Басты ақпаратТалайғы тарих

Жошы ханның жиендері

Бұл Мәскеудің әдемі кезі болатын. Әсіресе Олимпиададан соң алып шаһар басқаша гүлденген, нұрланған… Біз сол жылы оқуға түстік.
…Бір күні таңертеңгі лекциямыз­ды 10-ға шегеріпті. Не лекция? Кім оқиды, ол да жұмбақ. Метродан жаяу­лап келсек оқу корпусының алды ығы-жығы. Ішке кірсек құжынаған ел-жұрт. Көбісі біз танымайтын адамдар. Басқа біреудің үйіне кіргендей имене басып ішке кірдік. Тура қарсы алдымда таныс кісі тұр…
«Ойбай, мынау актердің аты кім еді? Әлгі, Альберт Филозов емес пе?».
Іште бос орын жоқ сияқты… Басқа біреудің лекциясы ма дейін десем, біздің курстағы қыз-жігіттер отыр. Осы кезде залдың түкпірінде ағаш қабырғаға сүйеніп тұрған Андрей Мироновты көргенде есім шығып кетті…
«Мәссаған… мынау әйгілі Мироновтың өзі ғой…».
Біздің осы залда әркімнің өз орны бар. Бұл жазылмаған заң сияқты. Менің орным бос тұр екен. Қосымша қойылған орындықтардың арасынан әзер өтіп, енді орныма отырайын десем, Андрей Миронов түрегеліп тұр екен. Ұялып кеттім… Осындай үлкен талантты әртістің түрегеліп тұрғанына, ал ана Түрікменстаннан келген Аман Джумаевтың былшиып отырғанына жыным келді.
– Здравствуйте, садитесь на мое место, – деп өз орнымды қолыммен көрсеттім. Осы кезде ту сыртымнан директордын орынбасары Вера Игоревна Суменова: «Талгат, Вы сами садитесь… лекция прежде всего для Вас… А гости постоят» деді. Миронов та менің ниетіме риза болып маған қарай жымиып… «Спасибо, Вы сами садитесь» деді… Жүрегім қуаныштан дүрсілдеп «Әттең, осы көріністі Мұса досым көрсе» деп риза болған қалпымда өз орныма қонжия кеттім. Көп ұзамай ішке Никита Михалков, директорымыз Ирина Кокорева және біз танымайтын үш төрт адам лекция оқитын төрге шықты. Директорымыз қасындағы қонақ кісімен таныстырды.
– Қайырлы таң, достар! Бүгін бізде әйгілі ғалым, этнограф-тарихшы, ақын, аңыз адам Лев Николаевич Гумилев дегенде – зал дүр етіп қол шапалақтап тұрып алды. Бізге Лев Николаевичті көндіру, сіздерге келіп лекция оқыту оңайға түскен жоқ…
– Сізге мың рахмет, Лев ­Николаевич. Түнімен жүріп, ­Ленинградтан келсеңіз де, шаршамай бізге жеткеніңізге мың алғыс!
Мен ешқашан мұндай фамилияны естіген жоқпын. Алғашында мен танымайтын сценарист, болмаса режиссер деп ойлап қалғанмын. Сөйтсем ғалым екен ғой. Қонағымыз орта бойлы, толықтау келген, сұйық шашын бір жағына қайырған. Сол бетінде езуден сәл жоғары қалы бар екен және бір аяғын сәл сылтып басатындай көрінді. Сөзін сәлеммен бастағанда тілінде «Р»-ды айта алмайтын мүкісі бар және сәл тұтығып сөйлейтін кісі екен… Ол кісі лекциясын бастап кетті.
