Басты ақпаратҚоғам

Пассионарлық жолдың жалғасы



Өткен ғасырдың 80-жылдары совет өкіметі халыққа жақындау мақсатында бір кездері жіберген астамшылығы мен тарихи әділетсіздігін «білместікпен» біртіндеп әшкерелей бастады. Бір жағынан осы кезеңдегі экономикалық дағдарыс алып мемлекеттің өткеніне қайта үңілуге мәжбүрледі. Көмес­кілене бастаған деректер жария етіліп, жасырын әзірленген жинақтарға (самиздат) сұраныс артты. Идеология майданында жар жағалап жүргендер тоқырау табиғатын түсінбей әлекке түсті. Өйткені олар қоғамның көңіл ауанынан, ұлттық сана серпілісінен мүлдем хабарсыз еді. Оны лайықты әрі жете бағалау үшін жаңаша ойлап, батыл өзгерісті бастау қажет еді. Ал халық уақыт талабына бейімделу жолын таңдаған-ды.

Сондықтан тарихымыздың көпшілікке беймәлім тұстарын, шаң басқан «ақтаңдақ» беттерін ашуға жаппай ұмтылыс пайда болды. Әсіресе, жоғары оқу орындарындағы студенттер ортасында, түрлі үйірмелерде, жиындар мен қауымдарда аталған тақырып жиі талқылана бастады.

Сол кездері аз таралыммен жарық көрген тарихи басылымдар, көне, сирек кітаптар қолдан қолға өтіп, ел арасына ротапринт әдісімен жасалған көшірмелер көптеп тарады. Көкірегі ояу жұрт әр жерден там-тұмдап оқығанын да жасырмайтын. Әрине, ондай туындыларды көзі қырағы цензура сүзгісі бір кертіп алса, тың тыңдап, із аңдушылар тұтас тиражын жинап турап тастайтын. Соған қарамастан, құнды кітаптардың азын-аулақ бөлігі түрлі жолмен сақталып, кейінгі ұрпаққа жетіп жатты.

Ал ауыздан ауызға көшіп жүрген терең тарихты, төл шежірені, бірқатар халыққа қатысты оқиғаларды көпшіліктің жадынан өшіру мүмкін емес еді.  Бұл жөнінде Лев Гумилёвтің: «Жад қана уақытты өткенге, қазірге, болашаққа бөледі. Солардың ішінен өткені ғана шын» деп жазғаны бар.

Сондай шын, салиқалы әңгімелерден біршама хабары бар КазГУ-дің студенті, Семей облысы (қазіргі Абай) Қарауыл ауылында туып-өскен болашақ журналшы, біздің курстас досымыз Бейбіт Сапаралин 20 жасында Ленинград қаласына барып, әйгілі Лев Николаевич Гумилёвпен кездеседі. Арнайы барып, үйін, пәтерін іздеуі – жеке әңгіме. Әуелі қалалық адрес бюросына барып сұрау салады, арнайы анықтамалықтан бір емес, екі үй телефон нөмірін тауып алған соң, күні бойы кезегімен теріп, хабарласып ала алмайды. Болмаған соң, адреспен іздеп, ғалымның тұратын мекенжайына барып, қоңырауын басады. Есікті Лев Николаевичтің өзі ашыпты. Бекең өзін жөнімен, асықпай таныстырады. Алыстан іздеп келген жап-жас жігіттің ынтасына, сұрақтарына риза болған ғұлама ерекше қуанып қалады. Ақындар отбасында дүниеге келген әйгілі тұлға, этнос, этногенез ұғымының түп-тамырын, пассионарлық қасиеттің негізін әлемге айқындап берген зерттеуші, аңыз адам – Лев Николаевич Қазақ университеті журналистика факультетінің жігерлі студентіне емен-жарқын сұхбат береді.

Бұл кезде кеңестік түркі дүниесінде Л.Н. Гумилёвті сырттай танымайтын оқыған жұрт сирек еді. Оның ғылыми көсемсөз (публицистика) жанрындағы еңбектері оқылымы көп ғалым дәрежесіне көтерген-ді.

Шындығында, тарихи үдерістің заңдылығын ұқтыратын әйгілі пассионар теориясының авторы да Лев Гумилёв болатын. Оның пайымдауынша, табиғаттағы географиялық және климаттық жағдайлардың құрғақшылық немесе ылғалдың тым көбейіп кетуі – пассионарлықтың қайнар көзі. Осының негізінде ол Орталық Азия, Русь халықтарының Алтын Ордамен қарым-қатынасы тарихын жаңа тұрғыдан қайта қарауды ұсынды. Пассионарлық – белсенді қызметке құлшыныс, мәдени, идеологиялық, философиялық жүйелерді дамытудың өзегі. Ғалым осылай дейді.

