Басты ақпаратРуханият

Өлеңімен ұлтын өрге сүйреген



ХІХ ғасырда Ресейде Ақпан төңкерісінен басталған саяси тұрақсыздық Қазан төңкерісіне ұласты. Осы кезеңде саяси еркіндікке ұмтылған ұлттар ілім-білімге көңіл аударып, бөлек ірге тігіп, өз алдына ел болуды ойлады. Мұндай асқақ та арманшыл сарын ағартушы-демократ, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэзиясында молынан кездеседі. Ол өзі өмір сүрген уақытта поэтикалық қуатымен ерекшеленіп, қазақ қоғамын өлеңімен өрге сүйреуге ұмтылды.

Ақынның 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. «Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады», тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады.

Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-­әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойынсұнбай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді.

Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, очерк, әдеби-­сын мақала жазды. «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романы және «Таныстыру», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» ­поэмасы қазақ әдебиетіне тың туынды ретінде қосылды.

Қаламгер ретінде поэма жанрын жаңа арнаға бұрып, дамытты. Ақын өз поэмасында өмірдегі сан түрлі мәселені кеңінен қамтып, өршіл ой-­түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы – «Таныстыруда» Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовты таныстырып, олардың «бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай» екенін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбегін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкәрімді ерекше атап көрсетеді.

«Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларының негізгі сарыны – қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу. «Адасқан өмірде» ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Ал «Кедей» поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. «Айтыс» поэмасы толық аяқталмаған, онда С.Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді.

«Қазаққа ілгерілеу керек болса, мұны аз қалыпта қалдыр­май, көбірек тұрсын, бәріне таныс жетілген жұрттардың қатарына қосу керек; олармен бірге адам баласының жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табу керек, іздесіп атсалысу керек… Бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу керек» деп жыр сұлтаны Сұлтанмахмұт өзі айтқандай, оның шығармашылық әлемі қазақ ұлтының рухани мәдениеті жоғары болуына ерекше көңіл бөлген, сол жолда еңбек етті.

Сұлтанмахмұт – өз заманының рухын мейлінше кең көрсете білген классик ақын, қазақ классикалық поэзиясының ардақты өкілі. Біз ұлы ақынның есіміне бас иеміз. Осындай дана ақынымыз болғанына мақтанамыз. Азамат ақын қазақ халқының бақытты, мәдениетті ел болуын өмірлік арман етіп еді. Сол үшін де ол өзіне «қараңғылықтың көгіне күн болмағанда, кім болам?» деп өршіл мақсат қойған болатын

Шындықты іздеу жолында талант иесі әлеуметтік-саяси, философиялық әдебиетпен таныса бастайды, жалпы күрес алаңындағы өз орнын табу үшін заманның күрделі мәселесін шешу керек. Оптимизм мен Отан болашағына деген сенімге толы шығармаларды Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірінің соңғы жылында, ауыр індетке шалдыққанда жазды.

Ақынның «Адасқан өмір» пайымдауы бойынша жарық дүниеде себепсіз жарала салған, жоқтан бар болған ештеңе жоқ. Поэма 5 тараудан тұрады: «Мен – бала», «Мен – жігіт», «Мен – тоқтадым», «Мен – кәрі», «Мен – өлік». Ақынның ойынша, адамға туғанынан бастап адамгершілік, тазалық, таза ой тән. Мұндайда бәрі тең: бай да, кедей де, христиан да, мұсылман да. Адам табиғаты бойынша мейірімді және рақымды, оның бойында керемет қасиеттер көп, алайда бұл оның «дәстүр, құдай, хан және алтын» билігіне түскенге дейін жалғасады. Бұл қазақ ақыны Сұлтанмахмұт қана емес, жалпы адамзат ұлы гуманистерінің арманы болғанын кім бекер дей алады? Адамзат қоғамының, елдер мен халықтардың тарихы – олардың басынан кешкен үлкенді-кішілі оқиғалардың жай тізбегі емес, әділдік пен озбырлықтың, адалдық пен арамдықтың күрес тарихы. Озық ойлы, ақ ниетті адамдар, Сұлтанмахмұт суреттегендей, жайлы қоғамды аңсаған. Замандастарын сондай қоғам құруға жан сала шақырған. Бұл жолдың сайрап жатқан даңғыл жол болмағаны, ол жолға түскендердің көп қарсылыққа кездесіп, көп адасқаны белгілі.