Тарихтан – адам баласының сонау көне дүниеден бергі жаратылысы және олардың этносқа бөлінуінің сыры жайлы айта бастады. Өмірі мен естімеген жаңалық. Мен білмеген құпия, беймәлім дүниелер. Ол кісі сөйлеп тұр. Кішкентай залымызда ине шаншыр жер жоқ. Бәрі сілтідей ұйып тыңдап қалған. Бір қызығы, қонақтың қолында не кітап, не дәптер жоқ. Бәрін-бәрін қай ғасыр, қай ел болмасын жатқа айтады. Мен сол күні Еуропа, Таяу Шығыс, Қытай, Үндістан мен Америка тарихы жайлы көп жайтты бірінші рет естідім. Оның үстіне әлгі ғалым қай дәуірде, қай мемлекетте, қандай патша, болмаса король, тіпті будда монахтарының қай жылы туып, қай жылы қайтқандарын айтқанда көзім бақырайып, аузым ашылып қалды. Не деген ғажап, не деген білім… Әсіресе мына кісінің есте сақтау қабілеті қандай ғажап… Үш сағаттай болған дәрісіміз үш минуттай зу етіп өте шықты. Топыр­лаған жұртпен бірге мен де есік алдына шықтым. Жаңағы ғалым қалтасынан папироса алып темекі шекті. Дәл менің папам сияқты папироса тартады екен. Бір сәт әлгі ғалымды қоршаған жұрттың ішінен біреу сытылып шықты да, мен лып етіп кіріп оның орнына тұрдым. Қаумалаған ел-жұрт ана кісіден оны-мұныны сұрап жатыр. Гумилев бір сәт маған көз тоқтатып қарады да:
– Откуда будете, дорогой, – деді, Мен Қазақстаннан екенімді айттым.
– Мне нравится Казахстан… Когда-то мне пришлось побывать там в определенное время, – деді. Осы кезде мен қарап тұрмай, кәдімгі тарихпен шұғылданып жүрген тарихшыға ұқсап…
– Тарихта жоңғар деген халық шын болды ма? Болса олар қазір қайда? Жоқ қой, – деп сұрағанымда, ол көзі күлімдеп:
– Вот эти вопросы мы будем обсуждать в следующий раз, – деді. Бұл кезде директорымыз Ирина Кокорева «Волгасының» есігін ашты да қадірлі қонағын отырғызып, бізбен қоштасып кете барды. Мен аузымды ашып сол орында состиып қала бердім…
– Бұл кім? Қайдан келген ғалым? Егер осы кісіні мана мен көрген тұлғалар тек тыңдау үшін түрегеп тұруға дайын болса, бұл тегін адам емес екен ғой деген ойға қалдым. Аты-жөні кім еді? Лев Николаевич Гумилев…
Лев Гумилевтің екінші лекция­сын асыға тостым. Сөйтсем сол кісі сонау Ленинградтан келіп бізге дәріс оқиды екен. Ғалым ағай әр екі жеті, кейде үш жеті сайын келіп тұрды. Біз де сол ғалымның оқыған әр лекциясын зор ыждахатпен тыңдайтын болдық. Мен алғашқы рет этнос туралы жаңалықтарды сол кісіден естідім. Этнос биосфераның феномені екенін естідім. Пассионарлық теория этногенезінің тарихи процестің құбылысы екенін ұқтым. Лев Николаевич өзінің ұстазы, академик Б.Я.Владимирцовтың «Я хочу понять, как и почему все это произошло» деген сөзін қайталаған сайын көңіліме қона кетті. Бір жағынан қарасаң, баланың сөзі, оқушының ойы сияқты. Бірақ астарында терең философия жатыр. Гумилев бізге желтоқсанның басына дейін келіп тұрды. Менің ол кезде ұққаным Лев Гумилевтің көзқарасы сол кездегі қоғамдық, тарихи, ғылыми қалыптан биіктеп, әсіресе әйгілі ғалымдар мен тарихшылардың пікіріне қайшы келгендігі болатын. Оның түрмеде, айдауда жүріп 30 жыл бойы жазған этногенез жайлы ашқан жаңалығы әлі күнге өз бағасын дәл тарихи деңгейде ала алмай жүрген сияқты. Мен екінші кездесуден соң ғана Лев Николаевичтің анасы, даңқты ақын Анна Ахматова, әкесі Николай Гумилев екенін бір-ақ білдім.
