Басты ақпаратСаясат

Өткен жылдағы 10 ірі оқиға



«Ай – ат басын бұрғанша, жыл – жылқы аунап тұрғанша» дегендей, әлем халқы, міне, 2020 жылды да аттандырып салды. Жалпылай айтқанда, өтіп бара жатқан жыл өте ауыр жыл болды. Әлемнің әр түкпірінде адамзат баласы әртүрлі сынақтарға дөп келді. Сонымен қатар адамзат үшін жағымды жаңалықтар жүз берді. «Астана ақшамының» тілшісі 2020 жылғы он ірі жаңалықты саралап көрді.

Дендеген дерт

Шығыс халықтарының «ақ тышқан жылы ауыр апаттар болады, жұқпалы аурулар тарайды» деген болжамы айнымай келді. 2019 жылы Қытайдың Ухань қаласынан тараған COVID-19 індеті бүкіл әлемге жа­йылып, Жер шарының 82 мил­лион тұрғыны жұқтырып, 1 миллион 780 мың адам аталған індеттен көз жұмды. Мамандар бүгінге дейін ырық бермей келе жатқан індет 2021 жылдың соңына дейін әлемдік экономикаға 7 триллион доллар мөлшерінде зиян әкеледі деп болжам жасап отыр. Пандемияның кесірінен 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылға шегерілді.

Кеулеген өрт2019 жылдың қыркү­йегінде тұтанған Австралиядағы өрт 2020 жылдың қаңтар айында әзер өшірілді. Күннің қатты ысуынан тұтанған өрттен 20 миллион гектардан артық орман күлге айналып, шамамен 500 миллионға жуық жануар жанып кетті. 10 мың құрылыс отқа оранып, 35 адам қаза тапты. Жалпы экономикалық шығын 4,5 миллиард Австралия долларынан асты.Одақтан шығу оңай емес

Еуроодаққа 1973 жылы қосылған Ұлыбритания 31 қаңтарда Одақтан шықты. Одақтан шығуға үш жыл уақыт жұмсалды. Осылайша Ұлыбритания Одақтан шыққан алғашқы елге айналды. Сонымен оған мүше елдердің саны 28-ден 27-ге қысқарды.Сайлаудан кейінгі сойқан

9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтіп, Александр Лукашенко жеңімпаз атанған соң, сайлау нәтижесіне наразы жұрт жаппай ереуілге шықты. Тәуелсіз сарапшылар бұл сайлауда Лукашенконың 50 пайыздан аз дауыс жинағанын, биліктің сайлауды әділ өткізбегенін айтады. Алайда ту көтеріп көшеге шыққан халыққа Лукашенко автомат асынып шығып сес көрсетті. Лукашенконың бас­ты қарсыласы Тихановская шетел асуға мәжбүр болды. АҚШ пен Еуроодақ сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартты. Билікке қарсы толқу бүгінге дейін басылған жоқ.Қырғызстандағы қырқыс

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрт 6 қазанға қараған түні президент әкімшілігі мен парламент отыратын Ақ үйге басып кірді. Халықтың толқуынан кейін Қырғызстан билік жүйесінде саяси дағдарыс туды. Мәселені бейбіт жолмен шешкісі келген президент Сооронбай Жээнбеков орталық сайлау комиссиясына сайлаудағы заң бұзушылықтарды тексеруді тапсырды. Көп кешікпей сайлау комиссиясы сайлаудың нәтижесін жойды. Соңынан Сооронбай Жээнбеков те өз еркімен қызметінен кетті. Билік тізгіні түрмеден шыққан саясаткер Садыр Жапаровтың қолына өтті. Бұл елдегі кезектен тыс президент сайлауы келер жылы 10 қаңтарда өтеді.АҚШ-тағы арпалыс

