Сұхбат

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі: ҚАЗАҚ ТІЛІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТУ БАЛА КЕЗІМНЕН БЕРГІ АРМАНЫМ ЕДІ

_50A5409

Біріккен Ұлттар Ұйымының байқауында топ жарған қазақ жігіті жайлы  жағымды жаңалықты естіп, арқа-жарқа қуандық. Аты мен тегі де керемет үйлескен екен – Олжас Сүлейменов болып! Шанхайдың Тонгжи университетін биыл тәмамдаған замандасымыз жақында ғана Нью-Йоркте өткен жастар форумына қатысып қайтты. Құр қайтқан жоқ, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы отырысында сөз сөйлеп, мәртебелі мінберден қазақ тілін күллі әлемге паш етті. Жүректі һәм жігерлі жігіттің терең біліміне сол тұста-ақ тәнті болғанбыз. Олжас елге оралған күні дереу хабарласып, редакциямызға қонаққа шақырдық. Өзі сондай әңгімешіл екен. Ә дегеннен ашыла кетті. Мұндай адамның алдына келгенде, сұрақтарың да таусылмайды ғой. Әр айтқан жауабы кәдімгідей ойландырады, мықты мотивация береді…

БҰҰ Ассамблеясының отырысында сөз сөйлеу – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Оның үстіне, сәлеміңді қазақша жеткізу – екі есе үлкен қуаныш шығар?! «Арманыма жеттім. Қазақ тілін БҰҰ естіді!» деп жазыпсың әлеуметтік парақшаңда. Сол кездегі көңіл-күйіңді, сезіміңді сипаттап бере аласың ба? Әлгі жердің аурасы қандай?

– Байқауға бас-аяғы 130 мемлекеттен 3 жарым мыңдай үміткер қатысқан. Солардың арасынан 70 жұмыс іріктеліп, жеңімпаздарды осы форумға шақырды. Ішінде мен де бармын. Нью-Йоркқа келген соң, бәрімізді бір апта бойы сөз сөйлеуге дайындады. Әрқайсымыздың тақырыбымызды қарап, реттеп дегендей… Шарт бойынша, онда әлемдік алты тілдің біреуінде сөйлеуің керек. Ішінде орыс тілі де, ағылшын тілі де бар. Мектепті орысша оқығандықтан, маған бұл тілде баяндама жасауға болмайды. Ағылшын тілінде сөйлеп, қазір ешкімді таңғалдыра алмайсың. Содан соң қытай тілін таңдадым. Шыны керек, сөзімді қазақша бастайтынымды ұйымдастырушылардың ешқайсысына айтпадым. Әйтпесе, мені сөйлетпей қоюлары да мүмкін еді. Мінбеге көтерілер алдында отыз рет ойланған шығармын. Осыдан кейін мені бірде-бір халықаралық шараларға қатыстырмай қойып жүрмей ме деген қауіп те болды. Ақыры тәуекел еттім. Былай қарасам, менің қытайша баяндамамды ата-анам да, туыс-туғаным да, жерлестерім де түсінбейді. Қазақша бір ауыз сөзбен бастап, сол кісілерді қуантқым келді. Әрі-беріден соң, қазақ тілін әлемге естірту – бала кезімнен бергі арманым ғой. Сол арманды орындайтын күн туып тұрғанын түсіндім. «Ассалаумағалейкум, құрметті достар! Баршаңызға Қазақ елінен жалынды сәлем!» дедім де, әрі қарай қытайша жалғастырдым. Сөзімнің соңын «рахметпен» аяқтадым. Мен сөйлеп болғаннан кейін сондағы біраз кісілер жаныма келіп, «Тілдеріңіз әдемі екен. Бізге неге үйретпегенсіз? Бір аптаның ішінде аз да болса меңгерер едік қой» деп жатты. Мұндай қошеметке қалайша масайрамайсың?!

Баяндамаңа ЭКСПО көрмесін арқау етіпсің. Оның ішінде, қазіргі қоршаған ортаның хал-ахуалына бей-жай қарамайтының байқалды. Бұл мәселе бұрыннан көкейіңде жүрген бе еді?

