Мәдениет

МУЗАРТ LIVE ДӘСТҮРДІҢ ЖАРҚЫН ЖАЛҒАСЫ



Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сенің көзің» әнімен сахнаға әу баста-ақ жарқырап шыққан «МузАрт» тобына биыл 15 жыл толып отыр. Бүгінде өзге музыкалық ұжымдарға қарағанда «МузАртты» кәрі де, жас та ерекше құрмет тұтады. Топтың мерейтойына орай жақында «МузАрт Live» мега-жобасы тұсауын кесті. Анықтап айтсақ, ұжым ел арасынан өз ізбасарларын іздеуге кірісіп кетті. Жарыстың іріктеу кезеңі Астанада басталды.

музарт

ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН ЖОБА
«Байқауды реалити-шоу түрінде өткіземіз. Біз тек во­калдық дарыны бар жастарды емес, барлық жағынан талантты азаматтарды таңдаймыз. Қазіргі шақтағы мәдениеттің, өнердің парқын түсінетін, көшбасшылық қасиетті қалыптастырған адам­дарды іріктейміз» дейді танымал сазгер, музыкант, жоба­ның продюсері Ренат Гайсин. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа жоба ұлттық сипатта, қазақ тілінде өрбиді. «Сахнада жүргеніне 15 жыл толған «МузАрт» тобы осы таңда өзіндік тарихқа айналып үлгерді. Жұртшылық әрқашан олардың шығармашылығымен мейлінше тереңірек таныс­қысы келеді. Бұл орайда «Қазақстан» ұлттық арнасы қалың қауымға үлкен мүмкіндік ұсынып отыр» дейді аталмыш телерадиокорпорацияның басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова.
«МузАрт Live» музыкалық тележобасына 16 мен 25 жас аралығындағы ер-жігіттер қа­ты­сады. Үміткерлердің музы­калық білімінің болуы шарт емес. Сондай-ақ, музыкалық тал­ғамы мен орындау­шылар­дың құрамына да (соло, дуэт, топ) мән берілмейді. Ең басты талап – қатысушының мем­лекеттік тілде ән айта білуі міндетті.
Жарыс 3 кезеңге бөлінген. Алғашқы іріктеу 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында онлайн түрде өтті. Сайыскерлерден республика бойынша 12 мыңдай өтініш келіп түскен. Тіпті, көршілес Қытай, Қырғызстан елдерінде тұратын қандас бауырларымыз да қатысуға ниет білдірген. Ал екінші тур мамырдың 10-ынан 25-іне дейін бірнеше аймақта ұйымдастырылады. Айта кетер­лігі, бұл кезеңге «Муз­Арт» тобының толық құрамы – Мей­рамбек Беспаев, Сәкен Май­ғазиев, Кенжебек Жанәбілов қатысып, көңілден шыққан өнерлі өрендерді өздері таңдайды.

Астана қаласының үміткерлері осы аптада бақ сынады. Екі күн бойы Бейбітшілік және келісім сарайында өт­кен іріктеуде 150-ге жуық азамат бәсекелесті. Ақыл­даса келе, «МузАрт» мү­шелері 16 жігітті келесі айналымға шақырды.

