Қоғам

Мирас ШЕКЕНОВ: ҮЙМЕН БІРГЕ ЖОЛ ДА САЛЫНУЫ КЕРЕК



Астана қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекенов сайланған  №11 сайлау округында 40-45 мың халық тұрады. Елорданың Есіл ауданына қарасты аумақтағы құрылыс нысандары, негізінен, жаңадан тұрғызылған. Сондықтан депутаттың айтуынша, тұрғындардың мұң-мұқтажы көбінесе коммуналдық шаруашылық мәселелер мен инженерлік-техникалық инфрақұрылымға барып тіреледі. Бұл абаттандыру жайы, ПИК жұмысы, үлескерлердің жағдайы, т.б. болып жалғасып кете береді. Мирас Ерғалиұлымен бірге біз осы аумақтағы «Жағалау» тұрғын үй кешені, «Үркер» және «Ильинка» тұрғын алаптарына барып, сондағы жұрттың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

kbb_9664-kopirovat
ЖАҢА ҮЙГЕ САЙ КЕЛЕТІН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАЖЕТ
«№11 сайлау округы қамтитын мекен – Астанадағы қарқынды дамып жатқан аумақтардың бірі. Мәселен, Шыңғыс Айтматов көшесіндегі жол кіші айналма тас жолының құрамына кіретін болады. Яғни, болашақта ол өте маңызды автожолға айналады. Қазір Ш.Айтматов көшесінен №16 көшеге қарай жолды созуда мәселе туындап тұр. Сол аймақтағы үйлердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Алайда жолдан қиындық бар. Ілияс Омаров көшесіне өткен жылы толығымен асфальт төселді. Бұдан бұрын осы жолмен №71 орта мектеп оқушылары оқу орнына жету үшін лай-батпаққа бататын. Бұл бір біткен іс болды. Ал Қорғалжын тас жолынан Сығанақ көшесіне қарай элиталық тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр» дейді депутат.

Оның айтуынша, түйткілді мәселелер эконом класқа жататын үйлер тұрғындарында туындайды. Үлескерлерге келсек, «Шығыс-1», «Шығыс-2» тұрғын үй кешендері осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда бұл мәселе әлі тиянақ таппай тұр.
Шешілген мәселелерге келсек, Қорғалжын тас жолы бойындағы көп қабатты үйлердің тұрғындары қоныстойынан кейінгі алғашқы жылдары жылу үшін ғана 60-70 мың теңге төлейтін. Сондықтан коммуналдық шығындарды жабу үшін пәтерлерін жалға беруге мәжбүр болды. Сол аумақ жылу-энергия орталығына қосылғаннан кейін қыста жылу қуаты жеткілікті мөлшерде беріліп жатыр.

Астана әкімдігінің «Ескі, апатты үйлерді сүру» бағдарламасына енетін қаланың орталығындағы кейбір үйлердің тұрғындарына «Жағалау» тұрғын үй кешенінен баспана берілді. Алайда бұған наразылар да бар. Осы мәселеге Мирас Шекенов өз көзқарасын білдірді.

«Аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылуын мен қос қолдап қолдаймын. Әрине, орталықтан, өзінің жылдап тұрақтап қалған орыннан шетке қарай ығысуға шешім қабылдау оңай еместігі түсінікті. Бірақ тұрғындарға мейлінше жағдай жасауымыз қажет. Яғни, жаңа пәтермен қатар, инфрақұрылым да мінсіз болуы тиіс. Пәтер жақсы болғанымен, үй маңайында жол болмаса, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмай қалғанынан деп білем. Бұл жағдайда Автомобиль жолдары басқармасы мен Құрылыс басқармасы бірлесе жұмыс істеуі керек. Қос басқармаға бірлік қажет. Тұрғын үй мен сол маңайдағы жол бір уақытта пайдалануға берілуі тиіс» дейді Мирас Ерғалиұлы.