 – Мені қынжылтатын бір жайт – біздің халық ЭКСПО-ның маңызын әлі дұрыс сезіне қойған жоқ. Оның шын мәніндегі пайдалы қырларын түсінбей жатыр. Елбасымыз бұл көрменің басты тақырыбы етіп жасыл экономиканы таңдады. Ол кісінің өте дұрыс таңдау жасағаны үшін қатты риза боламын. Мен Қытайда сегіз жыл тұрдым. Өзің білесің, дүние жүзіндегі зауыттардың 80 пайызы сол елде. Ауасы лас. Екі жылым Пекинде өтті. Ғалымдардың айтуынша, Пекинде бір күн ауа жұтқаның – 21 тал темекі шеккенмен тең екен. Осыдан кейін-ақ елестете бер. Аспан қысы-жазы сұп-сұр. Түтіннен шарбы бұлттар да, жұлдыз да көрінбейді. Бұл тек Қытайда емес. Қоршаған орта мәселесі бүгінде бүкіл әлем үшін өзекті. Біздің елде өткелі жатқан ЭКСПО көрмесіне көп мемлекеттердің қызығушылық танытып отырғаны сондықтан. Экологиялық апат аймағында дүниеге келген, денсаулығында кінәраты бар достарым көп. Соларды көріп өскен соң, қоршаған орта мәселесін бұрыннан ойлап жүретінмін. Жоғарыдағы әңгімені айта келе, баяндамамның соңында барлық қонақтарды Қазақстандағы ЭКСПО көрмесіне шақырдым.

– Қытайда тұрып жатқаныңа 8 жылдай болды дедің жаңа. Ондағы халықтың, биліктің табиғатқа деген пайдалы істерін өзімізге үлгі етуге тұра ма? Мысалы, менің досым Австралияға барғанында, көршілерінің күн батареясын қолданатынын көріп, таң-тамаша болып келген. Олар, тіпті, үйлеріндегі модемге дейін өшіріп, қуатты «жинайды» екен. Сөйтіп, уақыты келгенде оны жергілікті электр стансасына сататын көрінеді. Жалпы, өзің байқаған осы сынды нәрселер бар ма шетелде?

– Әрине, ондайларды жиі байқаймын. Мәселен, Қытайда тегін пакет жоқ. Біздегідей дүкенде алған затыңды полиэтилен қапшыққа салып бермейді. Керек  болса, ол үшін де ақша төлейсің. Сондықтан тұрғындар супермаркетке өз дорбаларымен келеді. Бір пайдаланылған пакетті қоқысқа лақтырып кетпей, тағы бірнеше рет қолданады. Бұл, біріншіден, қоршаған ортаны таза ұстауға көмектессе, екіншіден тауарды қайта өңдеу процесін де жеңілдетеді. Полиэтиленді қайта өңдеу өте қиын. Қытайлар кәдімгі тұрмыстық батареяларды да көрінген жерге тастамайды. Көшеде оларға арналған ыдыстар қойылған. Тіпті, ондай ыдыстар жатақхана, қонақ үйлерде де бар. Ескі техникамен де дәл солай. Істен шыққан телефон болсын, теледидар болсын, оларды қабылдайтын жерлер бар. Ақысына аз-маз ақша да береді. Бағана өзің айтқан күн батареяларын шығаратын ең үлкен компания Қытайда орналасқан. Олардың әртүрлі заманауи өнімдерін бүгінде жергілікті тұрғындар жақсы тұтынып жатыр. Шүкір, біздің жағдайымыз да жаман емес қой. Отандық компаниялар осындай істерді қолға алып, шынымен де пайдалы дүниелерді шығарса қандай ғанибет?! Елбасымыз ана жолы бір ескерту айтып қалды. «ЭКСПО-ға емес, тойға дайындалып жатқан сияқтымыз. Ешқандай да инновация жоқ» деп. Келісемін. Шынымен де көбіміз үшін көрменің қайда өтетіні, ашылу-жабылу салтанаты, оған қандай әншілер келетіні ғана маңызды сияқты. Жаңа технологияны ойлап табу жағы әлі ақсап тұр.