АСТАНАЛЫҚТАРДЫҚ АЛЫМЫ ЗОР
Астана қаласының үміткерлері осы аптада бақ сынады. Екі күн бойы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен іріктеуде 150-ге жуық азамат бәсекелесті. Бірінен бірі асып түсетін қабілетті өнерпаздар ішінен үздіктерді ерекшелеу оңайға соқпағаны рас. Әйткенмен, доданың аты – дода. Біреу қалып, біреу озады. Ақылдаса келе, «МузАрт» мүшелері 16 жігітті келесі айналымға шақырды. Жарыс біткен соң, Сәкен Майғазиевті сөзге тартқан едік.
– Байқаудың іріктеу турын елордадан бастадыңыздар. Жалпы, алған әсерлеріңіз, түйген ойларыңыз қандай?
– Барлығы биік деңгейде өтті. Ризамыз. Негізі, Қазақстан бойынша 5 ірі аймақты таңдап алғанбыз. Кішігірім өңірлерге барып уақыт жоғалтқанша, бір орталыққа жинағанды жөн көрдік. Мәселен, Түркістан, Кентау жеріндегілер Шымкенттегі іріктеуге келеді. Өскемен, Аягөз­дегі үміткерлердің басы Семейде тоғысады. Ал Астана мен Алматы қалалары миллиондаған тұрғыны бар ірі мегаполис қой. Сондықтан бұл екі шаһарға жеке аялдадық. Әуелі елордаға ат басын тіреп отырмыз. Қатысушылардың ынта-ықыласына таңғалдық. Бас қаланың түкпір-түкпірінен небір дарынды азаматтар қатысты.
– Өнерлі інілеріңіз көп пе екен?
– Иә. Араларында бұрыннан осындай байқауларға қатысып, халыққа танылып жүрген жігіттер бар. Кімнің бағы қашан жанарын Алла біледі ғой. Мүмкін дәл осы жоба біреуінің бағын ашқалы тұрған шығар.
– Үміткерлер көбінесе қандай жанрдағы әндерді орындады?
– Осы тұста қуанғанымызды айта кетейін. Жастарымыз жан-жақты. Дәстүрлі әнді де, попты да, тіпті, ауыр рокты да керемет орындай алатындарын көрсетті. Қай бағытта ән сал десең де, тосыл­майды. Кілең «сен тұр, мен атайын­ның» нағыз өзі. Басым бөлігі біздің табиғатымызға жа­қын лирикалық әндерді таңдапты.

Сәкен Майғазиев:
– Жастарымыз жан-жақты. Дәстүрлі әнді де, попты да, тіпті, ауыр рокты да керемет орындай алатындарын көрсетті. Қай бағытта ән сал десең де, тосылмайды. Кілең «сен тұр, мен атайынның» нағыз өзі. Басым бөлігі біздің табиғатымызға жақын лирикалық әндерді таңдапты.

ЖІГІТКЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ
– Тағы қандай ерек­ше­лік­теріне назар аудар­дыңыздар?
– Біз қатысушылардың биге икемділігін де ескердік. Өйткені, сахна дегеніміз – қиын өнер. Онда тек ән сала білу жеткіліксіз. Өзіңді жұрт алдында ұстауың, қимыл-қозғалысың, жүріс-тұрысың – бәрі-бәрі маңызды. Мұнымен қоса, жігіттердің музыкалық аспапта ойнау ше­берлігін де сынадық. Домбырамен ән айтқандарды жоғары бағаладық. Бұл қабілет әншіге ешқашан артықтық етпейді.
– Жарыс барысында сіздерді қынжылтқан сәттер болды ма?
– Несін жасырайын, ондай жайтпен де жолықтық. Атын атап, түсін түстеп айтпай-ақ қояйын, бірақ кей қаладан бірді-екілі ғана адам қатысты. Осындайда жастардың селқостығына, бейқамдығына қарның ашады. Бұйырса, алдағы уақытта Алматы, Шымкент, Атырау және Семейді аралаймыз. Жұртшылықтың белсенділігін сонда байқаймыз, – деп ағынан ақтарылды әнші.
Екінші кезең қорытын­дылан­ғаннан кейін әділ қазылар алқасы үшінші турға жолдама алған 60 жүлдегердің есімін жариялайды. Олар ұлттық музыкалық жобаның телетүсіріліміне қатысады. Бұл кезең барысында сайыскерлер стиль, имидж, репертуар, хореография саласы бойынша ұйымдастыру комитетінен кеңес алады. Ақтық сында 6 адам бақ сынайды. Бас жүлдені еншілеген жеңім­паздардан топ құрылып, шы­ғармашылық ортаға сіңісуіне қолдау көрсетіледі. Осы тұғырға талпынған барлық өнерпаздарға біз де сәттілік тілейміз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button