Мәдениет

ОРЫС ТЕАТРЫНЫҢ ОЛЖАСЫ



М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры Сербияда өткен «Synergy #wtf» атты І халықаралық театр фестиваліне «Мәңгүрт. Мәңгі құл» мистериясымен қатысып, табысты өнер көрсетті.

Спектакльдің алдында көрер­менге ұлттық музыкамен көркемделген Қазақстанды, Астананы және аталмыш театрды таныстырған көрме ұйымдас­тырылды. Жиналған қауым сол арқылы Қазақстан мәдениетінен хабар алғандай болды.
Спектакльге де фестивальді ұйымдастырушылар мен сербиялық көрермен оң пікірлерін айтты. Оған қажет декорациялар сол елде қарсы алушы тараптың есебінен әзірленгенін айту керек.
– Қазақстандық театрдың келуін тағатсыз күттік. Ұсынылған спектакль қызығушылығымыз­ды оятып, театр қазіргі заман драматургиясына сай қойылғанына көзімізді жеткізді. Әлемдік драматургия көшінің соңында қалмай, алға басып келеді екенсіздер. Ал театрлардың ынтымақтастығы – маңызды мәселе. Осыдан кейін мәдени байланысымыз беки түсті деп ойлаймын, – деді фестиваль директоры Валентил Венцел.
Былтыр Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға сапары барысында Белград қаласында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ашылған болатын. Сол жерде Елбасы екіжақты мәдени және гуманитарлық байланысты нығайту жөнінде әңгіме қозғады. М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры сол елге барғанда осыны басшылыққа алды.
Жалпы, фестиваль бір аптаға жалғасты. Оған Қазақстанмен қатар Венгрия, Румыния, Македония және Сербия мемлекеттерінің театрлары қа­тыс­ты. Шара аясында симпозиумдар өткізіліп, жиналған өнер ұжымдары тәжірибе алмасты, жаңа театр маусымына арналған жоспарларымен бөлісті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button