерде «Мектеп оқулығы» акциясын өткізгелі отыр. Акция «Кітап қорын тексер!», «Мектеп оқулығы» және «Сыйлыққа оқулық» атты үш кезеңнен тұрады. Сонымен қатар, 1-қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге Елбасының атынан «Менің Отаным – Қазақстан» кітабы сыйға тартылады.

Роза ӘРЕН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button