Кезінде көп адамға дұрыс көрінген қоғамдық құрылыс, оның заңдары уақыт талабына жауап бере алмай мансұқ етілген де, басқа бір қоғамдық құрылыс, басқа бір заңдармен ауысқан. Өз заманын талмай таразылаған ғұламалар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері жаңа идеялар ұсынған. Олардың ой-пікірі миллиондардың санасын билеп, әркімнің өз ойы, өз пікірі болып материалдық күшке айналған.

Халықтың жаппай толқу, көтерілісі билеушілердің біреуін лақтырып, олардың орнына басқасын отырғызған. Бір ғажабы, «бұл күнде адасудан көз ашпадым» деп Сұлтанмахмұт айтқандай, адамзат қоғамы қаншама көп ізденсе, соншама көп адасуды бастан кешкен.

Сұлтанмахмұт поэзиясы – ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебі. Шынайы ақындарымыздың бәрі де мың бейнелі классиктердің ізбасары екені де даусыз. Қайталама басылымы қарымсыз әрі тым сирек, насихатталуы да мардымсыз, зерттелуі ауыз жарытпастай аз болса да, Сұлтанмахмұт мұрасына деген халық құштарлығы қашанда биік!

«Жұрттың бақытты болуына себін тигізген адам ғана бақытты адам» депті Дени Дидро. Олай болса бар өмірін, күш-қайратын, ой-санасын, ақылын, бүкіл талант дүниесі жалынын ақтық демі сөнгенше ел-жұртының бақытты болу жолына себін тигізуге жұмсаған Сұлтанмахмұт тірлігінде қандай бақытты болған десек, енді бүгінде де, жарқыраған асыл поэзиясы да бүкіл табиғатымен бақытты. Ақын поэзиясы – өте өміршең поэзия.

Сұлтанмахмұт егеменді еліміздің тәуелсіздігі, тіл теңдігі, төл өнеркәсіп, ұлттық қорғаныс тәрізді аса ірі және көкейкесті мәселелерді сол кезде-ақ – 1919 жылы қозғап, тамаша жырлағанын көреміз. 27 жасында дерт меңдеп, тағдыр кермесіне ілінген ақын! «Тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын» деп «Айтысты» тәмамдай алмағанын зор өкініш етіпті.

Асылында, Сұлтанмахмұттың жарыққа шықпаған көптеген шығармасы Алаш қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытов, Қабыш Бердалин қолында болып, баспадан шығаруға дайындағаны туралы ақпарат бар. Бірақ саяси қуғын-сүргін, ашаршылық аласапыранында Сұлтанмахмұт шығармаларын түгендемек түгіл, өз басын сақтау қиынның қияметі болды.

Сұлтанмахмұттан зор әдеби мұра қалды. Бұл – халқымызға қалдырған ақын аманаты. Сол мұраны қадірлей білуіміз, оның алтын нәрін ала білуіміз керек. Шығармалары халықтың рухани өміріне терең қабысқан ақын мұралары әрбір оқушыға қымбат. Сұлтанмахмұтқа берілген ең үлкен баға да осы. Мұндай сүйіспеншілікке әдебиеттің асқан алыптары ғана ие бола алады

Торайғыровтану ілімінің негізін Жүсіпбек Аймауытов қалады. Расында, 1933 жылы ақын жинағын Жүсіпбек Аймауытов баспаға дайындады.

