Мәдениет

ОЙЛЫ АҚЫН ӨРНЕГІ



16

Жас ақын Нұрислам Құспанғалидың жуырда қолымызға тиген «Қарашадағы өлең» атты жыр жинағы айтулы ақындарымыздың бірі Ғалым Жайлыбайдың ілгеріректе жарық көрген «Қарашығымдағы қара өлең» кітабын есімізге түсірді.

Жалпы, жаңа жинақ Қасым Аманжолов, Төлеген Айбергенов сынды қазақ жырының көрнекті өкілдерінің есімдерін де жадымызда жаңғыртты. Мәселен, «Қарашадағы өлең» кітабының беташар беті «Өзім туралы» өлеңімен ашылады. Дауылпаз ақынның да осы аттас атақты толғауы бар. Бұл – өмірінің соңғы жылдарында жазылып аяқталған толғауында Қасым «бары да», «бақыты да», «жақыны да , «жүрегінің досы да» өлеңі екенін анық айтады. Ал Нұрисламның «Өлең – менің тұңғышым тіл алмайтын,/ Өлең – менің есерсоқ ерке балам…» деген жолдарынан оның жырдағы сапары енді басталғанын, өзіне берілген өлеңді «тәрбиелеу» жағынан әлі де қиналатынын, десек те оны балаға теңеу арқылы жанындай жақсы көретінін білдіреді.
«Бір күні мен, ағайын, үйленемін». Бір жырында осылайды дейтін жас ақынның бұл тармағанын Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым бар» өлеңінің сарыны еседі.
Осы мысалдардан Нұрисламның бойынан бір жақсы қасиетті байқаймыз. Ол қайсыбір толысып болмаған жас ақындар сияқты өзін «классик» санамай, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған ақындарды оқып, өз қаламын ұштайды. Солардың шығармашылығынан нәр алып, өзінше жазуға тырысады.
Тағы бір аңғарғанымыз, Нұрисламның бойында қазақы қасиет молынан шоғырланған екен. Мәселен, ата-анасы алдындағы парызды өлең тілімен өрнектеп, баланың болашағына алаңдайтын әке мен ананың уайымға салынбауын, перзенті алдынан қандай қиындықтар шықса да жеңетінін айтады. Оның ауылына, нағашысына арналған өлеңдерінен де соны көреміз.
Нұрислам – ойлы ақын. Мысалы:
Не үшін өмір сүремін?
Не үшін екен?
Көз жұмам да күндерді кешіп өтем…
Таңдар маған күлімдеп келіп жатыр,
Көрінсе де тірліктің кеші бөтен – деп, өмірдің мәні туралы ой толғайды. Жыр жинағына атау беріп тұрған «Қарашадағы өлең» шығармасы Қазақстан тарихында қаралы саналатын желтоқсан айы алдындағы толғаныс екен.
Жас ақын, сондай-ақ,өмірдің кейбір келеңсіз көріністерін ащы тілмен сынайды. «Ит ағай», «Валентинің құрысын!» сондай өлеңдердің шоғырына жатады.
Әрине, мәңгілік тақырып – махаббатты да молынан жырлайды. Жинақтың екінші бөлімі тұтасымен бұл тақырыптағы өлеңдерден түзілген.
Ақша теріп жүргеніммен қиқымдап,
Астанада арман қымбат, үй қымбат.
Бірақ бәрін ұмыттырған бір қыз бар,
Өзі – сұлу, өзі – сөзсіз сүйкімді-ақ – деп, қандай қиындықтарға жолықса да, адамның жанын ұлы сезім тербететінін ұғындырады.
Әлі есімізде, Лондон Олимпиадасында боксшымыз Серік Сәпиев алтыннан алқа тағынғанда оның жеңісін бірталай ақын жырмен әспеттеді. Бұл жеңістің Нұрисламға қалай әсер еткенін білмедік. Есесіне, сол Олимпиаданың тағы бір жеңімпазы Александр Винокуров мәре сызығын бірінші кесіп өткен сәт жас ақынның жүрегінде жыр тулатыпты. Және бұл осы Олимпиададағы Қазақстан қоржынына түскен алғашқы алтын еді. Өзінің қуанышын Нұрислам «Алтын ұлға арнау» атты өлеңімен жеткізіпті.
Тарихи тұлғаларға арнауларға келсек, Нұрисламның Алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедовке арналған өлеңі де әсерлі шыққан.
Сөзімізді түйіндей келе, кітаптағы өлеңдер жинақ иесі жылтырақ сөзге әуес емес екендігін, жырларын қарапайым, түсінікті тілмен жазатынын айта аламыз. Автор осы бағытынан айнымаса екен дейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button