ӘлеуметБасты ақпарат

Мобильді аударым: Кімдер салық төлемейді?



Салық кодексіне өзгерістер енгізіп, кәсіпкерлерге бизнесті адал жүргізу туралы талап қойылғалы мобильді аударым мен мобильді төлемге байланысты елдің пікірі екіге бөлініп, сеніміне күдік ұялады. Мұның себебі де бар. Қазір сауда орындарында қолма-қол ақшасыз қажетті тауарды алу қиындады. Мұның заңдылығын салық органдарына хабарласып, білдік.

ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ ҚҰРАМДАС БӨЛШЕГІ

ХХІ ғасыр – цифрлық технологиялар дәуірі десек, цифрландырудың құрамдас бөлшегі – ­мобильді банкинг. Бұл салаға соңғы жылдары сұраныс артып келеді. Мәселен, 2022 жылы әлем бойынша екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасының қаржы айналымы 7,72 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 18,7 миллиард долларға дейін өседі деген болжам бар.

Расында, банк индустриясын трансформациялаудың негізгі құралы мобильді банкинг секторы саналады. Смартфонға қолжетімділік және интернет сапасының артуы мобильді банкинг нарығын ілгерілетті. Сервистік қызметтің бұл түрі клиенттерге кез келген уақытта, кез келген жерде банк операциясының кең спектрін орындауға мүмкіндік беріп, филиалдарға бару қажеттілігін азайтты. Тұтынушылар өз есеп шотындағы қаржыны бақылап, ақша аударуға, несие рәсімдеу­ге, пойызға немесе ұшаққа билет алуға, туристік турларға баруға, онлайн сауда жасауға және тағы басқасын онлайн орындайды.

Дүниежүзілік банктің мәлі­метінше, оңтүстік Африка елі – Ботсвана банкте есеп шоты бар және қаржылық қызметке қол жеткізу үшін смартфон пайдаланатын халық саны ең көп ел. Түркия мен Нигерия мобильді банкинг үлесі көп елдер қатарына кіреді. Азия құрлығында Сингапур, Корея, Қытай, Үндістан және Индонезияда мобильді банк қосымшасына сұраныс жоғары. Солай бола тұра, мобильді банкингтің әлемдік нарығында Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың үлесі айтарлықтай басым. Бұл аймақтардың цифр­лық инфрақұрылымы жоғары деңгейде дамуы, смартфондардың соңғы буынына қолжетімділік және банк жүйесінде онлайн қызметтің жетілуі оң әсер етіп отыр. Мысалы, АҚШ банктері мобильді банк қосымшасын жүйелеп, түрлі қызмет түрін ұсынады. Америкада Wells Fargo банк қосымшасы көп қолданылса, Қазақстанда Kaspi және Halyk Bank сервистік қызметтің кең түрін ұсынып, клиенттеріне ыңғайлы жағдай жасайды. 2023 жылы біздің елде қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 90 пайыздан асты. Бұл ел азаматтарына мобильді аударым мен мобильді төлем арқылы қызмет алу қолайлы екенін көрсетеді.

ЕЛ СЕНІМІНЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕСІН

Қазақстандықтар төлем төлеу және аударымнан бөлек, қайырымдылық акцияларына қатысқанда, ағайын-туыстың қуанышына ортақтасып, сүйінші бергенде екінші деңгейлі банктің қосымшасын жиі қолданады. Кинотеатрға, фитнес клубқа баратын болса, оқу ақысын немесе салық түрлерін төлейтін болса да мобильді қосымшаға жүгінетін болды. Сөйтіп, цифрланған әлемнің игілігін сезініп, қолма-қол ақша банкнотты ұмыта бастаған-ды. Алайда мобильді аударымға салық салынады деген хабар тарағалы кәсіпкерлер онлайн қызмет түрінен бас тартып, ел сеніміне күдік кіріп, цифрланған дәуірден қайта құру кезеңіне қайта кеткендей әсер береді. Өйткені адамдарға «смартфонсыз өмір сүр!» деген талап қандай орынсыз болса, мобильді төлемнен бас тартуды мәжбүрлеу де сондай қате түсінік…

Алдымен онлайн аударым түрлеріне салық не үшін салынады, Салық кодексінде қандай өзгерістер бар? Соның басын ашып, мемлекет не үшін мұндай қадамға барып отырғанын талдап, тарқата түсейік.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева:

– Мобильді аударымды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталады. Кәсіпкерлер арасында сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударым арқылы алады. Алайда аударымды кассалық аппарат, POS-терминал және QR-кодты қолданбай жүргізеді. Тиісінше, чек берілмей, тұтынушының құқығын бұзады, – деді.