– Сенімен бірге Ассамблея отырысында басқа елдерден келген бірнеше замандастарың сөз сөйледі. Олар қандай тақырыптарға алаңдайды екен?

– Сенесің бе, жылап тұрып сөйледі кейбірі. Көп аймақтарда су жетіспейді.  Бізбен бірге африкалық жігіт болды. Гананың азаматы. Өзі Ресейде оқыған. Соның туған әпкесі судың жоқтығынан қайтыс болыпты. Сұмдық, иә?! Менің жүрегімді түршіктірген тағы бір жағдай – Мексика, Колумбия мемлекеттеріндегі құлдық. Ол жақта адамдарды ұрлап, сатып жібереді екен. Немесе жұмысқа жегіп, құл қылады. Үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін нәрсе ғой бұл біз үшін. Мінберге шыққан мексикалық студенттің үш туысын белгісіз біреулер солай ұрлап әкетіпті. Колумбия азаматының алты жасар қарындасы да із-түссіз жоқ. Шынымды айтсам, сондай тағдырларды естіп, өзіміздегі бақуатты тірлікке шүкіршілік еттім.

– Бір сұхбатыңда әрбір қазақстандықты «Global citizen», яғни, «Әлемдік азамат» деп атауға болады депсің. Әлемдік азаматтың міндеттері қандай деп ойлайсың?

– Оның міндеттеріне қарапайым адами қағидалардан бастап кәсіби біліктілікке дейінгі дүниелердің бәрі кіреді. Ең алдымен, барды бағалап үйренген жөн. Біздегілер жақсы үйде тұрып, жақсы қызметте істеп, «Халіміз нашар» деп айтуға шебер. Түркияға барып келеді. Анталияның керемет курорттарында демалады. Елге қайтқан соң, «Қазақстанда тұрмыс төмен. Ана жақтікіне жетпейді» деп мұрын шүйіреді. Олар тек туристерге арналған әдемі орындарды ғана көрді. Халықтың арасында өмір сүрген жоқ. Ауылдарын араласа, олай айтпас еді. Біз киноға көп сеніп қалғанбыз. Ал өмірде бәрі керемет емес.

Тағы бір кемшін жеріміз, бізде біреудің шаруасына біреу килігеді. Саясатты таксистер, мұғалімдер талқылайды. Тағы біреулер дәрігердің жұмысына жағаласады. Сантехник саясатты шемішкеше шақпай-ақ қойсын, есесіне ол жөндеген құбырдан қайта су ақпаса болды. Әркім тек өз саласына ғана бас ауыртып, еңбектенсе ғой. Кәсібилік деген содан шығады. «Әлемдік азамат» болудағы басты шарттардың бірі де осы.

– «Қазақ балаларында комплекс көп». Бұл пікірді сырт елдерге шығып жүрген адамдардан жиі естимін. Ондай комплекстің туындауына ата-ананың жастайынан құлаққа сіңіретін «анда барма», «мынаны олай істеме», «өйтуге болмайды» сынды тыйымдары себеп сияқты. Мұнымен қаншалықты келісесің?