Николай Гумилев – баласы Лев Николаевич айтқандай нағыз пассионарлық тұлға…

НИКОЛАЙ ГУМИЛЕВ

Бозбала дәурен – жарқын сәт әні,
Кеудемді қаным керіп тым.
Көмкерген күннің алтын шапағы
Махаббатыма жолықтым.

Түсімде, менің ертегі сынды
Нәзік қимылмен ымдайды.
Ғажайып үнмен шертеді сырды
Сәулесі алтын күн жайлы.
(Бұл – ақын Жанат Әскербекқызының аудармасы)
Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Абыз қалай деуші еді… «Қайтсын-ау, сыңқыл-сылтың, сылтың-сыңқыл… Тілейді-ау, жас бейбақ. Көктемнің көркін-ай… Мамырдың бір нұр шуағы дермісің. Жасты көрсем осылай көрсемші…». Абыз осы сөзді Гумилевтің дәл осы өлеңіне арнаған сияқты. Әсіресе, түпнұсқадағы бірінші жол – «Явилась юность – праздник мира». Қандай керемет айтылған тіркес… «В моей груди кипела кровь». Нағыз образ… Абыздың меңзеп отырғаны осы күш-қайрат… Тар кеудеге сыймай бара жатқан буырқанған, бұрсанған бұла күш… Таудан құлаған екпіні қатты көктемгі селдей алдыңғының бәрін қауырсын құрлы көрмей, көтеріп кете беретін табиғат мінез… Міне… Жастық… бұл сезім сиқыры, махаббаттың ұлылығы…
Николай Гумилев Кронштадтағы кеме дәрігері Степан Гумилевтің отбасында дүниеге келген. Шешесі – Анна Ивановна. Николай Гумилев орыстың танымал ақыны, аудармашы, әдеби сыншы, ғалым, саяхатшы, Бірінші дүниежүзілік соғыста үш мәрте Георгиев крестімен марапатталған сарбаз. Орыс поэзиясындағы шоқтығы биік ақын – Анна Ахматованың күйеуі.
Николай Гумилев 1921 жылы 3 тамызда «Таганцев астыртын ұйы­мына қатысты» деген желеумен ұсталады. Көп ұзамай Петроградтағы Губчеканың қаулысымен ату жазасына кесіледі. Нақақтан-нақақ құрбан болған 61 адам ішінде талантты ақын, орыс халқынын адал патриоты, этнограф, тарихшы-ғалым да шейіт болды. Олардың қай жерде жерленгені әлі де белгісіз. Адамзат тарихында небір озбырлық, қатыгездік, жан түршігерлік қылмыстар қашанда үлкен желеуді жалау қылып жасалған. Ал осы қатыгездіктің ең сорақысы Ленин әкелген большевизм обасы болатын. Жалпы адамды өлтіру – күнә, ал ақынды ату бұл қатыгездіктің ең масқарасы, жауыздықтың шыңы деуге болады.
1910 жылы Николай Гумилев жас ақын Анна Горенкоға үйленеді. Алайда Аннаның бірде-бір туысы олардың үйленуіне келген жоқ. Себебі олар Николай мен Аннаның үйлі болуына күмәнмен қарады. Көп ұзамай Николай Степанович Африкаға кетеді де, Анна Ахматова жалғыз қалады. Алайда 1911 жылы Ахматова Парижде суретші Амедео Модильянимен танысады. Амедео Модильяни – ХХ ғасырдағы атақты суретші hәм скульптор. Модильяни – Италияда туып өскен экспрессионист, модернист суретші. Модильяни 1906 жылы Парижге келіп, осы елде біржолата қалады. Ұзын бойлы әдемі суретші Амедео Аннаны бір көріп ғашық болады. Ол өзінің шығармаларында Анна Ахматоваға ерекше орын берген. Әсіресе «Жалаңаш қыздар» галереясындағы Аннаның сұлулығы суретші үшін өте қымбат… Менің естуімше, режиссер Александр Миттаның «Москва, моя любовь» фильміндегі суретші жігітпен (Олег Видов) жапон қызының (Комаки Курихара) махаббатына осы екі талант Модильяни мен Ахматова арқау болған деседі. Алайда Анна көп ұзамай елге қайтады. Өйткені бұл кезде Ахматованың аяғы ауыр болған шағы-тын. 1912 жылы Ахматова мен Гумилевтің отбасында ұлдары Лев өмірге келеді. Жас ана сәбиіне арнап өлең жолдарын сонда жазған.
