Жаңалықтар

«Оттық» немесе «Транспорт Тауэр»



Сырт пішіні «оттыққа» ұқсайтын «Транспорт Тауэр» әкімшілік-технологиялық кешені 2003 жылы ашылғанда айналасы суреттегідей бос еді. Сол жағалаудың орталығындағы Қонаев көшесінің ең басында тұрған ғимаратта Көлік және коммуникациялар министрлігі және Индустрия және сауда министрлігі орналасқан.

Биіктігі 155 метрлік, 36 қабатты ерекше ғимарат алыстан көзге бірден түсіп, өзіндік пішінімен, дизайнымен назар аудартады. 2000 жылдардың басында түсірілген ескі суретте оның айналасындағы қазіргі басты деген ірі ғимараттардың іргесі енді қаланып жатыр. Елордада сол жылдары қарқынды жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде «оттықтың» айналасында «ҚазМұнайГаз» компаниясының, «Астана» дипломатиялық қалашығының нысандары, «Көрме» орталығы және тағы басқа маңызды ғимараттар салынып, қазір солардың бәрі жағалай тығыз орналасқан. Ал одан әрі 1 шақырымдай жерде «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы бой көтерді.

Ғимараттың бірінші қабатында атриум, оның айналасында мәжіліс залдары, асхана, түрлі технологиялық мекемелер орналасқан. Ішінде жылдам қозғалатын 10 лифт жұмыс істеп тұр. Қазақстанның ең биік ғимараттарының тізіміне енген нысан көпфункционалды инженерлік коммуникациялармен, заманауи техникалық жабдықтармен жарақталған. Витражының жалпы конструктивті сұлбасы – әлемде қолданылатын озық технологиялардың бірі.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button