– Дұрыс айтасың. Мен Қытайдағы студенттер ұйымын басқардым. Оған бес мыңдай студент мүше. 50 шақты елдің өкілдері бар. Сонда өзімізді басқалармен көп салыстыратынмын. Байқағаным, қазақ жастарында көшбасшылық қасиет аздау. «Leadership skills» дейміз ағылшынша. Неден жасқанатындарын білмеймін, әйтеуір, лидерлікке онша ұмтылмайды. Ал елді танымал ету үшін көшбасшылар керек қой. Әр брендтің артында бір-бір көшбасшы, тұлға тұрады. АҚШ несімен мықты дейсің?! Әлемдік брендтердің 90 пайызы АҚШ-тікі. Оларда өйткені Генри Форд, Стив Джобс, Билл Гейтс, Цукерберг сияқты көшбасшылар бар. Біздің тағы бір кемшілігіміз – өз-өзімізге онша сенбейміз. Өздігімізден жаңа нәрсе ойлап табуға жүрексінеміз. Мемлекетке әбден иек артып кеткенбіз. Қит етсе болды, мемлекеттен күтеміз. Мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не беремін деп өмір сүру керек қой. Байып кеткен кісілерді де жамандауға әуеспіз. Мықты болсаң, сен де жет соның биігіне. Кім кедергі?! Қазақта жақсы сөз бар. «Алмас қылыш қынабында жатпайды» деген. Осы жолғы форумда АҚШ-тық бір студентпен таныстым. Әлгі бала тек бастауыш сыныпты ғана бітірген. Одан кейін қаражаты болмай, оқуын үйінде өз бетімен жалғастырыпты. Кейін ол Массачутесттегі техникалық университетке түседі. Техникалық оқу орындарының рейтингінде бірінші тұр бұл университет. Соны бітіріп, бүгінде Санкт-Петербургтегі компанияда қызмет атқаруда. Сегіз тіл біледі. Магистратура мен PhD-ді Гарвардта оқымақшы. Дарын дегенге сенбеймін. Болса, 1-ақ пайызы шығар. Ал қалған 99 пайызы – таза еңбек. Міне, жетістікке жетем дегендер үшін дайын мысал.

– Бір ұстазымның «Оқушы, студенттер «білемін» дегенді де, «білмеймін» дегенді де ұялмай-қысылмай айтып үйренгені дұрыс. Тек екеуі де шынайы сәттерде айтылсын» дегені бар-ды. Бұл жағы сенде қалай? Өзің білмейтін нәрселерді жиі мойындайсың ба? Жаңа дүниені оқуға, танып-білуге әсер ететін нәрсе не сен үшін?

– Өте жиі деп айтар едім. Әсіресе, кешегідей үлкен форумдарға қатысқанымда, өзімнің әлсіз жақтарымды көремін. Шетелде оқыған кей жастарымыз елге келген соң, осындағы кісілерді «түзетуге» асығып тұрады. Өздерінің бұрыс әрекеттерін мойындағысы келмейді. Жастық максимализм шығар, бәлкім. Ондайдан қатты сақтанамын. Әдетте, ең есі дұрыс адам – өзінің білімсіздігін мойындаған адам. Бәсекеге қабілетті болу үшін сынға да төзе білу керек.

1-курсты аяқтағанымда, ағам екеуміз «Work and Travel» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа бардық. Білесің ғой ондағы жұмыстарды. Қонақ үйдің бөлмесін де жинадық, жалданып ыдыс та жудық, бургер де жасадық. Сол күндерден өзіме үлкен сабақ алғанмын. Білімің болмаса, түкке де керек емес екенсің. Өмір бойы жаңағыдай қара жұмыс істеп жүрмес үшін қазірден бастап қимылдау қажеттігін түсіндім.

P.S. Неге екенін білмеймін, Олжасты академик Асқар Жұмаділдаевқа ұқсаттым. Амбициясы Алатау секілді, тым биік. Тілінен шешендігі төгіліп тұр. Қайда барса да, қазақтың қамын ойлап жүретін Асқар ағасына ұқсаса, жаман болмас-ты. Ондай ұлдар қашанда керек қой бізге…

Әңгімелескен: Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Олжас ағамызды Жетісай қаласына белсенді жастармен кездесуінен танып білдім … қызығы сол ағамыз дос баласының тойына келген екен , уақытын текке өткізбей жастармен кездесу өткізу ниетімен қалалық Нұр отан ғимаратының мәжіліс залында бір топ жастар мен қаланың бетке ұстар азаматтарымен кездесу өткізіп , өмірлік пайдалы кеңестерімен бөлісті , жастарға дұрыс жол көрсетті , ағалық ақыл кеңесін айтты … бәрін айтта бірін айт ағамыз жарады ! Ұлық болсаң кішік бол демекші , кішіпейіл болу адамзатқа берілген ең ұлы қасиет ! Мемлекетіміздің дамып жаһандық мәселелерді шешу жолында сізге денсаулық және қажымас қайрат мол бақыт тілеймін ! Жарайсыз тек қана Алға баса беріңіз !

Пікір үстеу

Back to top button