Газетіміздің 2023 жылғы 13 сәуірде шыққан №43 нөмірінде «Көлеңкеге күн қашан түседі?» атты сараптамалық мақалада ел экономикасындағы көлеңкелі экономиканың көлемі 30 пайыз екенін жаздық. Бейресми дерек көздері бақыланбайтын экономиканың үлесі 50 пайыздан жоғары екенін дәйектейді. Бұл дегеніңіз – миллиондармен емес, миллиардтармен, тіпті триллиондармен өлшенетін қомақты қаржы. Бұған қаншама әлеуметтік мәселені шешіп, мектептер мен емханалар салып, жолдар төсеуге болады.

2019 жылы 26 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий жариялады. Сөйтіп, 2020 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарына дейін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерді тексеруді және бақылауды барып жүргізуді тоқтатты. Кейін Президент мораторий мерзімін 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тағы ұзартты. Мақсат – шағын және орта бизнес өкілдері кәсібін кеңейтіп, жетілдіруге мүмкіндік беріп, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін арттыру. Қысқасы, экономиканы әртараптандыруды жүйелей түсу.

Әрине, кәсіпкерлер мемлекет қамқорлығын сезініп, бизнесін дамытуға мүмкіндік алды. Алайда табысын жасырып, көлеңкелі экономиканың көлемі артуына үлес қосып жүрген іскер азаматтар да аз емес.

Міне, Салық кодексіндегі өзгерістер осындай құбылыс­тың алдын алуда керек-ақ. Онсыз мемлекеттің келешегі бұлыңғыр, бастамалар баянсыз болмай ма? Бір жағы, бұл қадам қарапайым азаматтардың құқығын шектемей ме? Бізді осы сұрақ мазалады.

– Салық органдары барлық мобильді аударымды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғадан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударым жасап, кәсіпкерлік қызметтің белгісі байқалса ғана тексереді. Жеке тұлғалар бұрынғыдай өзінің жеке мақсаты үшін: туысына, досына, ата-анасына, баласына және басқа да өмірлік жағдайға байланысты мобильді аударым қолдана береді. Бұған шектеу жоқ, – деді Айнұр Сартаева.

МАҚСАТ – КӨЛЕҢКЕДЕГІ ҚАРЖЫНЫ ҚЫСҚАРТУ

2000 жылдардың басында Үкімет жасырын экономикамен күресуде шырақ алып, соңынан түскен-ді. Қалтарыста қалған қаражатты қазынаға қайтару шарасын бастап, ТМД елдері арасында бірінші болып қаржы амнистиясын жариялады. 2023 жылы мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, квазимемлекеттік және ұлттық компания қызметкерлері жалпыға бірдей декларация тапсырды. Ендігі кезек – кәсіпкерлерде. Бірақ осы күнге дейін көлеңкедегі қаржыны күнгейге шығару мүмкін болмай келеді.

Халықаралық валюта қоры әлем елдеріндегі көлеңкелі экономиканың үлесін зерттеп, рейтингін жариялап келеді. Соңғысы 2018 жылы шығарылды. Қазақстан 159 елдің ішінде 45-орыннан көрініп, көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 38,8 пайызға тең екені көрсетілді. Рейтингте көш бастаған Боливия, Зимбабве, Нигерия және Гватемалада бейресми экономика үлесі 55-65 пайызды құрады. Сарапшылар Африка елдерінің кедейленуінің басты себебі көлеңкелі экономиканың үлесі басым болуынан дегенді алға тартады. Қазақстандықтар азық-түлікті кредитке алып, кедейлене түсуінде де көлеңкедегі қаржының әсері бар.

