РуханиятСұхбат

Өмірге мәңгі құштармын



Есенгелді Сүйінов Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Мәдениет ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Қазақ радио­сы, «Халық кеңесі», «Жас Алаш», «Дала мен қала» газеттерінде қызмет істеген. «Қостанай таңы» облыстық газетінің бас редакторы болды. ҚР Мәдениет қайраткері. Бірқатар жыр жинақтары жарық көрген. Қаламгер осы 10 қаңтарда асқаралы алпыс жасқа толды. Жазушыны сол мерейтойымен құттықтап, өмірі мен шығармашылық жолы жайында аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

ҚАЖЫБАЕВ ҚАНАТТАНДЫРДЫ

– Абай атамыз «Сөз өнері дертпен тең» деп бекер айтпаған. Сіз де балалық шағы­ңыздан әдебиетке құштар болып өсіпсіз…
– Иә, мектепте оқып жүргеннен кітап оқуға қатты аңсарым ауды. Кітапханаға барып, батыр­лар жыры мен әдеби кітаптарды алып оқушы едім. Сөйтіп, көкейімде ең алдымен журналист болсам деген арман бүршік жарды. Әкемнің Сәтбай деген жиені болды. Соның баласы Таңатқан өлең жазады екен. Оны сол үйге қонаққа барғанда көрдім. Таңатқанға таңғалдым. Менің де өлең жазсам деген құштарлығым оянды. Содан 4-сыныпта жүргенде өзімше жазған тақпақтарымды «Балдырған» журналына салып жібердім. Бірде мектептегі оқу бөлімінің меңгерушісі: «Саған «Балдыр­ғаннан» хат келіпті» деп ашылмаған ақ қардай аппақ конвертті қолыма ұстатты. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Балалардан оңаша барып хатты аштым. Журналда қызмет істейтін Құрманбай Толыбаев деген жазушы маған өлеңді қалай жазу жайында ақыл-кеңесін жазыпты. Ке­йін өлеңдерім «Балдырғанда» жарияланды. Төбем көкке екі елі жетпегендей қуандым. Жоғарғы сыныпқа барғанда облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде өлеңдер, шағын хабарларым жиі жарияланды. Бір қызық оқиға болды. Облыстық газеттің бас редакторы, жазушы Жанайдар Мусин жазғандарыма көңілі толып, біздің совхоздың партия ұйымы хатшысына мен туралы сұрап, хат жолдайды. Олар менің мектеп оқушысы екенімді білмеген ғой. Кейін 9-сыныпты Көкшетаудағы мектеп-интернатқа барып оқыдым. Сонда редакцияға барып, бас редакторға кірсем, Жанайдар аға менің түрімді көріп: «Мен сені үлкен азамат шығар деп жүрсем, жас бала екенсің ғой» деп күлген еді. Жалпы, менің сөз өнеріне келуіме белгілі қаламгер Төлеген Қажыбаевтың ықпалы тиіп, әдебиет әлеміне қанаттандыр­ды. Өлең менің өмірге мәңгі құштарлығымды оятты.
– Содан кейін арман асып Алматыға бардыңыз ба?
– Он жылдықты бітіргеннен кейін Алматыдағы ҚазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсу арманым болды. Алмалы шаһарға жүрер алдын­да қазақтың көрнекті ақыны Еркеш Ибраһим шақырып алды. Өйткені ол кісінің зайыбы Ақыл Шыңғысқызы бізге мектепте орыс әдебиетінен сабақ берген. Апайдан сәлем айтып жіберіпті. Келсем, Еркеш аға өзі үйде жалғыз, басқа ешкім жоқ. Хал-жағдайымды сұрап: «Жоғары оқуға қайда барасың?» деді. Мен Алматыға бармақ ойымды айттым. Ол кісі: «Ондағы журналистика факультетіне оқуға түсу қиын. Сен Қарағандыдағы институтқа барсаң қайтеді. Оның ректоры – менің досым Ебіней Бөкетов. Соған айтамын. Тортай Сәдуақасовты соған түсіруге көмектестім. Талант қай мамандықты алса да жазады. Ғабеңнің өзі де агроном болған» деп ақылын айтты. Мен әлі күнге дейін Еркеш ағаның тілін алмағаныма өкінемін. Сөйтіп, Алматыдан қанжығам бос қайтты. Екінші рет барғанда тағы да құладым. Көкшетауға келгеннен кейін жағдайымды айтып Төлеген Қажыбаев ағама бардым. Ол өзінің досы, Уәлиханов аудандық газетінің редакторы Айдархан Кәріпханов­пен сөйлесіп, сонда тілшілікке орналастырды.

