Басты ақпарат

Оралханның орны ойсырап тұр…



Шыңғыстай десе, сауатты оқырманның санасына ең алдымен Оралхан оралады. «Өр Алтайдың Қатонқарағайына бардым. Бірінші рет барсам да бұл араның бәрі маған бұрыннан таныс… Бірақ көріп тұрғаным тұңғыш рет» деп жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай, Қатонқарағай алқабына аяқ басқан адамның Оралхан шығармаларын оқып отырғандай күй кешетіні рас. Мен де сонау асқар Алтайдың арғы жағындағы жат ел, жат жерде туып-өссем де Мұзтаудың етегіндегі көп жердің атын жатқа білем. Өркен, Новостройка, Аршаты, Шарықты бұлақ, Бұқтырма, Ақбұлғақ өзендері… бәрі-бәрі туып-өскен жерімдей жадымда. Осының бәрін мен картадан көріп немесе әлдекімдердің аузынан естігем жоқ, Оралханның шығармаларынан оқыдым. Сондықтан да шығар, Өркенді (Өрнек) көргенде «қасқыр ұлыған түндегі» Арайдың, Мұзтауды көргенде Аршалыдан көшпей қалып қоятын Ақтанның, Шыңғыстайды көргенде «сайтан көпірде» көшкіннің астында қалатын Аспанның тағдыры көз алдыма келсе, Шарықты бұлақ ардақты еске салды. Қысқасы, Оралхан өмірден озғанымен, ол туған өлкенің асқар тауы, манат даласы, сыңсыған орманы, жол жиегіндегі ауылдарға дейін Оралхан болып сөйлеп тұр…