«Сұлтанмахмұт өлген соң оның шығармаларын 10 жыл бойы жинап-теріп, баспаға әзірлеп, өмір тарихын жазған Ж.Аймауытовтың еңбегі айрықша. Жүсіпбек болмаса, С.Торайғыровтың толық жинағының шығуы, оның толық өмір тарихын білуіміз неғайбыл еді» дейді Қайым Мұхамедханов.

Көпшілік біле бермейтін мына бір жайға да тоқталғымыз келеді. 1920 жылғы 19 мамырда төсек тартып жатқан ақынның көңілін сұрай Жүсіпбек Аймауытов келеді. Бұл кезде ол Семгубревком мүшесі еді. Павлодарға жүрерде оған РК (б) П губбюросының және губ­аткомның төрағасы Гавриил Васильевич Жигирев Ақбеттаудағы Сұлтанмахмұттың хал-жайын егжей-тегжейлі біліп келуді тапсырады. Жигирев ақынды 5-армияның алдыңғы бөлімдері 1919 жылы 1 желтоқсанда Павлодарды азат еткен кезден білетін. Қыр қазақтары атынан Қызыл армияны құттықтай келген ақынмен жақын танысып, ұзақ пікірлескен еді. Енді Жигирев оны партия-кеңес жұмысына қатыстыруға құштар болды. Бірақ ақынның меңдеп қалған ауруы Жүсіпбекті ол ойынан қайтарады.

Ертеңіне, 20 мамырда сәскеде ақынның жазылуын тілеп аттанып кетеді. Сұлтанмахмұт «Мен аурумын, жазылуым екіталай. Енді сен өкіметсің. Мыналарды кітап қылып шығар!» деп, даяр тұрған қолжазбаларын беріп жібереді. Осы кезде Қазаткомның саяси хатшысы Смағұл Сәдуақасов Омбы арқылы Семейге келген болатын. Ондағы мақсаты Семей губерниясын Батыс Сібір басқарушылығынан Қазақстан қарамағына қабылдауды іске асыру еді. Жүсіпбек қолындағы Сұлтанмахмұт шығармаларының біразын Сәдуақасовқа беріп, жеке кітап етіп бастыруды өтінеді. Сәдуақасов Орынборға келісімен Қазанда қазақша кітап бастырып шығарумен айналысатын Бернияз Күлеевке тапсырады. Осылайша, 1922 жылы «Адасқан өмір» жарық көреді. Жүсіпбектен кейін Сұлтанмахмұт шығармаларын жинаушы Мұхтар Әуезов болды. Ол ақынның «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдары мен қырықтан астам өлеңдерінің көшірме қолжазбасын сақтап келген. Сонымен бірге Мұқаң өз қолындағы ақын өлеңдерінің кейбірін (мысалы, «Тұрмысқа», «Налет бұлты шатырлап», «Гүл») «Таң» журналының 1925 жылғы 2-3-нөмірлерінде басып та шығарды.