Табиғи-әлеуметтік феномен саналатын этнос, суперэтнос белгілі бір өңірде өркениет қалыптастыратынын, ал пассионарлар бұрыннан бар өмір сүру шарттарын өзгерту үшін қоғаммен қақтығысқа түсетінін, идеологиясын батыл енгізіп, жақтастарын көбейте беретінін дәлелдеді.

Барша қоғам пассионарлыққа әрдайым мұқтаж бола бермек. Сондықтан мұндай тағдыршешті талқы, тұжырым – өркениеттің дамуы үшін қашан да көкейкесті күйінде қалмақ.

Осы және өзге мәселелерді Лев Гумилёв кітаптарынан тереңірек оқуға болады. Ең қызығы, студент Сапаралин осыны Ленинградқа барып, автордың өз аузынан естіп қайтты.

Бейбіттің Еуразия тарихының білгіріне екінші рет сәлем беруінің сәті араға екі жыл салып, өзі диплом алатын 1984 жылы қыста түседі.

Ғалымның жұбайы – суретші Наталья Симоновская төсек тартып жатса да, күйеуінің жаңадан шыққан кітабын белгілі академик-профессорларға арнайы жіберуін есіне салып жатқанын естіген Бейбіт сөзге келместен өз көмегін ұсынады. Лев Гумилёвті жетекке алып, жақын жердегі пошта бөлімшесіне барады. Асқан ұқыптылықпен ресімдеп, бірнеше достарына, әріптестеріне бандероль жіберген соң, ақсақалды қайта үйіне жеткізіп салып, ғалымның батасын алады.

Өз елінде емес, ғұндар ұрпағы өніп-өсіп жатқан өзге елдерде сый-құрметке бөленетінін сезгендей әңгіме өрбіткені Бейбіттің есінде қалыпты. Ол жайдан-жай емес еді.

Лев Николаевич Ленинград мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, түрлі себеппен екі рет оқудан шығып қалады. Ал дипломдық жұмысына Орта Азияның қыштан құйылған статуэткалары тақырыбын таңдайды. Түрік, тәжік тілдерін өз бетінше оқып-үйренуі оның айрықша ыждаһатын көрсетеді. Одан соң 1946 жылы КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасына қабылданып, көп ұзамай одан да шығарылады. Ал 1948 жылы өзі оқыған Ленинград университетінде «Алғашқы түркі қағанатының егжей-тегжей саяси тарихы» атты диссертация қорғап, тарих ғылымының кандидаты атанады. Жас ғалым еңбек жолын КСРО халықтары Этнографиялық музейінде аға ғылыми қызметкер болып бастайды. Алайда 1949 жылдың күзінде «антисоветтік қызметпен айналысқаны үшін» айыпталып, 10 жылға сотталады. Әуелі Қазақстанда Қарағанды облысындағы Шерубай – Нұра лагерінде, одан кейін Ресей аумағында жазасын өтейді. Басында 1956 жылы қылмыс құрамының болмауына байланысты түрмеден босатылса, кейін 1975 жылы толық ақталып шығады. Мемлекеттік Эрмитажға кітапханашы, лаборант болып жұмысқа орналасады. Кезінде аяқтап үлгермеген «Ежелгі түріктер. Ежелгі және орта ғасыр шегіндегі Орталық Азия тарихы (VI-VIII ғасырлар)» атты докторлық диссертациясын қорғайды. 1974 жылы ол екінші докторлық диссертациясын «Этногенез және Жер биосферасы» атты тақырыпта география ғылымынан қорғап шығады. Алайда оны Жоғары аттестациялық комиссия бекітпей тастайды. Лев Гумилёвтің ежелгі Русь тарихы туралы гипотезаларына, соның ішінде «Игорь жасағы туралы сөз» поэмасының тарихи желісіне түсінік бергенде, академиялық ғылым өкілдері өре түрегеліп, қарсы шығады. Айтқандай, ол осы тақырыпты кейін өз бетімен зерделеген Олжас Сүлейменовтің әкесі – Омармен айдауда, лагерьде бірге болғанын да Олжасқа «АЗиЯ» идеясын ұсынғанын да Бейбітке айтқан екен. Лев Гумилёвтің тарихты тереңінен қозғап жазған 12 монографиясы әлі күнге дейін пікірталас тудырады. Ғалымды өткен дәуірдегі шым-шытырық оқиғалар қызықтырды, 40-тан астам этностың тарихын тұтас зерттеуге күш салды. 1990 жылы ол жүрек талмасына ұшырап, екі жылдан кейін 80 жасында дүниеден озды.

