Басты ақпаратЖаңалықтар

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ГОНКОНГ АРНАЙЫ ӘКІМШІЛІК АУДАНЫНЫҢ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ ДЖОН ЦАНГПЕН КЕЗДЕСТІ



e68595d898e446c9fe92e8ebd8fe798b

Кездесуде «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру барысындағы өзара іс-қимыл мәселелері жан-жақты талқыланды.

Мемлекет басшысы сапардың жоғары маңыздылығын, сондай-ақ Гонконгтың қаржы, инновация және технология салаларындағы тәжірибесінің құндылығын атап өтті.

– Гонконг әлемдік жетекші қаржы орталықтарының бірі болғандықтан, сіздердің тәжірибелеріңіз бізге аса қажет. Қазіргі уақытта біз қалыптасу кезеңін бастан өткерудеміз. Жалпы, өзара іс-қимылымыз Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастың аясында ілгерілеп келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Д.Цанг Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс айтып, бұған дейінгі өткен келіссөздердің табысты болғанын атап өтті.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы берік серіктестік байланыстар ынтымақтастығымыздың негізі болып саналады. Делегациямыздың құрамында 20-ға жуық іскер топ өкілі бар. Біз Қазақстан тарапымен жемісті келіссөздер жүргізіп, оның барысында талқыланған күн тәртібіндегі барлық мәселелер жөнінде өзара түсіністікке қол жеткізе білдік, – деді Д.Цанг.

Бұдан бөлек, Гонконгтың қаржы министрі Назарбаев университетінің студенттерімен әңгімелесуден зор әсер алғанын атап өтті.

Соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Д.Цанг Қазақстан мен Гонконгтың одан әрі ынтымақтастығы табысты болатынына сенім білдірді.

akorda.kz




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button