Басты ақпаратҚоғам

Өңірлік газеттердің өрісі кеңейе ме?



Екі күн бойы елордада өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті. Алқалы жиында өңірлік газеттердің дамуына қатысты жағымды жаңалықтар айтылды. Қазір ел-жұрт елеңдеп отырған «Масс-медиа туралы» заңның жобасына қатысты да ақпарат биік мінбеден жарияланды. Өзіміз сүйіншілеп, форумда айтылған бірнеше жаңалықты әлеуметтік желі арқылы жалпақ жұртқа жайдық. Соларды рет-ретімен баяндайық.

Жалған ақпаратқа жол жоқ!

Жиынға қатысып, сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов қазіргі заманда кез келген ақпараттың анық-қанығын ажыратып, шынайы мәліметті елге жеткізе білу аса маңызды екенін айтты. «Газеттер тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін негізгі ақпарат құралы екені сөзсіз. Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген даналық сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Басылымдардың жыл сайын көбейіп келе жатқаны – осыған дәлел. Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде олардың саны 5 мыңнан асты. Оның 70 пайызға жуығы – баспа басылымдары. Бұл – медиа саласының даму әлеуетінің ұлғайғаны мен болашағының зор екендігіне тағы бір дәлел» деді ол.

Алтай Көлгінов өңірлік мерзімді басылымдардың оқырман саны мен таралымын көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, оқырманға уақытында жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытындағы мәселелерді тиімді шешу жолдарын құзырлы министрлік жергілікті әкімдіктермен бірге пысықтау қажеттігін айтты. «Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірге өңірлік баспа БАҚ-тардың дамуына үнемі қолдау көрсетеді. Алайда, аталған саланың алдында бірқатар сын-қатерлер мен жүйелі мәселелер тұр. Соның бірі – дамудың негізгі трендтерін анықтау. Бұл жерде министрлік мүдделі органдармен бірге өңірлік басылымдарды қолдаудың ұзақмерзімдік стратегиясы мен нақты тетіктерін әзірлеуге тиіс» деді Премьер-министрдің орынбасары. Ол отандық медиа кеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталып, алуан түрлі онлайн-платформалар мен мессенджерлер интернет пайдаланушыларға қажетті ақпаратты жедел табуға мүмкіндік туғыз­ғанын тілге тиек етті. «Ақпарат ғасырында жалған ақпараттың да саны артты. Сондықтан, мұндай кезде біз шынайылық, мазмұндылық, объективтілік сияқты қағидаттарды берік ұстанатын дәстүрлі БАҚ-тардың жариялайтын ақпаратына сүйенеміз. Осы орайда өңірлердегі газет-журналдарға мүмкіндігінше көбірек көңіл бөлуіміз керек. Баспасөз көркем әдебиетпен қатар адамның бала кезінен бастап оқуға деген сүйіспеншілігін ұлғайтады. Ал оқитын ұлттың мәдениеті кез келген елдің интеллектуалдық кодын қалыптастырады» деп сөзін түйіндеді А.Көлгінов.

Жаңа заң биыл қабылданады!

Бұдан кейін мінбеден сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлік басылымдардың өзекті мәселелерін шешуде алға қойған бірқатар мақсат-міндеттерді тізбелеп, отандық журналистикаға қатысты бірқатар жаңалықтарды жариялады.

«Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқыр­мандар ақпаратты негізінен, интернет-ресурстардан алатыны белгілі. Соның салдарынан көптеген басылымдардың жұмысы тоқтады немесе таралымы күрт азайды. Әсіресе пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп кетті. Мысалы, аудандарда 159 газет жекеменшікке өткен. Бұл – жаһандық көлемдегі мәселе. Мысалы, АҚШ-та 2005 жылдан бері 2500 газет, Ұлыбританияда 200-ден астам газет жабылды. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына бірдей қолдау көрсетуге әзірміз. Елімізде жабылған газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық қоғамдық даму институты медиа саласындағы осындай мәселелерді кешенді түрде талдап, нақты қорытындылар шығаруға тиіс. Біз қандай шешім қабылдасақ та, ғылыми негізге сүйенгеніміз жөн» деді министр.

Д.Қыдырәлі өңірлік басылымдардың ең өзекті мәселелері қалай шешілетініне өз баяндамасында кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелері қайта қаралады, БАҚ-тарға берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптары жеңілдейді. Нақтырақ айтқанда, тарифтер ұлғаяды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өңірлік басылымдардың сайттарын жасау­ға және жетілдіруге көмектеседі. Қазақстандық қоғамдық даму институтының базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту бағытында шеберлік дәріс­тері өткізіледі. Газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастырылады. Өңірлік басылымдардың қызметкерлері «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде, «Қазконтентте» біліктілігін шыңдайды. Өңірлік БАҚ-тарда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесі жалғасады. Шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистер үлкен басылымдарға жұмысқа шақырылады.