СЕРАЛИННІҢ СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ КӨП

– Сіздің Қостанай облысында ұзақ жылдар журналистік қыз­метте болғаныңызды біле­міз. Толқып аққан Тобыл өңіріне қайдан жолыңыз түсті?
– Ол кезде әскерге барып-келіп, оң-солымды танып қал­ғам. Отбасым бар. Марфуға екеу­­міз Зеренді аудандық газе­тінде жұмыс істейміз. Екеу­міз де ҚазГУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқимыз. Бірде Алматыға барғанда, Қазақ радиосының бас директоры Мадрид Рысбеков деген ағамызбен таныстым. Неге екенін білмеймін, сол азаматтың ықыласы түсті. Маған республикалық радионың Қостанайдағы меншікті тілшісі қызметін ұсынды. Айнала бас тартып көріп едім, «Үй аласыз, машина береміз, жағдайыңыз болады» деп жанашырлық танытты. Сөйтіп, Қостанайға келдім. Алғашында радионы жатырқадым. Кейін үйрендім. Шындығында, қала ішінен үш бөлмелі үйге қол жеткіздім. Астыма көлік берді. Мадрид ағаның осы жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Мұндай адамдар бұрын да сирек болатын, қазір де аз. Одан кейін «Халық кеңесі» газеті ашылғанда, соған аймақтық тілшілікке шақырды. Тоқсаныншы жылдардың аяғында «Жас Алаш» басылымында істедім. Осы редакциялардың бәрі мен үшін өмірлік мектеп болды деп айтар едім.
Жаңа ғасырдың басында Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин, Сырбай Мәуленов секілді қазақтың талай асылдарының қолтаңбасы қалған облыстық «Қостанай таңы» басылымын басқардыңыз…
– Бұл менің өмірімдегі елеулі кезең деп есептеймін. Расы керек, бас редактор болып келгенде газеттің жағдайы онша емес еді. Сол кезде облысты басқарған Өмірзақ Шөкеев аймақтағы қара шаңырақ саналған қазақ тіліндегі басылымды көп қолдады. Редакцияның материалдық базасы күшейді. Таралым саны өсті. Басылымға жарияланатын мақаланың сапасы жақсарды. Газет түрлі байқауларда топ жарып, лауреат болды. Бұрын редакция ғимаратында Би-ағаға ескерткіш қойылған болатын. Біз қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі, «Айқап» журналын шығарған асыл азамат Мұхамеджан Сералинге белгі қойдық. Біле білген адамға Сералиннің сіңірген еңбегі көп. Сонау ғасырдың басында дәулетті тұлғалардан қаржы жинап, қазақ романына бәйге жариялайды. Жалпы, бас редактор болып отырғанда көңілім толатын бір іс – ол Мұхамеджан Сералин есімін ардақтауға үлес қосқанымды айтар едім. Қарабалық ауданындағы тұлғаның қараусыз қалған зиратын қайта қалпына келтіруге күш салдық. Қостанайдағы ол кісі атындағы көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жайында мәселе көтердім, сол көшедегі ескерткіш тақтаны жаңарттық. Облыстық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, ас бердік. Жыл сайын Мұхамеджан Сералинді еске алуға арналған жүгіру марафонын ұйымдас­тырдық. Қысқасы, осындай мазмұнды істер атқарылды.

МАРФУҒАНЫҢ МҰРАСЫ

– Қазақтың белгілі ақыны Марфуға Бектемірованың жұбайысыз. Ақын апамыз да көзі тірі болса, биыл 60 жасқа толады екен. Оның артында қалған мұралары жарық көріп жатыр ма?
– Көкшетауда Естай Мырзахметов деген жазушы ағамыз тұрды. Сол кісі Марфуғаның жазғандарын жақсы көріп, жоғары бағалайтын. Марфуғаның көзі тірісінде бірнеше кітаптары жарық көрді. Алдыңғы жылы Ұлттық академиялық кітапханада еске алу кешін өткіздік. Мәскеуден 10 мың таралыммен «Белый парус мечты» атты аударма жинағы жарық көрді. Соған орай екі таңдамалы кітабы мемлекеттік тапсырыспен шығады деп жоспарлап отырмыз. Архивтерін қарасам, прозалық шығармаларын қосқанда 5-6 томға жүк болатын дүниелер бар. Реті келсе, соларды шығарсам деп ойлаймын.
– Соңғы сөзді елордамен түйіндесек. Астананың тұрғынысыз, қандай тілек айтар едіңіз?
– 2004 жылы бас қалаға қоныс аудардық. Ол кезде Есілдің сол жағалауы енді бой көтеріп жатқан. Қазір шаһар адам танымастай өзгерді. Қаншама сұлу, еңселі ғимараттар салынды. Оның болашағы кемел. Елордамыздың еңсесі әманда биік болсын!

Сұхбаттасқан  Азамат ҚҰСАЙЫН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button