Руханият

Өмірдің тосын сыйы



Жыл сайын туған күніме сый ретінде әкем маған «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» әнін домбырамен сүйе­мелдеп орындап береді. Атым ­Фариза болғандықтан ғана емес. Мұның мен үшін де, аяулы әкетайым үшін де айрықша бір қастерлі сыры бар. Өйткені менің атымды даңқты ақын Фариза Оңғарсынованың өзі қойған. Тіпті өмірге әлі келмеген кезімде. Қалай дейсіз ғой? Бұл – біздің әулеттің шежіресінде алтын әріптермен жазылатын қызықты оқиға.

Әкемнің аты – Амангелді. Кәсіби өнерпаз емес. Құқық саласының маманы. Бірақ музыкалық аспаптарды тәуір тартады, ән айтқанды жанындай жақсы көреді. Сол себепті, туған жері – Қарақалпақстанның Хожейлісінен Қазақстанның кіндік қаласына білім іздеп барып, Қазақ гуманитарлық заң университетінде оқыған шағында студенттердің шығармашылық үйірмесіне белсене қатысады. 2003 жылы Конгресс-холл сарайында Мұқағали Мақатаевтың туған күніне байланысты өткен кешке өнерлі курстастарымен бірге атсалысып, сахналық қойылымның соңында ақиық ақынның атақты өлеңіне композитор Әбиірбек Тінәлиев шығарған әнді тебірене шырқайды. Себебі залдың ішінде, алдыңғы қатарда туындының кейіпкері – Фариза Оңғарсынованың өзі отырған болатын. Ол әкемнің орындауындағы әнді ерекше ықыласпен тыңдапты.

Кеш аяқталған соң, Фариза апа әкемді жанына шақырып: «Айту мәнерің өзгеше екен. Қай жердің тумасысың?» деп сұрайды. Сонда ǝкем: «Қарақалпақстаннан боламын» деп жауап берген. «Сонау шалғайдағы жұрттан келіп, мына ǝнді орындап бергеніңе шексіз ризамын. Өзің үйленгенсің бе?» дейді. «Жоқ, апа, бойдақпын. Оқуымды бітіріп алайын деп жүрмін» деп уәжін айтады әкем. Ақын: «Құдай қаласа, шаңырақ көтеріп, қыз­ды боласың, есімін «Фариза» қоярсың!» деп сол жерде ақ батасын беріпті. Арада көп ұзамай,  ǝкем отбасын құрып, бірінші перзенті – мен дүниеге келіппін. Үйдің іші есім таңдап ǝуре болып жатқанда: «Бұл баламызға Фариза апам өз атын қоюды аманаттаған!» деп, әкем мәселенің түйі­нін тарқатқан екен. Мұны менің дүние есігін ашқан сәтімдегі ең алғашқы тосын сый деп білемін.

Фариза апаның әкемнен естіген, осы уақытқа дейін жария етілмеген тағы бір сөзін айтайын. Ол: «Бұйырса, қызың әдебиетке жақын, сөздің қадірін білетін жан болып өседі» депті. Биыл өз жүрек қалауыммен Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетіне «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түстім. Әкем сол кезде ғана маған ақынның әлгі болжалын айтып берді. Ендігі мақсат – үмітті ақтау. Қолыма қалам ұстап, өлең ұйқастыратыным бар. Арасында мақала да жазамын. Тобымда бірге оқитын достарым да осы өңірдің тумасы – әйгілі ақын Төлеген Айбергеновтің, сондай-ақ Мұқағали мен Фаризаның жырларын жатқа оқиды. Біз Қазақстаннан жырақта туып-өссек те, аралас-құралас тіршілік кешіп жатқан туыстас қарақалпақ, түрікмен, өзбек әдебиетінен сусындай жүріп, өз ұлтымыздың сөз өнерін қадірлей білетін ұрпақ боп жетілгіміз келеді.

Адам баласы бұл дүниеге сауапты істер жасау, айналаға жарық тарату мен мейірім төгу, соңында жарқын із қалдыру үшін келеді деп ойлаймын. «Батаменен ел көгереді» дейді. Әкем содан қуаттанып, қанаттанып келеді. Менің есімім зор жауапкершілік жүктейді. Өзімді әрдайым Фариза апаның саясында жүргендей сезінемін. Оның терең мағыналы жырларын әсем Астананың төрінде тұрып оқитын күнді аңсаймын.

Фариза ПУХАРБАЕВА, Бердақ атындағы Қарақалпақ

мемлекеттік университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button