Алайда олардың арасынан бұл кезде ала мысық өтіп кеткен болатын. Лев туған күні әкесі Николай перзентханаға келмейді. Келесі күні де көрінбейді. Ол сері, романтик ақын еді. Оның, әсіресе, алғашқы өлеңдері сезім мен махаббатқа толы, ернеуінен төгілердей кесеге құйылған тастай суық тамыздың қымызындай мөлдіреп тұр.
Пушкиннің поэзиясына еліктеп, Лермонтовтың ерлігіне бас ұрған ақын Николай Гумилев 1914 жылы Африкаға жасаған соңғы экспедициядан соң жанын қоярға жер таппайды. Бұл жары Анна Ахматова екеуінің арақатынасы алшақтай бастаған кезі еді. Сондықтан да ол дүниежүзілік соғыс басталғанда өзі сұранып майданға аттанған. Николай осы майданда көзге түсіп, екінші Георгиев крестімен марапатталады.
Николай Гумилев – «Костер», «Мик», «Колчан», «Чужое небо» және «Огненный столп» кітаптарының авторы. Дарынды ақын отыз бес жасында Петербургта қаза тапты. Бергенінен берері көп, жазғанынан жазары көп этнограф, тарихшы, ғалым аққан жұлдыздай өте шықты. Артында үлкен поэзиясы, дарынды жары Анна Ахматова мен болашақ ғалым, баласы Лев Гумилев қалған болатын. Адам баласына күн ортақ, жер ортақ, су ортақ секілді талант та ортақ байлық. Чайковский мен Пушкин қазаққа қандай таныс болса, Құрманғазы мен М.Әуезов те өзге елге сондай етене… Бүгін де біздің Димаш – қазақтың атын әлемге паш еткен талантты ұл. Николай Гумилев дәл біздің Мағжандай әдебиет пен руханиятқа берері көп дарынды ақын еді… Ал ақындар өздерінің кетер күнін сезеді деген қауесет бар.

АННА АХМАТОВА

Чарли Чаплин, Эйфель мұнарасы мен Толстойдың «Крейсер сонатасымен» бірге туғанмын деп өзі жазғандай, Анна Горенко 1889 жылы 11 маусымда Одессаның түбіндегі Үлкен Фонтанка стансасында өмірге келеді. Әкесі Андрей теңіз инженері болатын. Көп ұзамай олар Петербургтегі Царское селоға көшіп кетеді. Ол Мария қыздар гимназиясына оқуға қабылданады. Осы кезде жүріп екі әлемнің есігін ашады. Біріншісі поэзия есігі болса, екіншісі – 13 жасар қыздың жасөспірім Николай Гумилевпен танысуы.
Ұлы ақын екі революцияны, екі дүниежүзілік соғысты, Ленинградтың блокадасын бастан кешіреді. Анна алғашқы өлеңдерін 11 жасында жазады. Әкесі Андрей қызының өлеңіне көңілі толмай «декадент ақын» «менің тегімді былғап қайтесің?» деген. Алайда тума талантқа ештене де бөгет бола алмады. Қайсар қыз «Ахматова» деп, яғни нағашы әжесінің тегін алады. А.Ахматова туысқан татар халқының ханшайымы Шыңғыстан тараған Жошы ханның ұрпағы-тын.
Анна Ахматова – орыс әлеміндегі әдебиетіндегі, мәдениетіндегі талантымен тарихта қалған тұлға. Екі дәуірде өмір сүріп тұщы өмірдің ащы таяғы маңдайына тиген әйел. Алайда тағдырдың қиындығын да, қасіретін де, жоқты да, жоғалтуды да, азапты да, мазақты да көріп, аштық пен арсыздыққа куә болса да, сағы сынбаған сұлу әйел.