Жүсіпбек пен Мұхтар Сұлтанмахмұт рухы алдындағы інілік парызын қалтқысыз орындады. «Екеуі» деген лақап есіммен «Абай» журналының 1918 жылғы 5-нөмірінде «Абайдан соңғы ақындар» атты мақала жариялап, онда Сұлтанмахмұтты адам сезіміне ерекше әсер ететін сыршыл ақын деп бағалады. Сұлтанмахмұт шығармаларының біразы Шернияздан Ыдырыс Қажыұлы Аймановтың қолында болған. Сұлтанмахмұттан тоғыз жас үлкен, бай Шернияз­дан әрлі-бері қашып көшіп жүргенде, Сұлтанмахмұт пен Мәшһүр Жүсіптің қағаздары салынған шабаданды Тарбағатайда біреуге қалдырып жоғалтқан. Сұлтанмахмұттың біраз өлең қағаздары ақын қайтыс болған күні Шайбай Аппасұлы (Ғаббас) Аймановтың (1894-1971 жж.) қолына түседі. Өлікті оң жаққа қойған кезде Шайбай Сұлтанмахмұт төсегінің, киіздің астынан буда-буда қағаздарды жинап алады. Бұлардың да тағдыры белгісіз. Өйткені кезінде «Алаш» партиясының мүшесі болып, оның семейлік съездеріне қатысқан Шайбайдың өз басы саудаға түсіп, ештеңеге ие бола алмайды. Сұлтанмахмұт өлеңдерін жаттап алып, ойын-­тойларда айтып жүретіндер де аз болмаған. Солардың бірі – Кенжетай Айманов. Ол «Шұбар қожа», «Анау-мынау», «Мұның аты өш алу», «Ақ сәуле күміс жүзді, құндыз қабақ» сияқты Сұлтанмахмұт өлеңдерін әнге салып, тыңдаушыларын тамсандырған. Ақын аталастарының бірі Қарағыздың Әшімі де көп өлеңді жатқа біліп, әдемі дауысымен әндеткен. Сұлтанмахмұттың «Шоқаңа» (ақын жинақтарында бұл өлеңге тыңнан ат беріліп, «Шығамын тірі болсам адам болып» делініп жүр) деген әкесіне Троицкіден жазған хатындағы өлеңін, сондай-ақ «Бақыт», «Жас жүрек», «Аһ, дүние!» өлеңдерін де әнге қосқан. Жалпы кезінде Сұлтанмахмұттың 30-ға тарта өлеңі әнге айналған екен. Ақынды даттау науқаны тұсында айтылмай қалғандықтан, кейін ұмыт болған. Шайбай Аппасұлы, Мәшһүр Жүсіп те Сұлтанмахмұттың өзіне ұнаған өлеңдерін жазып алып жүрген. Бұлардың Сұлтанмахмұттан жазып алғандары да Шерниязданның Тарбағатайда қалдырған сары шабаданының ішінде кетіпті.

Сұлтанмахмұт шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінез бен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді.

«Айқап» журналында жұмыс істеген жылдары (1913-1914 жж.) С.Торайғыров, өлең мен әңгімеден бөлек, сыни мақалалар жазып («Қазақтың өлең жинақтары жайлы», «Әндер мен оны орындаушылар», «Қазақтарды оқыту жүйесі»), оқыту жүйесін жетілдіруді көтереді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров­тың ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суретіне негізделген, оның тенденциясы да сыншыл. «Шәкірт ойы» өлеңінде:

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда, кім болам? – деп жырлаған ақынның, шын мәнінде, бүгінде қазақ аспанындағы рухани сәуле шашып тұратын ең жарық күннің бірі болып мәңгілікке қалғанына ешкімнің де таласы жоқ екені анық.

Сұлтанмахмұт – өз заманының рухын мейлінше кең көрсете білген классик ақын, қазақ классикалық поэзиясының ардақты өкілі. Біз ұлы ақынның есіміне бас иеміз. Осындай дана ақынымыз болғанына мақтанамыз. Азамат ақын қазақ халқының бақытты, мәдениетті ел болуын өмірлік арман етіп еді. Сол үшін де ол өзіне «қараңғылықтың көгіне күн болмағанда, кім болам?» деп өршіл мақсат қойған болатын. Халықтың ғазиз ұлының сол арманы қазір орындалды. Қазақ халқы мәдениетті, азат ел болды.

Сұлтанмахмұттан зор әдеби мұра қалды. Бұл – халқымызға қалдырған ақын аманаты. Сол мұраны қадірлей білуіміз, оның алтын нәрін ала білуіміз керек. Шығармалары халықтың рухани өміріне терең қабысқан ақын мұралары әрбір оқушыға қымбат. Сұлтанмахмұтқа берілген ең үлкен баға да осы. Мұндай сүйіспеншілікке әдебиеттің асқан алыптары ғана ие бола алады.

Айман ЗЕЙНУЛИНА,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button