Қатонқарағай алқабы – тек шығысқа ғана емес, тұтас Қазақстанға танымал өңір. Одақ кезінде бұғы аты шыққан бұл өлке қазір елімізде бал өндіруден көш бастап тұр. Сонымен қатар Берелдей әлемге әйгілі тарихи орны, асқар тау, сыңсыған орманы, арқырап аққан өзені бар алқапта саяхат саласын дамытудың да көмекші күші зор. Оның үстіне, бұл – Оралхан Бөкейдің туған жері. Оралханның шығармасын оқыған оқырманның Шыңғыстайға соғып, керім өлке Қатонқарағай алқабына бір аунап-қунап қайтпайтыны кемде кем. Біз білгенде, Шығыс Қазақстан облысы осы мүмкіндіктерді толық пайдаланып отырған жоқ. Берелдің аты әлемге әйгілі болғанымен, инфрақұрылымдарын дамытуға дұрыс көңіл бөлінбеген. Алды неше мың, арты неше жүз шақырым жол басып барған саяхатшылар шағын мұражайды, ескі қорым ескерткішін көреді де қайтады. Алыстан ат өксітіп келгенде «жылқыны қолға үйреткен халықтың» қасиетін танып, атқа мініп, қымыз ішіп, қазақ киіз үйінің кереметін сезініп, аунап-қунап жатуға мүмкіндік таба алмайды. Себебі бұл арада жатар орынды қойып, жылы су ұрттайтын жер де жоқ. Ал Шыңғыстайда Оралханның да орны өгейсіп тұр.
Шыңғыстайда Оралхан Бөкейдің үйі бар. Бұл күнде жұрт «О.Бөкейдің үйі» деп атап кеткен бұл ғимарат Бөкей қарттың өз қолымен салған баспанасы болған. «Бұрын Бұқтырманың жағасында үйіміз бар еді. 1969 жылы Бұқтырма арнасынан асып тасыды да, біз отырған жерді су басып кетті. Сонымен үйімізді қазіргі тұрған жерге көшірдік. Біздің балалық шағымыз сол Бұқтырманың жағасында өтті» дейді Оралханның қарындасы Ғалия.
Оның айтуынша, Оралханның 50 жылдығы өте жоғары деңгейде аталып өтіпті. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысына сапарлай барған Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев Оралханның туған ауылы жайлы сұрап, «Үлкен қаламгер, ойлы азамат еді. «Өзі жоқтың – көзі жоқ» демей, мерейтойын дұрыстап өткізіңдер. Есімін ел жадында қалдыруды да ұмытпағайсыңдар» деп тапсырма беріпті. «Ал 60 жылдығында жергілікті әкімдіктен маған «қарашаңырақты музей қылайық» деген ұсыныс түсті. «Үй біздің атымызда тұра берсін, ал музей жасап, мүсінін қоямыз десеңіздер өздеріңіз біліңіздер» дедік. Сонымен қомақты қаржы салынып, үй жөндеуге берілді. Бірақ үлкен жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Бөрене үйдің іргесінің сыртынан фундамент құйды да, шатырын ауыстырып «О.Бөкейдің музей үйі» деген тақтайшаны іле салды. Көкейге қонымды танымдық дүниесі бар ештеңе жасалмады. Есік алдына қойған мүсіннің өзі гипстен жасалған. Мүсінді қойып жатқан кезде төбесі ойылып кетті. Оны жасыру үшін қарамаймен сылап қойды. Сол ескерткіш әлі тұр, жылда қарамаймен майлап қоямыз. Менің қорқатыным – аудан атқамінерлерінің іс-әрекеті. Әбдікерім Ережепұлы салдыр­ған екі тарихи жәдігер: мектеп пен мешіттің (Шыңғыстай, Өрнек ауылдарында) орны ғана қалды. «Оңтайландырып жатырмыз» деп құртып жіберген. Кешегі ұлыдержавалық шовинистік заманнан да, сталиндік репрессиядан аман қалып, өзінің оқу-тәрбие­лік мәнін жоғары деңгейде атқарған тәрбие ошақтары еді» дейді жазушының қарындасы.
Содан бері қаншама жыл өтсе де үйге жөндеу жұмыс­тары жасалмаған. Қаржы да бөлінбеген. Шаңырақ иесінің жүрдім-бардым жасалған іске көңілі толмайтыны да содан. «Жергілікті әкімдік «бұл үй жекеменшік екен, заң бойынша жеке меншік үйге қаржы бөлінбейді» деп жалтарады. Онымен қоймай «Ғалия үйді үкіметке берсе, бәрін жасар едік, көркейтер едік» деп көпіреді. Ал мен үйді берейін десем, ата-анамның және ағамның көзі болған дүние-мүлкі тозып жоғала ма деп қорқам. Кезінде марқұм Фариза апай да «Оралханға музей керек болса, Мұқағалидікі секілді музей салыңдар, Бөкей қарттың қара шаңырағына тиіспеңдер деп талай айтты. Бірақ ағама арнап бір музей салғанның орнына айналып-айналып келіп жекеменшік баспанамызға жабысады» дейді Ғалия.
Айтып айтпай, Шыңғыстайда туған Оралхан да, Әбдікерім болыс та – бір-бір музей арнауға татитын тұлғалар. Ауылдың ортасынан «Оралханның музейін» салып, мынау «Оралхан тұрған үйі. Жазушының «Атау кере» романы осы үйде жазылған» деп қара шаңырағын көрсетсе, заңға да, жосынға да сыйып тұр. Шетелде Толс­тойдың үйі, Пушкиннің үйі, Кафканың үйі қазір үлкен тарихи орындарға айналып кетті. Қазақ үшін Оралханның олардан қай жері кем?! «Облыс басшысы Даниял Ахметовке дейін хат жазып, 2 рет облыс атқамінерлерінің қабылдауында болдым. Бәрі қарағымды мінгізіп, шырағымды жетектетіп қайтарады. Шешілген ештеңе жоқ, керісінше уақытым кетті» деп бір тынып алған Ғалия апай «жақында ағам мен жеңгем Айман түсіме кірді. Ағам «неге шенді-шекпенділерге жалынып жүрсің?» деп маған ренжіп тұр. «Мен ешқашан шенеуніктің алдына барған емеспін. Халық үшін жаздым. Мені іздейтін оқырмандарым бар» деді. Содан енді ешкімді іздемеймін деп шештім. Оралханды ұлықтай алмаса, ол бізге емес, елге сын емес пе?» дейді.
