Мәселе

Неге осынша созады?



Балам аяқ астынан ауырып, ағыл-тегіл құсқан соң, дәрігердің кеңесі бойынша жедел жәрдем шақырдық. Бірақ жедел жәрдем бізге баяу қызмет көрсетті. 1 сағат 20 минут кешігіп келгенін былай қойғанда, ауруханаға апарар жолда да ақырын жүріп, бүкіл бағдаршамға тоқтап 21:23 сағатта шақырған жедел жәрдеммен сағат 23:23-те қалалық №3 көпбейнді балалар ауруханасына әзер жеттік. Ол аздай, қарайтын дәрігердің қабылдауын күтіп тағы жарты сағаттан артық отырдық. Қайта-қайта құсқан бала үсті-басымды малмандай қып құсыққа шылап тастады.

Содан не керек, сараптамаларын алып, палатаға жатқанша бірер сағат өтті. Науқастың көптігінен ауруханада жатар орын да қалмаған екен, дәрігерлер бізді өздері жатып жүрген кабинетке түнетті. Сол жерде 4 құты сұйықтық әкеліп, система салды. «Қуаттандыратын, бала денесінің сусыздануының алдын алатын сұйықтық» деп түсіндірді. 8 сағатта әзер таусылған сол системадан кейін балам аунап тұрғандай жазылды да кетті. Бірақ сол күннен бастап балама ешқандай ем қолданбай, 3 күн жатқызып қойды. Қайнаған су ішіп, емхананың ботқасын жеп үш күн жаттық. Не істеп жатырмыз? Енді ем жасамасаңыздар біз үйімізге қайтайық десек, «анализ шыққан жоқ» деп жібермейді. Баланың құйрығынан алатын Д группаның (патологиялық филораның) сараптамасы 4 күнде шығады дейді дәрігерлер. Ол анализдің өзін қабылдаған дәрігерлер бір рет, жатқан палатамыз бір рет алды. «2 рет алып не керек, біреуі де жетпей ме?» десем, «Жоқ, бізде тәртіп солай» дейді. Демек, бір анализге екі рет ақша төленеді деген сөз бұл. Бұл жағдай бізді біраз ойға салды.

Еліміздің бас қаласында әдеттегі бір анализ 4 күнде шықса, басқа аймақ, ауылдарда қанша күнде шығады? Ол шықпай ешқандай ем жасамаса, баланың сырқаты асқынып кетпей ме? Немесе жұқпалы вирус болса, 4 күнге дейін төңірегіндегі балаларға жұқтырмай ма? Сараптама дұрыс шықпаса, 4 күннен кейін жасалған ем кеш болмай ма? Адам емдеудегі ең негізгі екі түйін дұрыс анализ қою мен уақыт емес пе?! Дәрігерлер мұны бізден жақсы біледі, біле тұрып істеп жүргендері анау. Бұл жерде науқастардың уақытымен қатар, қаншама қаражат кетіп жатыр?! Тегін емдеу дегенмен, оның да сұрауы бар ғой.

Мен осы мәселені Facebook әлеуметтік желісіне салып едім, желі қолданушылар «Қазір емханадан гөрі жеке доғдырлар жақсы ғой. Бәрі тез», «Астанада дәрігерге көрінгенше жазылып кетесің, өткенде мен 5 күн барып дәрігерге қарала алмай, 6-күні таңертең кезегім келіп барайын десем жазылып кетіппін», «Ауырып больницаға барсаң, анализдің нәтижесі шыққанша ауруың да жазылып болады, әрі-бері сарсаңға түсіп діңкең құрып бітеді» деген мазмұндағы пікірді қараша боратты. Міне, бұл да біздің емдеу саласындағы мәселенің бір көрінісі екенінде талас жоқ.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button