Жаңалықтар

Оңалтудың оңтайлы жүйесі



Елордада  Халықаралық  түрме   реформасы  PRI   ұйымының Орталық  Азиядағы өкілдігінің ұйымдастыруымен  «Түрме жүйесін дамытудың жаһандық  трендтері» тақырыбында баспасөз  конференциясы өтті. Бұл шара Елбасы ұсынған Ұлт жоспарының 33-қадамын  іске  асыру  аясында ұйымдастырылып отыр.

Жиын барысында Халық­аралық ұйым өкілдігінің аймақтық директоры Азамат Шамбилов жазасын өтеп жатқан әйелдердің құқығын қорғайтын «Бангкок ережесі» мен еліміздегі балалардың құқығын қорғайтын Омбудсмен қызметі туралы айтты. Сондай-ақ, ол кәмелетке толмаған жазасын өтеушілер жайлы сөз қозғап, Грузия тәжірибесін мысалға келтірді. Жазасын өтеп шыққан грузиялық жасөспірімдердің өмірбаянынан сотталғандығы жайында дерек өшіріледі екен. Бұл – тура жолға түсіп, түзелем деген жастар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық. Бір өкініштісі, елімізде 70-ке жуық кәмелетке толмаған бала колония­да жазаларын өтеп жатыр. Осы мәселеге қынжылыс білдірген А.Шамбилов аталған мәселені өзгедей жолдармен шешіп, балаларға басқаша жағдай жасау керектігін алға тартты.

Ал Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Азамат Базылбеков жазасын өтеушілерге кигізілетін электронды білезіктің қыр-сырын баяндады. Оның айтуынша, бұл жұмыс қазір заңдылық тарапынан талқылану үстінде, 2018 жылға қарай аяқталып қалады.

Келесі кезекте сөз алған халықаралық сарапшы, Молдова Республикасы Пробация қызметінің басшысы Владимир Попа өз елдеріндегі ахуалмен бөлісті. Қазіргі кезде Молдова Республикасында 16-17 түрме мен 6-7 мыңдай жазасын өтеуші бар екен. Жазасын өтеушілердің саны бойынша 45-орында тұрған Қазақстан мен Молдованың ерекшеліктеріне тоқталған ол халықаралық заңнамалар жайлы ақпарат берді.

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button