Басты ақпарат

ҚАДАМЫҢ ҚАЙЫРЛЫ БОЛҒАЙ, ҚАЗАҚСТАН!



b77b7934ea03679c9529ca9391ba968a

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылданды. Женевадан жеткен жағымды жаңалық бәрімізге бәрекелді дегізіп, жер-жаһанға жайылып жүре берді.

Осынау айтулы оқиғаға байланыс-ты Елбасы Н.Ә.Назарбаев ДСҰ Бас кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, әлемдік әйдік нарыққа қарай қайырлы қадам басқан Қазақстан талабын қолдап, қуаттаған барлық тілектес мемлекеттерге, Ұйым хатшылығына ұзақ жылдарға созылған келіссөздер кезіндегі сындарлы ұстанымдары үшін алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта Қазақстан экономикасы елеулі қиындықтарды еңсеріп, бірталай биіктерді бағындырды. Өндіріс өрге басып, ел-жұртымыздың еңсесі көтерілді. Табыстың тайқазаны тасып, аузымыз аққа тиді. Қазақстан экономикасының құрылымы да үлкен өзгерістерге түсті. Бүгінде ІЖӨ-нің 54 пайызын қызмет көрсету саласы қамтамасыз етіп отыр.
Қазақстан өзінің инвестициялық әлеуетін де едәуір арттырғанын атап өткеніміз абзал. Соңғы он жылда ел экономикасына 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестициялар тартылды. Азуын айға білеген АҚШ, Нидерланд, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Корея секілді алпауыт мемлекеттер біздің ірі инвесторларымызға айналды. Сондай-ақ, экономиканы әртараптандырудың әртүрлі әдіс-тәсілдері қолданылуда. Инвестициялардың тек мұнай-газ, тау-кен секторларына ғана емес, сонымен қатар, өңдеу кәсіпорындарына да келуіне барлық жағдай жасалған. Басымдық берілген салалардағы инвесторлар 10 жылға корпоративтік табыс және жер салықтарын, 8 жылға мүлік салығын төлеуден босатылған.
Сарабдал саясаттың арқасында қол жеткізген жоғарыдағы жетістіктерімізді тілге тиек еткен Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан экономикасын жаһандық нарыққа интеграциялау бойынша үлкен жолды басып өткенімізді және мұнымен тоқтап қалмайтынымызды айтты.
Сонымен ойдағы ісіміз орындалды. Көздеген межемізге көтерілдік. Үлкен тілектің үстіндеміз. Мақсат – айқын, міндет – зор.
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі халқымыздың әл-ауқатын арттыруға игі ықпалын тигізгей!

Талғат БАТЫРХАН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button