Жаһандық саясат пен әлемдік экономикаға үлкен ықпал жасайтын әлемнің сақшысы – Америка Құрама Штаттары да биыл көптеген қиындықты бастан өткерді. Індет жұқтырғандар мен індеттен бақилық болғандардың саны бойынша көш бастап тұрған бұл елде 20 миллион адам індет жұқтырып, 335 мың адам опат болды. Дерт дендеп тұрған кезде афроамерикалық Джордж Флойд полиция қолынан қаза тапқаннан кейін тұтанған ереуіл бүкіл АҚШ қоғамын солқылдатты.
АҚШ-та 3 қарашада өткен президент сайлауының дүмпуі де әлі басылған жоқ. Бұл сайлауда дауыс берген 150 миллионға жуық адамның 74 миллионы Байденге қолдау көрсеткен, бұл – АҚШ тарихындағы ең үлкен көрсеткіш. Алайда «сайлауда заң бұзушылық болды» деп мәлімдеген Трамп күні бүгінге де­йін жеңілісін толыққанды мойындаған жоқ. АҚШ президентін ұлықтау салты келер жылы 20 қаңтарда өтеді. Осылайша 77 жастағы Байден АҚШ тарихындағы ең қарт президент атанса, 74 жастағы Трамп соңғы 25 жылда бір-ақ рет сайланған АҚШ билеушісі ретінде есте қалды. Сонымен қатар бұл АҚШ тарихындағы ең қымбатқа түскен сайлау ретінде есте қалды.

Қарабақтағы қақтығыс

30 жыл бойы диплома­тия­лық жолмен шешілмеген Таулы Қарабақ мәселесі 40 күндік соғыспен шешілуі осы жылдағы айтулы уақиғаның бірі болды. 27 қыркүйекте басталған соғысты тоқтату туралы бірнеше рет келісім жасалғанмен, бірі сәтсіз аяқталып, оның соңы Арменияның жеңілісіне апарып соқты. Сонымен 9 қараша күні Ресей президенті Владимир Путиннің ара ағайын болуымен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойды.
Келісімге сәйкес Әзербайжан соғыс арқылы қайтарып алған жерлерін сақтап қалды. Сонымен қатар Армения билігі Газах, Агдам, Кельбаджар және Лачын аудандарын да қайтарды. Одан да маңыздысы тұтас түркі даласын тұтастыратын Нахичевань дәлізі ашылды. Қақтығыстан 5000-нан астам адам мерт болды.Бейруттағы жойқын жарылыс

4 тамызда Ливанның әскери-теңіз күштері базасына жақын Бейрут портында жойқын жарылыс болып, пандемия мен дағдарыс қатар қысқан елге үлкен соққы болып тиді. Бірнеше мың тонна аммония нитраты сақталған қоймадағы жарылыстан 200-ден артық адам қаза тауып, 300 мың тұрғын баспанасыз қалды. Сарапшылар бұл жарылысты ядролық қарудан кейінгі тарихтағы ең жойқын жарылыс деп бағалады.Орта Шығыстағы жылымық

Израиль елін көптеген Араб елдері 70 жылға жуық уақыттан бері мойындамай келген еді. Еврейлер мен арабтардың арасында сіресіп жатқан осы бір сеңді Біріккен Араб Әмірліктері бұзып, екі елдің мәмілеге келетінін жариялады. Көп өтпей Бахрейн патшалығы да Израильмен дипломатия­лық қарым-қатынас орнатуға келісті. Бұдан бұрын Израильмен Мысыр және Иордания елдері дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. «Бахрейнмен бейбіт келісімге келгеніміз өте маңызды. Ол Біріккен Араб Әмірліктерімен жасасқан тарихи келісім аясында жүзеге асты. Үшінші араб мемлекетімен мәмілеге келу үшін 26 жыл кетті, ал төртінші елмен 29 күнде бітімге келдік. Болашақта олардың саны көбейіп, жаңа бейбітшілік дәуірі басталады» деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.

Ай мен астероидке сапар

2020 жылы ғарыш саласында екі үлкен жаңалық болды. Қытайдың «Чанъэ-5» зонды екі келідей Айдың топырағын әкелді. Осылайша Қытай АҚШ пен Кеңес Одағынан кейін айдан «сәлемдеме» әкелген үшінші елге айналды. Осылайша Қытайдың «қолы» айға жетсе, Жапонияның «Хаябуса-2» ғарыш аппараты Рюгу астероидінен қара тастар мен топырақ әкелді. 2014 жылы жіберілген аппарат аспан денесінің маңына тек 2018 жылы жеткен. Оны 503 күн айнала жүріп зерттеді. Ол астероидтің бетіне тек былтыр ғана қонған. Ал оның жерге жетуіне әлі 2 жыл уақыт бар.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button