Әбдікерім болыс демекші, Шыңғыстайда 2017 жылы 25 тамыз күні Әбдікерім Ережеп­ұлы атындағы мектеп-музейі ашылған. Үш бөлмелі музейдің бір бөлмесі Оралханға арналыпты. Дегенмен, бұл үй жай көзге музей сияқты ғана көрінгенімен, мұнда бүкіл Шыңғыстайдың тарихы жатыр. Музей ашылған үй Шыңғыстай мектебі бұзылып құрып кеткеннен кейін, 2017 жылы сол мектептің орнына Қатонқарағай ауылынан көшіріліп әкелініп салынған. Шыңғыстай мектебін Шыңғыстай еліне 25 жыл болыс болған Әбдікәрім 1904 жылы өз қаражатына салдырған. Орысша-қазақша оқытатын төрт сыныптық мектепте 1914 жылы ­С.Торайғыров сабақ берген. Сондай-ақ қазаққа танымал Сәрсен Аманжолов, Құмаш Нұрғалиев, Оралхан Бөкей, Бошай Кітапбаев, Сейітқамза Ластаев, Зәбила Алпысова, Дидахмет Әшімхан сияқты асыл азаматтардың бәрі осы мектептен білім алған. Осындай тағылымды тарихы бар қара шаңырақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қараусыз қалып, быт-шыты шығып, бұзылып, тек іргетасының орны ғана қалыпты. Кейін қатонқарағайлық азаматтар мектептің ашылғанына – 100, Әбдікәрім Ережепұлының туғанына – 150, Алашорда үкіметінің құрылуының 100 жылдығына орай тарихи ғимаратты қалпына келтіріп, қазіргі ағаш үйді салып шыққан. Демек, мектептің өзі – жеке музей болуға сұранып тұрған орын. Ал мектепті салдырған Әбдікәрім Ережепұлы – қазақ тарихындағы танымал тұлғалардың бірі. Араб, парсы, орыс тілдерін жетік білген ол қазақ зиялылары Семейде 1918 жылы «Алаш» партиясының құрылтайын шақырғанда Шыңғыстай болысынан делегация ретінде қатысқан. Ресейдің Мемлекеттік Думасына да екі мәрте делегат бастап барған. Кейін қызыл өкіметтің қуғынын көріп, Қытай асып, ол жақта да оқу-ағарту жұмыстарымен айналысқан тағдырлы тұлға. Былайша айтқанда, Әбдікәрімнің өзі – жеке бір музей арнауға татитын қайраткер. Ендеше, аядай үш бөлменің бірін Әбдікәрімге, енді бір бөлмесін Оралханға, қалған бір бөлмесін сол өңірден шыққан ақын-жазушыларға арнап, көже қойыртпақ қылмай-ақ, Әбдікәрімге бір музей, Оралханға бір музей салдырса, еш артықтық қылмас еді. Есесіне туризмді дамытуға сұранып тұрған өңірдің шаруашылығын өркендетуге себі тиеді.
Аталған музейдің қазіргі жағдайы да мәз емес. Көне ағаштан салған үйдің қиюы қашып, қабырғалары ырсыйып ашық тұр. Музейдің іші қаптаған қара шыбын. «Күз келсе шыбын толып алады, амалсыз дәрі шашамыз» деп музей қыз­меткері еденді жауып қалған қара шыбынды сыпырып жүр.
1997 жылы Республикалық «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы» басталғаны белгілі. Содан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқау да соңғы жылдары сап тыйылған. Оған «Оралханның оқулары жылда өте бере ме?» деп кейбір жазушылар қарсы болыпты. «Бұл байқау Оралханның атындағы оқу болғанымен, шын мәнінде Қазақстандағы барлық жазушылардың шығармалары насихатталатын еді. Қызғаныштың қызыл мысығы ішін тырнаған кейбір жазушы ағаларым парламентке дейін барып, «біздің шығармамызға арналған бір шара өтпейді, Оралханның оқулары жылда өте ме?» деп шу көтеріпті. Сонымен қаулымен бекітілген Оралхан оқуларының да «омыртқасы» үзілді» деді Ғалия ренішін жасырмай.
Бұл арада аталған байқаудың «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы» деп тектен-текке аталмағанын ескерген дұрыс. Себебі бізде жазушы көп болғанымен, Оралхан сияқты прозалық шығармаларды жатқа оқитын жазушы аз. Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесін сахнада тұрғандай нақышына келтіріп оқитын Оралхан Әуезовтің «Абай» романын да жатқа оқитын еді дейді білетіндер. Бұл жөнінде жазушы Шерхан Мұртаза кезінде «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз байқауы – өте дұрыс жасалған қадам. Өйткенi ол ән де айтатын. Көркемсөз оқығанда жандыратын. Әсiресе Бейімбет Майлиннiң «Шұғаның белгiсiн» жатқа айтқанда арқаланып кететiн. Орнынан тұрып кетiп, диванның үстiне де шығып кететiн. Ғажап әуенмен оқитын» деп оң бағасын берген еді. Демек, «Оралханның оқулары» байқауы бармағынан бал тамған жазушының осы қасиетін де ескерген. Міне, бұл Қазақстанда «Әуезовтің атындағы оқулардың өзі жоқ. Неге Оралхан атында бар?» деп кері толғайтындар мен «Біздің атымызда неге көркемсөз оқу байқауы өтпейді?» деп дау көтеретін «данышпан» жазушыларға жауап деп ойлаймыз. Оның үстіне, «Оралхан оқуларында» жалғыз Оралханның шығармасы ғана оқылсын деген шарт жоқ, барлық қаламгерлердің шығармаларын оқуға мүмкіндік бар. Әдебиет пен өнерді дәріптейтін осындай байқауға алдымен қаламгерлердің қарсы болғаны қалай айтсақ та түсініксіз.
Астананы Алматыдан Арқаға көшіру идеясына ең алдымен үн қосқан жазушылардың бірі – осы Оралхан. Ол «Қазақ әдебиетi» газетiнде бас редактор болып тұрған кезiнде қарамағындағы журналист Дос Қапазовқа арнайы тапсырма берiп «Ақмола Қазақстанның астанасы болуға лайық» деген атпен талдау мақала жазғызды. Келесі мақаланы Сафуан ағамыз (Сафуан Шаймарданов) жазды. Оның соңы тарихи жаңалыққа ұласқаны белгілі. Бірақ сөйткен Оралханға елордадан тіпті бір көшенің бұйырмағаны өкінішті…

Нұр-Сұлтан –
Шыңғыстай – Нұр-Сұлтан

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button