Ахматованың алғашқы кітабы 1912 жылы «Вечер» деген атпен шыққан. Одан соң «Четки» және «Белая стая» жарық көрді. Алайда қызыл большевиктердің революциясы дарынды ақынның аяғына кісен, қолына бұғау салса да қаламына сала алған жоқ. Оған 1924, 1940, 1946 жылдары НКВД үш мәрте арнайы үкім шығарды: «Анна Ахматова является типичной представительницей чуждой нашему народу пустой безидейной поэзией». Бұл ақынды өлтірудің тың жолы болатын.
30-жылдардан бастап ақынның басына тағдырдың қара бұлты үйі­ріле бастаған. Ылғи да «қара киім киген» НКВД адамдары қашан алып кетеді деген үрей болды. Иә… Ол үрей алдамаған екен. Ахматова «контрреволюционер» Н.Гумилевтің әйелі, тұтқындалған қаскүнем қасқой Лев Гумилевтің анасы атанды. Бұл кезеңдер екі көзі төрт болып түрменің терезесіне үңілген шақ еді. Анна Ахматова күндерін баласына барумен, одан бір хабар алам деген үмітпен 17 ай абақтының алдында өткізді. Бұл түрме атышулы «Кресты» болатын. Сеңдей соғылған әйелдер біреуі күйеуін, біреуі бауырын, біреуі баласын тосқан тұл жесірлер. Ақырған солдаттардың дауысы, шынжырдағы иттердің арпылы… Аштық-жалаңаштыққа азапты шақтарды Анна Ахматова осылай түрменің жанында өткізді.
Анна Ахматова бұл кезде Ресейде ғана емес, шет елде де танымал ақын болатын. Оның эмиграцияға кетуге мүмкіндігі де, жағдайы да бар еді. Алайда ақын туған жерінде қалуды жөн көрді.
Орыс әдебиетінен эмиграцияға кеткен алғашқы ақын, жазушы, аудармашы, сыншы Георгий Владимирович Иванов өзінің естелігінде былай дейді:
«…1922 год, послезавтра уезжаю заграницу. Иду проститься к Ахматовой. Летний сад шумит уже по-осеннему. Как тихо, как тревожно. Ахматова протягивает мне приветливо руку.
– А я здесь сумерничаю, уезжаете, кланяйтесь от меня Парижу.
– Анна Андреевна, а Вы не собираетесь уехать?
– Нет, я не уеду из России…
– Но ведь жить становиться совсем не выносимо.
– Да, ну и что же?!
– Но может стать еще хуже
– Пусть будет…
– Не уедете?
– Не уеду».
Анна Ахматова есті де эстет ақын ғана емес, ол сезімтал, қағылез еді. Ол маңайындағыларды өзінің ақыл-парасатымен, көркімен де, көзімен де, ойымен де, бойымен де, дарынымен де, барымен де магниттей тарта білді. Аннаның ерекшелігі, «Сәуегей», болашақты болжай білетін, тағдырын түйсігімен сезетін сергек болуы еді.
Әсіресе оның жазған «Молитва» деген өлеңі Ахматованың арқасы бар, көріпкелдігі көзінде емес, көңілінде, қазақ халқының Мәшhүр Жүсіпіндей ақындық дарынымен бірге қасиет қонған, болашақты меңгерген ерекше жан екендігінің дәлелі. Мына қараңызшы:
Дай мне горькие годы недуга,
Задыханья, бессонницу, жар,
Отыми и ребенка, и друга,
И таинственный песенный дар –
Так молюсь за Твоей литургией
После стольких томительных
дней,
Чтобы туча над темной Россией
Стала облаком в славе лучей.
