Басты ақпаратЖаңалықтар

НАУРЫЗҒА БАРША АСТАНАЛЫҚ АТСАЛЫСУЫ ТИІС



Кеше елорда әкімдігінде өткен аппарат отырысы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс және Астана қаласы мәслихатының кезекті сайлауына, сондай-ақ, Наурыз мейрамына дайындық мәселелеріне арналды. 

dcc7d3e4a04f91613778aeec1fc

Жексенбі, яғни, 20 наурыз күні бас шаһарда 213 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Қала басшысы Әділбек Жақсыбеков бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, әкімдіктің барлық қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін тағы да ескертті.

Бүгінге дейін 50 мыңдай елордалық тұрғын өз сайлау учаскесін анықтау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің қызметтерін пайдаланған. Осы орайда адамдарға ыңғайлы болуы үшін сайлау учаскесін анықтаудың бірнеше жолы ұсынылған. Оларға e.astana.kz электронды қызметтер веб-порталы, аstana.gov.kz ресми сайты, Байланыс орталығы, қоғамдық орындарда орналасқан ақпараттық дүңгіршектер, сонымен қатар, 1414 нөміріне SMS-хабарлама жолдау сервисі, «WhatsApp» және «Telegram» мобильді қосымшалары жатады. Мұндай игіліктердің барлығы сайлау кезінде әр кісінің азаматтық құқығын жүзеге асыруға бағыт­талған.

Биыл демалыс және мерекелік күндер наурыздың 19-ы мен 23-і аралығына сәйкес келіп тұр. Сондықтан елордалықтардың демалысына және қоғамдық қауіпсіздікке баса назар аударылады. Қалада Наурыз мейрамы 14 жерде тойланады. Негізгі шара 21 наурызда «Сарыарқа» республикалық велотрегінде ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Астана Арена» стадионының алдындағы алаңда халықтық серуен өтіп, этноауыл ашылады. Аталған мейрамға орайластырылған шаралар «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтерінің жанында, қалалық алаңда, «Студенттік» және «Жерұйық» саябақ­тарында да өтеді. Мерекелік бағдарлама аясында концерт қойылып, киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылады, қо­нақтарға ұлттық тағамдар ұсы­­нылады.

«Бағдарлама қанық әрі қы­зықты болуы тиіс, әр адам өзінің бұл іске ортақтас екен­дігін сезінуі керек. Бұл ретте барлық қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуі қажет» деді елорда әкімі. Жалпы, Нау­рыз мейрамы қарсаңында Астанада 70-тен аса шара өткізу жоспарланған.

Мұнымен қоса, жиын барысында жол төсемінің сапасы да талқыланды. Автомобиль жолдары басқармасының басшылығына әрбір мердігер бойынша талдау жүргізу тапсырылды. Ал жұмысын сапасыз орындағандар қалалық жолдарды салу мен жөндеуге бұдан былай жіберілмейтін болады. Әрине, климаттық жағдайларға байланысты орынды себептер де болуы мүмкін. Мысалы, биыл қыста ауа температурасы күрт өзгеріп отырды. Дегенмен, жолдар – қаланы абаттандыру мәселесінің аса маңызды бөлігі.

«Бәрін қолға алу керек. Ағымдағы жылға жоспарланған ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 11 көшені жөндеу жеткіліксіз. Жол жөндеу жұмыстарын басым тәртіпте қаржыландыру керек» деді Әділбек Жақсыбеков.

Аудан әкімдеріне де көшелерді аралап, қалпына келтіруді қажет ететін тұстарын анықтау міндеттелді. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары наурыз айының соңында басталуы керек.

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button