Оның айтуынша, мектеп, балабақша, емхана, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар салынғанда да тура сондай олқылық алдымыздан шығады, яғни оларға да апаратын жол бастапқы жылдары болмай жатады. Бұл да Автомобиль жолдары басқармасы мен Құрылыс басқармасы арасындағы бірлескен шешімнің жоқтығынан көрінеді.

ВЕЛОСИПЕДКЕ КӨЛІККЕ ҚАРАҒАНДАЙ ҚАРАСАҚ…
«Құлагер» тұрғын үй кешенінің ауласында қазір балалар алаңы салынып жатыр. Алғашқы аялдаған жеріміз осы болды. Жағдаймен танысып тұрғанымызда, жанымызға бір ақсақал жақындап: «Үйдің ауласында жазда күннен қалқа болатын орынды салуға болмай ма?» деді. Оған жоспарда мұндай орын қарастырылғаны жөнінде жауап берілді. Сондай-ақ, бұл тұрғын үй кешені аумағын сығылысқан көліктен арылту үшін шлагбаум салу жоспарлануда. Сол маңайда №78 орта мектеп пен №53 балабақшаға апаратын жолдың құрылысы да басталды.

kbb_9677-kopirovat

«Үркер» және «Ильинка» тұрғын алаптарында негізгі мәселе осыдан он жыл бұрын басталған инженерлік желілер мен жолдар жобасының уақытында аяқталмауымен байланысты болып отыр. «Бұл жоба өте баяу жүзеге асырылуда. Қазір бұл тұрғын алаптар халқы 18 мың адамға жетті. Осында бұрын отбасылық-дәрігерлік амбулатория болса, қазір емхана жұмыс істеп жатыр. Бір мәселе, қаланың кейбір тұрғындарын осы емханаға тіркеп қойды. Бұл не үшін қажет болғанын әлі түсінбеймін. Одан да Ақмола облысына қарайтын «Ескі Ильинка» халқын тіркеу керек еді. Әрине, аталмыш облыспен заңдық тұрғыдан тиісті мәселені шешіп алған соң» дейді депутат.

«Үркер» мен «Ильинкаға» апаратын жолдың бойында велопарк орналасқан. Мирас Шекеновтің сөзінше, бұл жерде демалысты тамаша өткізуге болады. Ал веложол Қосшыға дейін тартылған. «Астанада велосипедке спорт құралына емес, діттеген жеріне жеткізетін көлікке қарағандай көзқарас қажет. Негізінен, әр автокөлік жолын жобалау барысында оған веложол да кіруі тиіс. Әрине, қалада веложолдарды дамыту жоспары бар. Соған сәйкес қаланың солтүстігі мен оңтүстігін велобандар бөледі, ал велобандардан веложолдар тарайды. Биыл осындай алғашқы веложол пайдалануға берілуі тиіс. Ол ЭКСПО қалашығынан басталады» дейді Мирас Ерғалиұлы.

«Ильинкада» депутаттың Есіл аудандық Мүгедектер қоғамының төрағасы Бақытжан Сәрсенбаймен кездесуінің куәгері болдық. Кейінгісі осы тұрғын алабында аталмыш ұйым әлеуметтік дүкен ашқысы келетінін жеткізді. Алайда бұл дүкенге апаратын жол болмай тұр. Төраға Мирас Ерғалиұлына жол салуға көмек беруін сұрады. «Осындағы мектепте жолдарды салудың кестесі ілінген. Сонымен танысуға болады. Біз де бұл мәселені қарастырамыз» деп жауап берді оған депутат.

Депутаттың пікірінше, болашақта «Үркер» мен «Ильинканы» қосу керек. Биыл бұл тұрғын алаптарын дамыту жұмысы жанданды. Былтыр бюджеттен бөлінген қаржы жаздың ортасында аяқ астынан кері қайтарылды. Содан жұмыс тоқтап қалды. Мирас Шекенов биыл олай болмайтынына үмітті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button