Руханият

Ойыл оғланы



Сонау өткен ғасырдың 80-жылдарының бас кезі болатын. Қазақ телевизиясынан сол тұста аты дүркіреп тұрған Қазақстан КП Орталық Комитетінің органы – «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналына қызметке ауысып келгеніме көп бола қоймаған.

Бір күні Бас редакторымыз Мұқан Мамажанов редакция қызметкерлерін кабинетіне жинап, арамызға жаңадан келген қызметкерді таныстырды. Бастығымыздың қысқаша мәліметінен орта бойлы, қараторы жігіттің есімі Сырым Бақтыгерейұлы, Ақтөбе облысының тумасы, аудандық, облыстық газеттерде, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде еңбек еткенін, биыл Жоғары партия мектебін бітіріп, бізге қызметке келіп отырғанын білдік.

Жаңа қызметкермен танысып-білісіп, қолын алып құттықтағаннан кейін журналдың жауапты хатшысы, ҰОС мен еңбек ардагері, республикаға кеңінен танымал көрнекті журналист Төлеубай Ыдырысов ағамыз оны мен отыратын бөлмеге ертіп келіп, орнына жайғастырып, жұмысына сәттілік тіледі. Сырым ағамызбен таныстығымыз осылай басталды.

Жалпы, Сәкеңнің аудандық, облыстық, республикалық газеттердің мектебінен өтіп, жазуға әбден ысылған, қаламы жүйрік журналист екенін онымен бірге журналда қызмет жасаған жылдары анық аңғардым. Республиканың облыстарына іссапарға шығып, аудандарды, шаруашылықтарды аралап, сол замандағы көкейкесті мәселелерді қозғайтын көлемді очерк-мақалалары журналда жиі жарияланып, лездемелерде оң бағасын алып жататын.

Өз басым атын естігенім болмаса, Ойылдан хабарым шамалы-тұғын. Сырым ағамыздың туған жері туралы асқан сүйіспеншілікпен көсіліп айтатын әңгімелерінен Ойылдың шоқтығы биік тарихи мекен екенін ұққандай болдым.

– Ой бауырым, – дейтін сонда Сырым ағамыз, – Арқада Көкшетауға жер жеткен бе? – деп атақты ақынымыз айтқандай, Ойыл деген анау Алашорда қайраткері Жанша (Жаһанша) Досмұхамедовтан бастап, берідегі Ишанбай Қарақұловқа дейін, одан кейін де небір жайсаңдарды дүниеге келтірген, көрген құқайы да аз емес, біресе аудан боп құрылып, біресе тарап, біресе қайта құрылып, бүгінде шүкір дейік, өркен жайып отырған қасиетті мекен ғой. Басқаны былай қойғанда, Ойылдың 1917 жылғы революция қарсаңында бүршік жара бастап, одан кейінгі жылдары қазақ өз алдына ел болатын автономия құрамыз деп атойлап шыққан әйгілі Алашорда өкіметінің Батыс бөлімшесінің орталығы болғанының өзі неге тұрады?!

Қазақта «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деген ән бар ғой. Сол айтпақшы туған жерін сүйіп қана қоймай, журналдың жұмысынан қолы қалт еткен кездері атамекені, ол жерден шыққан қайраткерлер туралы қалам тербеп жүргенін де Сәкең суырт­пақтап айтатын. Тіпті дені туған жер тақырыбына арналған «Жүрек сөзі» атты көлемді эсселер жинағы да жазу столының тартпасында жатқанынан хабардармын.

Осылайша Сәкеңмен әңгімеміздің төркіні әдебиет ауылына ауыса бастаған тұста, өмір жолы сан тарау ғой, ағамыз мемлекеттік баспа комитеті саласына қызметке ауысты да, мен журналда тағы біраз жыл еңбек етіп, Қазақстан егемендікке ие болған алғашқы жылдары қазақ тіліне деген сұраныс көбейіп, демек, журналист ретінде біздің де өрісіміз кеңейіп, алдымен Президент пен Министрлер Кабинетінің аппаратына, тағы бірсыпыра уақыттан соң Парламент Сенатының аппаратына қызметке келдім.

Осы екі арадағы біраз жылдарда Сәкең екеуміз кейде телефонмен хабарласып, кейде арагідік кездесіп әңгіме-дүкен құратынымыз болмаса, негізінен жұмысбастылық себебімен көп ұшыраса қоймадық.

Енді, міне, сабақты жіп сәтімен дегендей, Сәкең де баспадағы қызметін ауыстырып, Парламент Мәжілісінің аппаратына келе қалмасы бар ма?! Екеуміз баяғы журналда еңбек еткен жылдарымызды еске түсіріп, өткен-кеткен әңгімелерімізді айтып, мәре-сәре боп қалдық.

Жазушының шығарма­шылықта жолы болуының бір проценті ғана талантының арқасы, қалған тоқсан тоғыз проценті еңбекқорлықпен келеді деген мазмұндағы ойды бір жерден оқығанмын. Сол айтпақшы, өз басым кейде осы Сәкеңнің бір істі бастаса, ерте ме, кеш пе түбіне жетпей қоймайтын табандылығына, сол жолдағы тынымсыз еңбекқорлығына риза боламын.

Мысал үшін айтсақ, қай жерде қандай қызмет істемесін, сол қызметті тиянақты атқарумен бірге шығармашылығын да шет қалдырған емес. Үнемі ізденіс үстінде жүретін әдетімен, әрі өзіне тән перзенттік парызбен ұзақ жылдар бойы «Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі» туралы деректерді тынбай жинастырып, ақыры олар «Түлеген Ойыл өңірі» және «Ойыл» атты қалың кітаптарында жарық көрді. Бұдан бөлек, Сәкеңнің Ақмола облысындағы Ерейментау, Түркістан облысындағы Қазығұрт аудандары жұртшылығының тілегі бойынша осы аудандарға арнайы іссапарға шығып, аудан тарихтарына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Ерейментау», «Қазығұрт» атты көлемді кітаптардың жарыққа шығуына қолғабыс жасағаны бар.

Айтпақшы, Сәкеңнің шы­ғармашы­лығында Алаш қайраткері Жанша (Жаһанша) Досмұхамедов туралы еңбектері ерекше орын алады. Сәкеңнің ол кісі жөнінде көркем әңгіме, көлемді зерттеу еңбегін жазғанын жоғарыда айтқан едік. Ендігі кезекте сан қырлы талант иесінің және бір қырынан келіп, Ойыл өңіріндегі саяси оқиғалар туралы «Толғақ», «Маска» деген екі бөлімнен тұратын «Кебенек тағдыр» атты драма жазып шықты.

Соңғы жылдары Сәкең әдеби аудармамен өндірте айналысып жүр.

Сәкеңнің шығармашылығы төңірегінде қысқаша шолу жасаған әңгіме­мізді қорытындылай келе айтарымыз, биыл сексеннің сеңгірін бағындырған ағамыздың күш-қуаты әлі де бойында. Жазсам-сызсам деген жоспарлары да көп. Жариялауға асықпай, толықтырамын, өңдеймін деп тартпасында жатқан дүниелер де жетерлік. Осының бәріне денсаулық, уақыт керек. Сондықтан ағамызға деніңіз сау болсын, уақыт көшімен алға баса беріңіз деген тілек білдіреміз.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, ҚР Жазушылар және

Журналистер одағының мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button