Құзырлы министрлік басшысы аймақтық басылымдарды аралау барысында кейбір аудандық газеттердің әлі сайтын ашпағанын, кейбір басылымдар аз таралыммен онлайн-нұсқаларын дамытып отырғанын мысалға келтірді. Әсіресе, жазылым, жарнама, тарату сияқты өзекті мәселелерді оң шешкен Қызылорда облысындағы 7,5 мың оқырманы «Жаңақорған тынысы» газетін, «Сыр Медиа» ЖШС-нің тәжірибесін тілге тиек етті. Ол журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң биыл қабылданатынын мәлімдеді. Қазір қоғамда ашық талқыланып жатқан осы заң жобасында журналистердің «Отбасы банктен» жеңілдікпен пәтер алуы мен аурухана қызметін пайдаланғанда жеңілдіктер алу секілді ұсыныстар бар. «Журналистің сауалын жауапсыз қалдырған мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылады! Журналистің «Пресса» деген жазуы бар автокөлігін кез келген жерге қоюына немесе кез келген мекемеге кіруіне ыңғайлы жағдайлар жасау қарастырылған» деді Дархан Қыдырәлі. «Газет –тілдің өрісі. Басылым тіл құнарлығын сақтап, оқу мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан интеллектуалды журналистиканы дамытуға мүдделіміз. Біздің жиын жыл басындағы кеңесу, алдағы бағыт-бағдарды бағамдау болмақ. Сондықтан бұл басқосу тұрақты негізде өтіп тұрады деген сенімдеміз» деп сөзін түйіндеді министр.

Форумның ашық алаңында негізінен, облыстық, аудандық деңгейдегі газеттер­дің жай-күйі талқыға салынды. Жыл сайын таралымы азайған газеттер қазір кадр тапшылығы, жалақының аздығы, газетке «күштеп» жаздыру, газетті оқырманға тарату секілді күрделі проблемалармен бетпе-бет келіп отырғаны ашық айтылып, озық тәжірибелер ортаға салынды. Мәселен, Қызылордадағы «Сыр Медиа» холдингі – өз баспаханасы, басылымдарды тарату мен жеткізу жүйесі бар еліміздегі жалғыз трансформацияланған ұжым. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстағы 5000 студентті әкімдік есебінен газетке жаздыру туралы ұсынысты қолдап, ізгілікті өнеге көрсетіпті!

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты:

«Ақпараттық технология дамыған сайын «Газет-журналдың керегі бар ма, бар болса оны дамытудың жолы қайсы?» деген сауал жиі алдымыздан шығады. Қазір оқырманды ақпараттық мақаламен таң қалдыра алмайсың, бұл ретте, өңірлік басылымдар ағартушылық және танымдық дүниелерді жариялау арқылы мәртебесін арттыра алады. Оқу мәдениетінен айырылған адам ойлау мәдениетінен айырылатынын естен шығармаған жөн».

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

«Газет сынайды, атқарушы билік немесе қоғамдық құрылымдар сол сыннан тиісінше қорытынды шығарады. Ақпаратты қанша адам оқиды, кім оқып жатыр? Зиялы қауым, билік өкілдері таңғы асын газет оқудан бастай ма? Журналистің жазған сараптамалық өнімін оқи ма, әлде көз жүгіртіп қана өте шыға ма? Қазір сол қалай жүріп жатыр. Қазақ баспасөзінде қалыптасқан дәстүр бар – мәдениетті сын, сындарлы (конструктивті) сын. Оған реакция, қорытынды қалай болып жатыр. Бұл – ойландыратын мәселе. Менің түсінігімде мемлекет деген сөздің атауы жүргеннен кейін, оның ар жағында мемлекетшілдік деген ұғым тұр. Бұл ұғымды көбінесе ауызмен айтамыз да, орындауға келген кезде жауапкершілігі аз сөздей болып кетеді. Кез келген азаматымыз мемлекетшіл ме, әсіресе мемлекетті құруға байланысты, мемлекетті қалыптастыруға байланысты қызметте жүрген азаматтар. Оның параметрі, өлшемі бар ма? Өлшемді кім қалыптастырады? Оны әрине, сіз бен біз қалыптастырамыз».

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры:

«Дәстүрлі БАҚ-тың өрісі күннен-күнге тарылып келе жатқаны жасырын емес. Кәсіби маман табу қиын, қазіргі заманға бейімделген, жаңа технологияның тілін біліп, жазуды да қатар алып жүретін қызметкерлер жоқтың қасы. Әрине, 10 қызметкердің орнына 5 білікті маманды жұмыспен қамту оңайырақ болар еді. Өкінішке қарай, әзірге бұл ойымыз жүзеге аспай тұр. Мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту керек. Сыр өңірінде өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржы біршама азайды. Мемлекеттік тапсырысты бөлудің өзі жылда кешіктіріледі. Газеттер үшін шаршы сантиметр құны барлық өңір үшін бір бағада болуға тиіс. Газет басу және тарату қызметін субсидиялау қажет. Республика көлемінде барлық санаттағы кітапханалар арқылы баспасөзге жаздыруды тұрақты міндетке алу, газетке жазылған студенттерді немесе оқушыларға жәрдем­ақша бөлу мәселесі шешілсе нұр үстіне нұр болар еді».

Ерболат МҰХМЕДЖАН, журналист:

«Қазір біршама басылымдар әкімдіктің қолдауынан шығып, нарыққа кетіп жатыр. Ол деген – бәсекенің ортасы, не өлесің, не тірі қаласың, нарық заңдылығы. Бірақ сол газетті жұрт оқи ма, оқымай ма деген сұрақ бар. Газеттегі материалдар қаншалықты құнды, қаншалықты талдау, шынайы зерттеулер бар. Мәселе осында. Меніңше, қазір газетке ешкімді де жазылуға міндеттеу дұрыс емес. Жазылатын адам өзі таңдау жасайды».

 


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button