Басты ақпаратҚоғам

ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ, ҚАЗАҚ ЕЛІ!



Қазақ елін әуезді әнімен, тағылымды әңгімесімен ұйытып, ұйқысынан оятатын «Таңшолпан» – Ұлттық арнаның басты бағдарламасы. Бағдарламаға алғашқы күннен «Таңшолпан» деп ат қойып, айдар таққан Шерхан Мұртаза да шолпан жұлдыздың жарығы қалың қазағына қашан да нұрын шашып, алтын бесігін тербетіп тұрсын деп тілесе керек-ті. Ширек ғасыр бұрын іргесі қаланған бұл бағдарлама, расында да, тәуелсіздік жылдардан бергі әрбір қуанышымыздың, жағымды жаңалығымыздың жаршысы болып келеді. Көк жәшіктің бер жағындағы көрермен үшін экранда үш жүргізуші ғана отырса, оның арғы жағында қаншама адамның маңдай тері, еселі еңбегі жатыр.  

img-20170622-wa0006_resized-kopirovat

Әр таң сайын халықты оятып, қызықты ақпараттар ұсыну, көтеріңкі көңіл күй сыйлау оңай емес. Бұл үшін бағдарлама ұжымындағы 35 адам аянбай еңбек етеді. Күніне 10-13 сюжетке де­йін даярланады. Жүргізушілерге барша жұмыстың 10 пайызы ғана тиісті болса, негізгі еңбекті сахнаның сыртындағы редакторлар, режиссерлер, сценарис­тер атқарады. Бағдарламаның апталық, айлық, тіпті жылдық жоспары дайындалып қойылады. Соған қарамастан, әр күннің жоспары бөлек дайындалады. Әсіресе, қонақтарды шақыру, мәтінді дайындау – редакторларға жүктелетін міндет. Эфирдегі жүргізушілердің көңіл күйі халыққа әсер ететіндіктен, барынша жайлы атмосфера орнату да ұжымның негізгі міндеті.


«Мұнда үздіксіз жұмыс жүргізіледі десем, артық айтпаспын. Ұжымдағы әрбір қызметкер өз жұмыстарын жақсы біледі. Біз студиямызды «қонақжай төр» деп атаймыз. Бұл төрге кімдер шықпаған? Қазақтың игі жақсылары, сүйегіне сөз қонған, қара сөздің қаймағын қалқып ішкен ақын-жазушыларымыз, қайраткер тұлғаларымыз, он сау­сағынан өнері тамған еңбекқор жұмысшыларымыз, ағаштан түйін түйген шеберлер, көмейі­не бұлбұл ұя салған әншілер, бәрі, бәрі – осы редакциямыздың құтты қонақтары. Қазақ елін әрдайым тек жақсы жаңалықтармен қуантып, игілікті істердің жариясы болуды ғана тілейміз» дейді бағдарлама жетекшісі Гүлнұр Оразымбетова.

Әрбір қазақстандықты көтеріңкі көңіл күй, жайдары үнмен оятатын «Таңшолпан» таңғы бағдарламасының эфирге жол тартқанына биыл жиырма бес жыл толады. Алғаш рет 1992 жылы жарыққа шыққан бағдарлама осы уақыт ішінде қазақтың бас­ты бағдарламасына айналды. Себебі сол, отандық телеарналарда мұнша жылдық тарихы бар бағдарлама жоқ. Бағамдап қарасаң, «Таңшолпан» қазақ телеарнасының кішігірім нұсқасы сияқты. Бұл бағдарламада мәдениет те, әдебиет те, рухани-әлеуметтік, қоғамдық мәселелер де жан-жақты қамтылады. Бағдарламаның әсерлі шығуы журналистердің шеберлігі, ойы­ның ұшқырлығына да байланысты. Бағдарлама жетекшісі бұл жағынан ұжымның ұйымшылдығымен мақтанатынын айтады. Оның айтуынша, дамыған технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ұжымның әрбір мүшесі өз жұмыс­тарын асқан жауапкершілікпен орын­дау­ға дағдыланған.

«Журналист болу – менің бала күнгі арманым. Өзім де бұл жағынан қара жаяу емеспін. Жас күнімде респуб­ликалық «Ұлан» газетіне, «Балдыр­ған» журналына шағын әңгімелерім, мақалаларым жарияланып тұрды. «Құрметті, жас тілші!» деген хаттарды да талай алдым. Көшедегі оқиғаның маңызы болса, үйге келіп дереу қағазға түсіретін едім. Менің бұл мамандыққа деген сүйіспеншілігім үлкен. Осы бағдарламаның жүргізушісі бола жүріп те тәжірибе жинадым. Дегенмен өнерде жүрген адамға бірден тележурналистикаға келе қалу оңайға түскен жоқ. Өзіме артылған сенімнің үдесінен шығу жолында үнемі үзбей ізденіс үстінде жүремін» дейді Гүлнұр өз сөзінде.

Ұлттық арна таңертеңгі пердесін осы бағдарламамен ашады. Сондықтан үш сағат бойы қалың көрер­менге ең қажетті ақпараттарды айтып, жан-жақты жұмыс жасауы тиіс бағдарламаның жауапкершілігі атан түйеге жүк болардай маңызды. Осынша уақыт тікелей эфирде жұмыс жасау оңай емес. Сондықтан ұжым екіге бөлініп, жүйелі еңбек етеді. Бір топ бүгінгі эфирді шығарып жатса, екінші топ ертеңгі эфирге қызу дайындық үстінде болады екен.

«Таңшолпан» – Қазақстан Ұлттық телеарнасының беташар бағдарламасы. Бағдарламаны жалпы 4 жүргізуші жүргізеді. Оның үшеуі эфирге шығып отырады. Олар тележурналистикада тәжірибесі мол журналистер –Данияр Есен, Ирина Тен, Баян Бақкелді және Ғалымжан Кеңшілік. Жүргізушілер теледидардың арғы бетінде отыр­ған көрермендермен интерактивті байланыс орнатып, қызықты сауалдар қо­йып отырады. Бағдарламада тұрақты айдарлар бар. Күнделікті 3-4 қонақ шақырылып отырады. Жаңалықтар 1 рет шығады және Астана мен Алматы қалаларының таңғы тынысымен таныстыру үшін редакторлар тікелей эфирге 1-2 рет қосылады. Осылайша, үш сағат уақыттың ішінде жан-жақты толық қамтып, көрерменді рухани байы­тып, ақпаратпен сусындатып отыруды мақсат еткен бағдарламаның бір күндік жұмысы аяқталады. Аптаның соңғы күні, яғни жұмада тікелей эфир тізгінін бағдарлама жетекшісі Гүлнұр Оразымбетова мен Олжас Сыдықбек алады.

Бүгінгі мақаламыздың соңын Қазақ еліне күнде қайырлы күн тілеп оятатын басты бағдарлама жетекшісінің тілегімен тәмамдауды жөн деп таптық: ««Астана ақшамын» оқитын, «Таңшолпанды» көретін барша оқырмандарға, көрермендерге біздер тек жақсы жаңалықтар жариялайық, сіздер тек жағымды дүниелерге қарық болыңыздар дегім келеді! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!».

Гүлжан Рахман




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button