ӘлеуметБасты ақпарат

«Нұрлы жүрек» шуағы



 Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы әртүрлі формадағы эпилепсия, хромосомалық аурулар, аутизм, олигофрения, сөйлеудің ауыр бұзылуларымен және психикалық бұзылыстармен үйлескен церебралды сал ауруы бар, психикалық дамуы тежелген балаларға стационарлық және жартылай стационарда арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған. Орталық 1981 жылы стационарлық және жартылай стационарлық 3 жастан 18 жасқа дейінгі «Ақыл-есі кем балаларға арналған балалар үйі» болып ашылған еді.

«Мекеме жұмысының басты мақсаты – баланың қоғамға бейімделуіне, әлеуметтенуіне, потенциалды дамуына қолайлы, жан-жақты жағдай жасау. Оңалту және дене бітімінің кемшілігін емдеу, қалпына келтіру, түзету арқылы ерекше балалар қоғамға белсене араласа алады. Ол үшін барынша мүмкіндік жасалған. Мұндағы сенсорлық бөлмелер, Монтессори бөлмелері, тігін, ағаш ұстасы, слесарлық шеберханалар, лекотека, СБО бөлмелері, компьютерлік сыныптар, ойын лабиринттер жиынтығы, ЛФК кабинеттері, физиотерапия мен галотерапия кабинеті (тұз шахтасы) қазіргі техникалық жабдықтармен жабдықталған. Мекеме аумағындағы заманауи ашық спорт алаңдары, вандалға қарсы ойын кешендері, футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары балалардың игілігінде» дейді «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Нұрбол Зұлқарнаев.

Үш корпустан тұратын орталықтың бірі елорданың Манас көшесі, 19 мекенжайында орналасқан. №1 ғимаратта тұрақты тұратын стационарлық бөлімнің тәрбиеленушілері орналасқан. Қазіргі уақытта онда 116 тәрбиеленуші бар. І.Жансүгіров, 12/5 мекенжайында орналасқан екі қабатты №2 ғимарат күндіз келіп-кететін 18 жасқа дейінгі балаларға арналып 2016 жылы ашылды. 2018 жылы жастар мен жасөспірімдерге арналған №3 ғимарат ашылды, мұнда кәсіпке дейінгі еңбекке дайындыққа баулиды. Мекеме тәрбиеленушілері жасына, жынысына және сырқат деңгейі­не сәйкес топтарға бөлінген. Топтардың нормаға сәйкес жинақталуы мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес. Бұл мекемеде арнайы 8 әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Оның бірі – әлеу­меттік-тұрмыстық қызмет. Тәрбиеленушілердің тамақтану сапасына күнделікті бақылау жүргізіледі. Тамақтану сапасы бойынша анонимді сауалнама жүргізіледі, оның нәтижесі бойынша ескертулер мен ұсыныстар басшыға жеткізіледі. Қызмет алушыларға тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге күнделікті бақылау жүргізіледі, атап айтқанда, кірді ауыстыру, оның жиілігі, жуу, үтіктеу және т. б. Медициналық қызмет аясында мекемедегі балаларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Емдеу, зертхана-­диагностика зерттеуі, сауықтыру және оңалту арқылы балалардың денсаулық жағдайын үнемі тексеріп, жылына екі рет кәсіби бақылаудан өткізеді. Медициналық қызметтен басқа, педагогикалық тұрғыдан көп жұмыс іске асады. Негізгі бағыты – балалардың бойындағы бастапқы және қайталама ауытқушылықты түзету, оңалтуға және әлеуметтік еңбекке бейімдеуге бағытталған емдеу-қалпына келтіру, түзету-педагогикалық жұмысты ұйымдастыру. Мекемеде балалардың еңбек дағдысын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Тігін, ағаш шеберханаларында балалар қарапайым еңбек етіп, ұжымда жұмыс істеуге машықтанып, өз еңбегінің нәтижесін көруге үйренеді. Бұл балаларды еңбекке баулу қызметі бойынша жүзеге асады. Орталықта ай сайын мәдени-бұқаралық және анимациялық бағдарламалар бойынша іс-шаралар өтіп тұрады. Сонымен қатар көшпелі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тәрбиеленушілер «Барыс» командасының хоккей ойындарына, сауда, ойын-сауық орталықтарына, мұражайларға, кинотеатрларға, боулинг орталығына, мұз сарайына және т. б.
орындарға жиі барады. Әлеу­меттік-экономикалық қызмет аясында мүгедек балаларға тиісті жеңілдік, жәрдемақы, өтемақы және басқа да төлемдерді алуға мекеменің білікті экономистері жәрдемдеседі. Әлеуметтік-құқықтық қызмет негізінде 2024 жылғы жағдай бойынша стационарлық бөлімшеде 116 тәрбиеленуші бар, оның ішінде 58 тәрбиеленуші – ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар (ата-ана болу құқығынан айырылғандықтан), жетімдер, бас тартқандар (ата-­анасын іздеу жүріп жатыр, Астана қаласының ІІД-не сұрау жіберілді). Мекеменің негізгі мақсаты – оларды отбасына қайтару арқылы стационарлық бөлімдегі балалардың санын азайту. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасынан тәрбиеленушілердің ата-анасын іздеу жүргізілуде.

Жетістіктер жайында айтатын болсақ, соңғы 10 жылда стационардағы балалар саны 160-тан 120-ға дейін азайды, бұл күндізгі келіп-кетіп жүрген балалардың санын 2006 жылы 25 баладан 2018 жылы 110 балаға дейін арттырды. 2016 жылы №2 ғимарат (18 жасқа дейінгі күндізгі бөлім), 2018 жылы №3 ғимарат ашылды (ұлдар мен жастарға арналған күндізгі бөлім). Нәтижесінде ата-аналардың науқас балалардан бас тартуы азайып, балалар отбасында қалды, ал ата-аналар жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Оқушылар қалалық, республикалық және халықаралық іс-шараларға белсенді қатысады. Ол – Speсial Olimpic, «Жұлдызай» және т. б. Соңғы 10 жылда Speсial Olimpic бағытында әртүрлі олимпиадалық спорт түрлерінен 115 алтын, 90 күміс және 95 қола медаль жеңіп алды.

Оңалтудың заманауи әдістері ең алдымен пациенттің жеке басына, жоғалған дағдыларды дамытуға бағытталған. Егер науқастың қабілетсіздігі оның сыртқы көмексіз жұмыс істеуіне мүмкіндік бермесе, онда оған мемлекет пен қоғам қамқорлық жасайды. Мұндай кешенді шаралар медициналық көмектің сапасын, әлеуметтік қызмет ету деңгейін арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартып, мүгедек бала тәрбиелеп отыр­ған отбасының ауыртпалығын азайтуға сеп болады.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button