Басты ақпаратЕлорда тынысы

Отбасы мәселелері талқыланды



Астана қаласы әкімдігі әйелдер істері және отбасылық-­демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында қиын жағдайға тап болған әйелдер мен ­қараусыз жүрген жасөспірімдер мәселесі талқыланды.

Отырысқа Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, қалалық Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының жетекшісі Илья Скуб, Қазақстан әйелдер күштері альянсы мен Астана қаласы әкімдігі әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшелері, қоғамдық және жекеменшік қорлардың жетекшілері, құқық қорғау және денсаулық сақтау салаларының өкілдері қатысты. Олар алдымен Астанадағы «Art is forever» көркемсурет ­мектеп-мұражайын аралап, көрме залындағы көпес Василий Кубриннің отбасы тарихымен, сәндік-қолданбалы өнер үлгілерімен және балалардың қолөнер туындыларымен танысты.

Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов комиссия мүшелеріне елорда әкімі Алтай Көлгіновтің атынан алғыс хат табыстады.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мен балалары бар аналарды қолдау – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев та осы проблеманы ерекше назарға алып, елімізде отбасы құндылығын сақтау, бала тәрбиесіне көңіл болу керегін айтқан болатын. Осыған орай, елордада «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» қанатқақты жобасы мен 2022 жылғы мемлекеттік және әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыс аз емес. Іс-шараға қатысушылар солардың негізгілеріне тоқталды. Астана қаласы әкімдігі Әйелдер істері және ­отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы – бас инспектор Қарлығаш Сәркенова, атқарылып жатқан шараларға қарамастан, қазіргі кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша елордалық полицияға шағымданушылар қатары азаймай отырғанын атап өтті.

– 2022 жылдың басынан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полицияға 100 мыңнан астам әйел шағымданған болатын. Құқық қорғау қызметкерлері дағдарыс орталықтарына қиын жағдайға тап болған 7,5 мыңнан астам әйелді жеткізді. Зорлық-зомбылықпен күресу, әйелдер құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту мақсатында Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы кешенді жұмыс жүргізуде, – деді бас инспектор.

«Астана» медицина университетінің кафедра меңгерушісі Зайтуна Хамидуллинаның айтуынша, бүгінгі таңда жасөспірімдер жүктілігі көпшілікті алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде кәмелеттік жасқа толмаған қыздар арасында жүкті болып, жасанды түсік тастайтындар мен ерте ана болатындар саны өсіп келеді.

– Елордада ерте жыныстық қатынас пен жүктіліктің алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан, бес жыл ішінде Астанада кәмелетке толмағандар босануының өсуі тіркелді. Тек 2021 жылы осындай 55 босану болды. Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде жасанды түсік жасатудың бес есе өсуі байқалды. Бұл проблемалардың шешімі мемлекеттік деңгейде қарастырылуы керек. Ол үшін жыныстық тәрбиені оқытуды ұйымдастыру, жалпы білім беру мекемелерінде ата-аналармен және мұғалімдермен жұмыс жүргізу және жасөспірімдер кабинеттерін күшейту керек, – деді З.Хамидуллина.

Отырыс барысында «Дені сау ұрпақ» жобасы таныстырылды. Жоба негізінде орта мектептерде жыныстық тәрбие беру бойынша жүргізілетін жұмыстарға тоқтала келе, Зайтуна Гадиловна оған қажетті буклеттерді көшіруге жәрдемдесу туралы өтінішін жеткізді. Комиссия мүшесі Сәния Ирсалиева үгіт материалдарын өндіруге көмектесетінін айтты.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button