Жаңалықтар

МҮГЕДЕКТЕРГЕ ЖАСАЛҒАН МҮМКІНДІК



IMG_0293

Мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруы, еңбекке араласуы – үнемі басты назарда. Бүгінде Астанада 19 481 мүгедек өмір сүруде. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар саны – 3 166. Бұл топтағы қала тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетудің жайы қалай? Осы жайлы бізге Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы Дәмежан Сәдуақасова ханым айтып берді.

– Мүгедектердің мемлекет тарапынан әлеуметтік және арнайы жәрдемақы алуға құқы бар. Ал жұмыс істеп жүріп еңбек ету қабілетінен айырылғандар Әлеуметтік сақтандыру қорынан өтемақы ала алады. Кембағал бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін олардың асыраушыларына ең аз еңбекақы мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдар­ламасына сәйкес, жарымжандар жергілікті бюджет қаражатынан жүріп-тұру ақысын алып, сурдо-тифло құралдарымен, про­тездік-ортопедиялық көмекпен, сондай-ақ, міндетті гигиеналық заттармен қамтамасыз етіледі. Мүгедектерге ұсы­нылатын қолданыстағы техникалық көмек құралдарының тізіміне кохлеарлық импланттарға дәлдеп сөйлеу процессорлары қосылды.
– Сауықтыру жұмыстары жүргізіледі ме?
– Медициналық оңалтудың бір жолы – санаторлық-курорттық емдеу. Осы бойынша ем қабылдаудың талабына мүгедектің медициналық көрсеткіштері сай болса, онда дәрігерлік кеңес комиссиясы шешімімен оңалтудың жеке бағдарламасындағы медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жүгіну қажет. Егер құжаттары дайындалып, бұрын кезекке тұрғандар болса, олар Бурабай аймағында орналасқан Қатаркөл оңалту орталығында емделеді. Елордалықтар санаторлық-курорттық емделуге қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жолдамасы арқылы бара алады.
– Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясы бекітілгеннен соң мүмкіндігі шектеулілердің жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар ұйымдас­тырылады?
– Бұл конвенцияның бекітілуі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Мүгедектердің құқыларына қатысты стандарттар енгізіл­геннен кейін олардың тұрғын үйге және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етуді назарда ұстау қажет.
Кемтар балалары бар ата-аналарға көмек көрсету үшін биыл маусымнан бастап Онлайн-қолдау қызметі жұмыс істеп жатыр. Ата-аналар немесе тәрбиелеушілер 1411 нөмірі арқылы «SKYPE» бағдарламасымен байланысып, Онлайн-қолдау қызметінен тегін көмек сұрай алады.
Сонымен қатар, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК-да 1 және 2-топ мүгедектері үшін «Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың үйлеріне қызметкердің баруы» қызметі енгізілген. ХҚО қызметкерлері мемлекеттік қызмет көрсету үшін хабарлас­қаннан соң 72 сағат ішінде мүгедектің үйіне барады.

Дайындаған:
Орынбек ПАЗЫЛОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button