Ахматованың бақытты кезеңдерінің бірі күйеуі Николай Гумилевпен үйленген соң Париж­ге барған сәті. Бұл ХХ ғасырдың басы-тын. Сенаның жағалауы, Шанз-Элизе триумфалдық арка, Эйфель мұнарасы, Лувр, Нотр Дам. Анна осы жолы әйгілі суретші, скульптор Амедео Модильянимен танысады. Бұл ғажап кездесу еді. Себебі екеуі де талант, екеуі де сұлу, екеуі де Парижге сырттан келген қонақтар. Модильяниді ол кезде ешкім білмейтін. Екеуі ылғи қол ұстасып қыдырғанды ұнататын, бірақ отырмайтын. Себебі ол кезде отырғыштарға ақша төленетін. Ал суретшінің қалтасында ақшасы болмайтын. Шын мәнінде суретшіні білу үшін, тану үшін ақын болу керек шығар. Ал Аннаның сұлулығы Модильяниге азық болды. Оның Аннаға арнап салған жүзден астам суреттері мен эскиздері болған. Алайда өкінішке қарай, көп суреттері жоғалып кеткен. Әсіресе қызыл большевиктердің әскерлері сол ғажап суреттерден «самокрутка» жасап, темекі орап шегетін… Ал қалғаны көшіп-қонып жүргенде, НКВД-нің архивінде жоғалып кетті.
Ешкімнен қаймықпай, ешкімге бас имей, өмір бойы өзінің азаматтығын, адамдығын, ақындығын аялап өткен Ахматова қуанышынан қайғысы, арманынан азабы, теріп жеген тарысынан тауқыметі көп өмір кешіпті. Тек Сталин өлгеннен кейін ғана Анна Ахматова халқына қайтып оралды. Оқырмандар да оны алақанына салды. Екі мәрте Нобель сыйлығына ұсынылды. Оксфорд университетінің құрметті докторы атағына ие болды.ЛЕВ ГУМИЛЕВ

«Когда я начинал заниматься наукой, обратился к древним контактам народов, тюркам, монголам. Казалось эта проблематика вдали от современных проблем. И вдруг национальные отношения, история межнациональных связей – вдруг – все это оказалось в центре всех интересов.
Гуны – это моя радость, это мой витамин».
Бұл сөздердің авторы – орыстың оқымыстысы, тарихшы, ақын, аудармашы, үлкен ғалым Лев Гумилев. Анна Ахматова мен Николай Гумилевтің жалғыз ұлы.
Лев бала кезден әжесінің қолында өсті. 1929 жылы мектеп бітірген соң ғана шешесінің қолына Петроградқа келеді. Бұл кезде Анна Ахматова Николай Пунинмен отбасын құрған болатын. Үйдегі қолайсыздық, өгей әкенің үнсіздігі оның жанына батады. Осындай кезеңдердің бірінде ол өзі сұранып Орталық Азияға экспедицияға шығады. Әкесі Николай Африканы қалай ұнатса, баласы да Орталық Азияға соншалықты құштар болады. Мысалы, Лев Гумилев өз күнделігінде былай деп жазған:
«Смысл моей жизни был в том, чтобы восставить и воздать данные кочевым народам Азии, которых я искренне полюбил».
Орта Азияның аптап ыстығы, шөл дала, ақ шаңқан таулар, көк аспанға ұмтылған жасыл бақтар – бәрі-бәрі де жас жігітке қатты әсер етеді. Ол осы экспедицияда жүріп, парсы, өзбек, қазақ тілдерін үйрене бастайды. Алайда Петроградқа қайта келгенде Лев Гумилевті НКВД тұтқынға алады. Еш дәлелі болмаса да түрмеде 1 жыл отырып шығады. Ақыры ақталған соң, келесі жылы ол Ленинградтағы университеттің тарих факультетіне оқуға түседі. Бұл Лев Гумилевтің ең бір таза, арманшыл, оқуға, білімге, өмірге, көк аспанға, поэзияға, сұлулыққа, аруға іңкәр шағы еді.