Dalainside мәліметінше, 2022 жылы Қытай кедені Қазақстан 16,3 миллиард доллардың өнімін алғанын белгілесе, біздің кеденшілер тауарды 11 миллиард долларға бағалады. Екі кедендегі айырмашылық – 5,3 миллиард доллар. Демек, осынша көлемде контрабандалық тауар шекарадан баж салығынсыз өтіп, көлеңкелі экономиканың көлемін арттырды. Бұған бай-бағландар елден ұрлап шығарған офшордағы 167 миллиард долларды қосыңыз. Елдің атқамінерлері қаржысын сыртқа асырып жатқанда, ірі-ірі сауда орындарынан бастап шағын дүкендерге дейін фискалды чекті көп жағдайда бере бермейді. Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлер қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете бастады. Бұл қаншалықты заңды?

– Кез келген ел азаматы «Төлем және төлем жүйелері туралы» заңға сәйкес, банк картасы, QR төлем және қолма-қол ақшамен қызмет алуға құқылы. Қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тарту заңсыз. Бұл – тұтынушының құқығын шектеу немесе бұзу.

Егер кәсіпкер онлайн төлемді қабылдаудан бас тартса, әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, ескерту беріледі. Егер қайталанса 147680 теңге көле­мінде айыппұл салынады. Қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тарту фактісі орын алса, тұтынушылар тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кіріс органына хабарласа алады, – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі.

БИЗНЕСТІҢ БЕРЕКЕСІ – АДАЛДЫҚТА

Бұл бастама кәсіпкер үшін міндетті, ал қарапайым азаматтарға зияны тимейді. Салық тексеруші орган өкілдері солай сендірді.

Осы жерде такси жүргізушісі не істейді, олар кассалық аппаратты өзімен алып жүрмейді ғой деген заңды сауал туындайды.

– Жеке тасымалдаушы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны e-Salyq Business, Egov Mobile және екінші деңгейлі банктер – Halyq bank, Kaspi bank, BankCenterCredit және тағы басқасының мобильді қосымшасы арқылы іске асырады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдау үшін онлайн режимде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады. Бұған тек смартфон керек. Кассалық аппарат немесе POS-терминалды алып жүрудің қажеті жоқ, – деді Айнұр Сартаева.

Шыны керек, ел экономикасында көлеңкелі қаржының көлемі тым көп. Жыл сайын «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет!» акциясы өтіп, кәсіпкерлерге салық төлеудің маңызы түсіндіріледі. Іскер азаматтар арасында табысын жасыру фактісі жиі орын алады. Бір ғана дерек, адам аяғы үзілмейтін «Астаналық базарға» барып саудагерлерден алған тауарға чек беруді талап етсеңіз, жүз сылтауы дайын тұрады. Онда жүздеген орыннан күніне жүз мыңдаған теңгеге сауда орындалады десек, мемлекет қаншама салығынан қағылып отырғанын оңай есептеуге болады. Бизнес істедің бе, онда адал бол! Мобильді қосымшаға салық салудың бір себебі – осы.

– Салық міндетін адал орындау кәсіпкер үшін тиімді. Бүгінде салық режимінің тәртібі жеңілдеді, салық мөлшері қыз­мет түріне байланысты 1-4 пайызды құрайды. Бұл ретте мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді, – дейді спикер.

Кәсіпкерлердің де айтар уәжі бар. «Астаналық базардағы» бірнеше саудагерді сөзге тартып, мобильді аударымға салық салуды қалай қабылдағанын сұрадық. Олар елдегі қымбатшылық, коммуналдық төлем түрлерінің өсуі бизнеске салмақ түсіріп отырғанын айтты.

– Тірліктің көзін тапқаннан кейін, оған адал болуымыз керек. Өз басым табысыма қарай салық төлеуге басымдық беремін. Бірақ инфляция табысты төмендетіп, еңсені басып барады. Оған жыл сайын жалдайтын орнымыздың қымбаттайтынын қосыңыз. Үкімет алдымен осындай мәселелерді шешіп берсе, – деді Жұмагүл есімді саудагер.

P.S: Теңге тиыннан құралады. Әрбір кәсіпкер адалдық танытып, салық төлеуге бейжай қарамаса, атқамінерлер ел қазынасына құрметпен қарап, тиімді жұмсаса, ел қуатты болып, ұзақ өмір сүреді. Ендеше Мәңгілік ел мұратын іске асыруда кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар салық төлеу мәдениетін арттыруы керек. Мобильді қосымшаға байланысты реформадан осыны түсіндік.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button