Жаңалықтар

Қайырымдылық көрсетті



IMG_2978

Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам назарынан шет қалмайды. Соның бір көрінісіндей, жақында Астанадағы «Медхауз Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елорданың Алматы ауданында тұратын бір топ мүгедекті Ораза айт мерекесімен құттықтап, сыйлықтар тарту етті.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөзді басшылыққа ала отырып, «Медхауз Казахстан» ЖШС директоры Самат Исабаев аталмыш аудан аумағындағы 50 мү­ге­декке балдақ, таяқ және тағы басқа қажетті заттар сыйлады.
Өздеріне аса қажетті зат­тар­ға қол жеткізіп, мереке қарсаңында қуанышқа бөлен­ген мүмкіндігі шектеулі жандар демеушіге шын ықылас біл­діріп, алғыстарын жаудырды.
– Денсаулығыма байланыс­ты таяқтың көмегінсіз жүре алмаймын. Бұрынғы таяғым ескіріп, жаңасын сатып алуға зейнетақымнан ақша артылмай жүр еді. Ораза айт қарсаңында көптен бергі ойым орындалып, қатты қуанып қалдым. Бәрімізге осындай шаттық сыйлаған демеуші азаматтарға, сонымен бірге Алматы ауданының жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көр­сететін №2 бөлімшесінің ұжы­мына мың алғыс, – деді Қәртай аға Сәтімбеков.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда аялы алақан мен жан жылуын аңсаған жандарға қол ұшын бергенге не жетсін, шіркін! Ендеше, айлардың сұлтаны қасиетті Рамазанда ғана емес, күнделікті тірлікте қайырымды іс жасап, өзгелерге мерекелік көңіл-күй сыйлауды естен шығармайық, ағайын!

Гүлбаршын
МАМЫРАЙЫМОВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button