Лев Гумилев бір қызығы, Норильскідегі түрмеде қазақ халқының дарынды ақыны Олжас Сүлейменов­тің әкесі Омар Сүлейменовпен бір камерада отырады. Мерзімі біткен соң өз еркімен соғысқа сұранып кетеді. Берлинге жетеді. Алайда қайта келген соң 1949 жылы тағы да сотталады. Қазақстандағы ­КарЛАГ-та 1 жыл өтеу жазасын өткізеді. Жалпы Лев Гумилев түрмеде жүрсе де 7 жыл ішінде 3 томдық өзінің еңбегін жазып шықты. Солардың ішіндегі ең басты еңбегінің бірі «Древние тюрки» болатын.
«Я бы мог гораздо больше сделать, если бы меня не держали 14 лет в лагерях и 14 лет под запретом в печати. То есть 28 лет у меня вылетели на ветер!» Бұл Лев Гумилевтің жанайқайы еді.
«…Каждый народ хранит в себе прошлое, и чтобы ладить с иноплеменниками, надо уважать их этническую уникальность и предвидеть их реакцию на каждое необдуманное слово или поступок. Ведь сколько сегодня конфликтов происходит из-за взаимного непонимания или ложной уверенности, что все люди одинаковы» дейді Гумилев.
Иә, мақаламның басында жазғандай, мен осындай үлкен ғалымның лекциясын тыңдадым. Жаңылмасам, сол кездерде Қоғамдық ғылымдар академиясында оқып жүрген
Қырымбек Көшербаев та одан дәріс алған. Кейін ол Білім және ғылым министрі болып тұрғанда Лев Гумилевтің атын Еуразия университетіне беру туралы ұсынысты Президентке жеткізгенін де білемін.
Лев Николаевичтің өте құнды, мағыналы еңбектері баршылық. Әсіресе біз үшін өте маңыздысы – «Происхождение Казахского этноса».
Л.Гумилев көне тарих үшін де, ежелгі халық болған қазақ халқы үшін де ұшан-теңіз қызмет етті. Ол – әлемдік ойшылдардың бірі де бірегейі. Ол өзінің ғылыми зерттеу­лерінде Ұлы даладағы көшпенді халықтың әлемдік мәдениет пен тарихқа орасан үлес қосқан ұлы халық екендігін дәлелдеді. Сол үшін де 2001 жылдың 5 маусымында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Еуразия университетіне осы тұлғаның аты берілді.
Өз басым азамат ретінде ­ДУМА-дағы Никонов пен Жириновский сияқты өзі су ішкен құдығына түкіретін пенделерге – Қазақ елі жайлы бір пікір білдірмес бұрын алдымен өз халқының тарихшы ғалымдарын оқып таныса деймін. Мысалы Л.Гумилев қазақтар жайлы:
«На основе сохранившихся кочевых семей, родов – как монголов, так и тюрок – стали образовываться племенные союзы – жузы. Алтай, Тарбагатай, Тянь-Шань в сочетании с прилегающими равнинами – этот разнообразный ландшафт был местом, где зародился казахский этнос и откуда, потом распространился на широкие, бескрайние степи Евразии, вплоть до Волги. Казахи как этнос вышли из очень красивой, природно-богатой и благоустроенной страны… Хотя казахи, как народ, существовали, естественно, и раньше. Все три Казахские жуза были объедены между собой политическими и культурными связами, и это была наиболее удобная форма для мирного существования кочевников в Степи».
Мұрнының астынан басқаны көре алмайтын кейбір шовинистер Солтүстік Қазақстанға көз алартып жатқан бүгінгідей алмағайып заманда ұлты орыс болғанмен, жаны қазақ ғалым Л.Гумилевтің сөздері оларға ой салар деген үміттемін:
«…истинная дружба народов возможно только при глубоком уважении к достоинству, чести, культуре, языку и истории каждого народа, широком общении между ними. Мы должны всяческий способствовать дальнейшему расширению контактов национальных культур, их взаимному обогащению, их подъему и расцвету».

P.S: «в моих жилах тюркская кровь Джучи-хана, основателя Золотой Орды «Арсылан-Лев Гумилев».

Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның халық әртісі, драматург, театр
және кино режиссері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button