Мәдениет

«Опералия» фестивалі шақырады



Жылдағы дәстүр бойынша Астана күні қарсаңында «Опералия» халықаралық фестивалі басталды. Биыл он сегізінші рет ұйымдастырылған фестиваль аясында бір ай бойы әлемдік музыканың танымал жұлдыздары елордадағы «Астана Опера» театрында өнер көрсетеді.

Алғашқы күннің ауқымы кең, өте қызықты болды – қызыл кілемдегі танымал тұлғалар, фойедегі перформанс және де заманымыздың атақты хореографы Иржи Килиан спектакльдерінің жұлдызды шеруі бір күнде, бір сахнада ұсынылды.

Фестиваль биыл «Астана Операның» оныншы мерейтойлық маусымында өткізілуде. Жыл сайын фестивальдің тақырыбы өзгеріп, жарқын, қайталанбас бояулар қосылады. «Опералия-2023» фес­тивалінің ерекшелігі кең ауқымдылығында жатыр, ол опера, балет, симфониялық және концерттік тәрізді түрлі музыкалық жанрларда ұсынылған заманауи және классикалық өнерді қамтып отыр. «Күлше қыз», «Қалқаман-Мамыр», «Кіші өлім», «Етік киген мысық» – «Астана Операның» осы маусымдағы премьералары. Театрдың бас дирижері – Алан Бөрібаев. Балеттің жетекші солисі – Мәдина Өнербаева.

28 маусымда К.Байсейітова атындағы камералық залда Президент оркестрі халық музыкасы ансамблінің «Серпін» атты концерті өтеді. Бағдарламада Қазақстан композиторларының күйлері мен әндері, сондай-ақ әлемдік классикалық репертуар­дан туындылар ұсынылады. 29-30 маусымда Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы өтеді. Бұл спектакльді театрдың және «Астана Опера» академиясының солистері дайындауда. Оның қоюшы-дирижері – Р.Баймурзин, қоюшы-режиссері – Е.Тойкенов. Әртістермен вокал бойынша шақырылған коуч Алла Симонишвили жұмыс істеді. 29 маусымда сахнаға Изабелланың партиясында Италиядан шақырылған солист Лаура Верреккья шығады. 30 маусымда фестивальға арнайы шақырылған дирижер Джузеппе Аквавива өнер көрсетеді, ол да бізге Италиядан келді.

Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен «Опералияға» Армения, ­Қазақстан, Италия, Болгария, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан секілді әлемнің 12 елінен шақырылған әртістер мен дирижерлер қатысады.

Жалпы, фестивальде 4 гранд-опера көрсетіледі, олар – Дж.Вердидің «Дон Карлосы» және «Аидасы», Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы, Дж.Пуччинидің «Турандоты». Әр опера солистердің түрлі құрамымен екі реттен орындалатыны өте қызықты.

Сондай-ақ көпшіліктің назарына 2 балет ұсынылады, олар – Р.Ребектің хореографиясындағы С.Прокофьевтің «Күлбике» қойылымы мен «И.Килианның балет кештері». Бұдан бөлек, ҚР Президент оркестрі халық музыка ансамблінің «Серпін» музыкалық кеші, ШЫҰ елдерінен шақырылған солистердің қатысуымен өтетін гала-опера, «Жылдың он екі мезгілі» камералық музыка концерті секілді көрермендерге барлығы 4 концерт ұсынылады. «Опералия» мен «Астана Операның» Х мерейтойлық маусымының жабылуына орай симфония­лық концерт Астанадағы әдемі мәдени кештерді, елордадағы өнер мерекесін қорытындылайды. Тамаша кеште алғаш рет А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан алынған тақырыптарға симфониялық сюита шырқалады.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button