Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Жарты ғасыр жұртқа қызмет



Жастар сарайы – жастардың рухани-мәдени дамуына және бұқара­лық спортпен айналысуға таптырмайтын орталық, оқудан тыс уақытта пайдалы дүниемен айналысып, бос уақытын тиімді өткізгісі келетін белсенді жастардың басын қосатын нысан. 1974 жылы негізі қаланған мәдени орталықта Целиноград, Ақмола және Астана қаласына тиесілі облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтеді.

Жарты ғасырлық тарихы бар мәдени-рухани орталыққа арнайы барып, құттықтап, шығармашылық ұжыммен кездесіп, атқарылып жатқан игілікті бастамалармен таныстық.

– Жастар сарайы – креативті кластерді ілгерілететін орын. Мұнда сурет галереялары, жастарға арналған коворкинг-орталықтар және перформансқа арналған аймақта жастар өз әлеуетін іске асырып, идеясы мен ұсынысын талқылайды, тәжірибе алмасады. Креативті жастарға арналған шығармашылық хаб саналады, – деді Жастар сарайының директоры Мәди Тайпин.

Мұнда 200-ден астам өнерпазы бар 14 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Елордалықтар түрлі ұлттың биін үйренгісі келсе, «Меруерт» заманауи би ансамблін, «Уақыт» би ­театрын, «Ровесник» халық би ансамблін, «Радуга» заманауи және эстрадалық би студиясын таңдай алады. Жасөспірімдер мен жастардың ән орындау қабілетін шыңдайтын «DoStar» вокал мектебіне, «Андерграунд» музыка студиясына, халық музыкалық аспаптарын үйрететін үйірмеге қызығатындар көп. Сондай-ақ «М-өнер» театр студиясына, «PrimaVera» сән және сұлулық студиясына, «Сириус» цирк өнері мектебіне, бейнелеу өнері шеберханасына және армрестлинг секциясына қатысып, өнердің сан түрін меңгеруге болады. «Жастар» скаут клубы талапты, талантты жастардың елге танылуына жағдай қалыптастырса, «Sharm models» модельдер мектебіне 40 жастан асқан адамдар бара алады.

– Жастар сарайы – мәдени-­демалыс, спорт-сауықтыру бағытын қамтитын көпфункция­лы кешен. Бұл мекемені құру идеясы тың игеру жылдарында пайда болған-ды. Сарайды жобалау және сәулет шешімдерімен сәулетші А.Полянскийдің тобы айналысты. 1974 жылы Жастар сарайы пайдалануға беріліп, 1975 жылы 20 наурызда таныстырылды. Сарайда балаларға, жастар мен ересектерге арналған мәдени-бұқаралық, ойын-сауық іс-шаралары: концерттер, музыкалық кештер, спектакльдер, көрмелер, презентациялар, білім беру және іскерлік кездесулер, семинарлар, ­премьералық көрсетілімдер, көркемөнер көрмелері, халықтың әлеуметтік осал топтарына және ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады, – деді орталық басшысы.

Мұндағы спорт кешеніне бассейн мен спорт зал кіреді. Онда спорт іс-шаралары өтіп, спорт секциялары жұмыс істейді және ересектер мен балаларға арналған жаттығулар өтеді.

– Біздің өнерпаздар рес­публикалық және халықаралық конкурстарда табысты өнер көрсетіп келеді. Мәселен, Алина Сағынбаева – «Жас қанат-2023» республикалық жас орындаушылар байқауының финалисі, «Liberta Creativa» халықаралық байқауының жеңімпазы, Египетте өткен «Қызыл теңіз жұлдызы» халық­аралық байқауының гран-при иегері. Дәмелі Біржанованың да жетістігі аз емес, ол «Бала дауысы», «Бозторғай», «Алтын микрофон» және «Шаттық» конкурс-фестивальдерінде өнерімен көпті тамсандырып, жоғары жетістікке жетті. Жас орындаушы Жасмина Түзелова елге біршама танылып үлгерді. «Айгөлек-2020» тележобасында жарқырай көрінді, әр жылдары өткен «Бала дауысы», «Аялаған Астана», «Шаттық» байқауларының жеңімпазы атанды. Тағы бір талантты шәкіртіміз Сағын Өмірбайұлы «Голос. Дети (Ресей)»-дің финалисі болды, – деп талантты шәкірттерімен таныстырды орталық басшысы.