Есімін есте қалдыру мақсатында Санкт-Петербург университетінде Лев Гумилёвтің музей-кабинеті жасақталып, Коломенская көшесінде өзі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған.

Ал 2005 жылы Қазан қаласының мыңжылдығын атап өту кезінде оған ескерткіш орнатылды. Бір қызығы, дәл сол орынға басында І Пётрдің ескерткішін тұрғызу жоспарланған. Бірақ татар зиялылары өз астанасынан Лев Гумилёв ескерткішін көргісі келді. Сол үшін күресті де. Ақыры солай болды.

Оның тұғырында: «Өмір бойы татарларды жаладан қорғаған орыс адамына» (Русскому человеку, всю жизнь защищавшему татар от клеветы) деп ойып жазылғаны көп сырдан хабар беріп тұрғандай…

Аты мәшһүр оқымыстының тағдыры, сан тарау соқпағы біздің елімізбен де түйісіп жатады. Алматыға бірнеше мәрте келді. Ол араға жылдар салып Қазақстанның тәуелсіз ел болатынын болжап кетті. Кенесары туралы да таңдаулы ой айтты.

1996 жылы Астанада Еуразия ұлттық университеті ашылғанда, қазақ халқы осы оқу орнына өзін еуразияшыл санаған үлкен ғалымның, географтың, археологтің, тарихшының, жазушының есімін берді.

Осы елдік ортақ істе Бейбіттің еңбегі барын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның сұхбаты, ғалым туралы жазғандары зая кетпеді. Ұлт танымын, мәліметін арттырды.

Қазақта Лев Гумилёвпен жолыққан санаулы ғана тұлға бар (А.Сейдімбек, Ғ.Шалахметов т.б.). Соның бірі біздің досымыз Бейбіт екеніне мақтанамыз.

Жалпы, сол кезде болашақта журналшы болуды армандаған бір топ талапты жігіт – Бейбіт, Шәмші, Еркін, Нұртөре, Жүсіпбек, марқұм Алтынбек пен Бейбіт Құсанбек, тағы басқалар (сыраханаға бармағандықтан, үнемі кітапханада жүретіндіктен сыртымыздан «сопылық бағыттағы журналистер» дейтін) бірге оқыдық. Сабаққа бірге даярланып, оқыған-тоқығанымызды бөлісуші ек. Оқу озаттары («автомат» үлгерімдегілер) әрбір семестрден кейін ел ішіне танымдық сапарға шығуы қалыпты жағдай-тын. Сол істің бастамашысы да Бейбіт Сапаралин болатын. Ондағы мақсат – елдің әр қиырынан Қазақ мемлекеттік университетіне жиналған жастардың туған жеріне, ауылына қонаққа барып қайту емес, сондағы тарихи жерлерді аралап, жұртпен, атақты адамдармен жақын танысу еді. Студентке көп шығынның қажеті жоқ, қазақтың дастарқаны ешкімді де аш қалдырған емес. Ал жатын үйдің жағдайын айтсақ, қазіргі қымбат қонақ үйіңіздің жұлдыз саны жетіңкіремей қалатын. Өйткені үміт артып, үкілеген оқудағы баласын сағынған ата-ананың, туыс-туғанның ниеті мен махаббаты бәрімізге бірдей жетіп, тіпті артылып жататын. Қазір «бүгінгі студенттер арасында осындай елтану сапары бар ма екен?» деп те ойланасың. Болса – жақсы, болмаса насихаты керек-ақ.

Бір сұхбатында Лев Гумилёв: «Өмірге құштар жан (отансүйгіштікпен, реформаторлықпен, ғылыми қызметпен, тіпті өнермен айналысқан адам) өзінің отбасына, байлығына, табысына, тіпті денсаулығына да көп көңіл бөле бермейді. Осының бәрін құрбан етсе де, ол бақытты!» деген екен. Біздіңше, пассионарлықтың мәні мен күш-қуаты да осында.

Бізге сондай тұлғалар, азаматтар қажет!

Дархан МЫҢБАЙ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button