Өнерлі жастарды баптап, бағын ашатын M-Art театр студиясында әртістердің бірнеше буыны тәрбиеленіп, одан кейін Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарында кәсіби білімін шыңдады. Қазір театр студиясының түлегі Александр Молочко Мәскеуде жұмыс істейді және сондағы университетте сахналық сөйлеуден сабақ береді. Орталықтың түлектері Мария Суворова мен Дмитрий Сучков кәсіби білім алып, Санкт-Петербургтегі театрда қызмет етеді. Мақсат Шайзақ есімді талант иесі «Шабыт» өнер университетінде білімін жетілдіріп, өнер саласында өзінің ізін қалдырды. M-Art театр студиясында жас таланттарды танып, бағын ашып жүрген Светлана Грабовская мен Анжелика Костареваның еңбегі ерен. Оларды әңгімеге тартып, 50 жылдықпен құттықтадық.

– Жастар сарайында 22 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мұнда 7 жастан бастап өнерлі балаларды қабылдап, актерлік шеберлік, сөйлеуді дамыту, тыныс алу және дауысты басқару, риторика, сахналық сурет бойынша жұмыс істейміз. Жыл сайын студия өнерпаздары Жастар сарайындағы қойылымдарға, спектакльдерге қатысып, өнерін шыңдайды. «M-Art» – Мәскеудегі «Art-лицей» театр фестивалінің гран-при иегері және лауреаты, қалалық, республикалық, халықаралық байқаулардың тұрақты қатысушысы және жүлдегері, – деді студияның бас режиссері Светлана Грабовская.

Жастар сарайына 50 жыл болса, 80 жылдан бері тың игеру аймағында қызмет ететін ұжым бар. Ол – «Ровесник» халық би ансамблі. 1944 жылы құрылған ансамбль бастапқы кезде Теміржолшылар сара­йына қарады. Бірнеше буынды тәрбиелеп, шәкірттерінің қалалық, рес­публикалық және халықаралық байқауларда көрінуіне жағдай жасады. Ұзақ жыл ансамбльді басқарған Елена Рахматулина жақсы дәстүр қалыптастырды. Қазір Татьяна Скнарина жастарды өнерге баулумен қатар, ұйымдастырушы қызметін қоса атқарады. Ал хореограф болып Гузелия Сторчакова жұмыс істейді.

Мекеме басшысы Мәди Тайпинмен бірге «Меруерт» заманауи би ансамбліне, «Радуга» заманауи және эстрадалық би студиясына, «Время» би театрына арнайы бардық. Екі өнер ұжымы да жастарды әр ұлттың биіне баулиды екен. Біз ұлттық биден сабақ өтіп жатқанда үстінен түстік.

Бейнелеу өнері шеберханасы-студиясының жетекшісі Татьяна Табашникова бейнелеу өнері арқылы жастарды эстетикалық талғамды қалыптастыруға, шығармашылық қабілетін іске асыруға, көркем­дік көзқарас пен мәдениетті тәрбиелеуге және дамытуға ықпал ететінін сөз етті.

«DoStar» вокал мектебінде жасөспірімдерге сахна мәдениетін үйретіп, орындау қабілетін арттырады екен. Бізді қарсы алған өнер ұжымының жетекшісі Гүлмира Сейітова ақжарқын, ашық адам екен.

– 7 жастан бастап қабылдаймыз. Жас ұрпақты музыкалық және эстетикалық тәрбиелеуге мән береміз. Біздің шәкірттер – республикалық және халық­аралық вокалдық байқаулардың жүлдегерлері, – деп мақтанышын білдірді ол.

«Underground music studio» гитара, домбыра, барабан, пернелі аспаптарда, ал халық музыкалық аспаптары орта­лығы домбыра, жетіген, прима-қобыз, қылқобызда ойнауды үйретеді екен.

– Орталыққа 18 жастан бастап қабылдаймыз. Ағашты қиып кесу, көркем жапсырма ою техникасын үйретеміз. Жалпы әрбір ағаш кескіні сөйлеп тұрады. Оны рухани сезініп, ағаштың иірімін тауып, өнер туындысын шығаруға болады. Өнер түрін жақсы меңгерген шәкірттерімнің арасында туындыларын нарыққа шығарып, сататындары да бар. Яғни өнерді бизнеске ұластыруға мүмкіндік мол, – деді ағаш ою шебері Андрей Сердюков.

P.S: 1999 жылы Астанада еркін күрестен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп, елдің түкпір-түкпірінен балуандар келген-ді. Солардың арасында біз де болып, Жастар сарайындағы залда жарысқа түскен едік. Бұл орталық біздің ғана емес, бізге дейінгі, бізден кейінгі талай буынның өнер және спорт саласында бабын сынады. Сондықтан көпке таныс әрі ыстық орталық екені анық.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button