Жаңалықтар

Қалаға үш жүзден аса жаңа автобус жеткізілді



SUL_5393

Бүгіннен бастап қала ішінде қатынайтын бірқатар автобус жүру бағдарлары өзгереді. Сондай-ақ, 104 және 130 бағыттарға жүретін шағын автобустар үлкен автобустарға ауыстырылады. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, соның есебінен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы жоғарылайды, бірін-бірі қайталайтын бағдарлар саны азаяды, автобус жүргізушілерінің алашапқына тоқтау салынады.

Аталмыш қадам елордадағы қоғамдық көлік қозғалысы жүйесін жаңғырту бағдарламасының аясында жүзеге асырылады. Жалпы, жаңғырту үш кезеңге бөлініп отыр. Алғашқы екі кезеңі осы жазда атқарылса, соңғысы күзде басталады.
Қазіргі таңда Астанада 52 бағдар тіркелген. Бүгін олардың 26-сы өзгертіледі. Ал, жаңғырту жұмысы аяқталған соң бағдарлар саны 60-қа дейін жетпек. Сондай-ақ, бүгін алғашқы аялдамадан мінген жолаушының соңғы аялдамаға жеткенше 90 минут уақыты кетсе, жаңғыртудан кейін бұл аралықты 65 минутта жүріп өте алады.
– Біз елордадағы қоғамдық көлік қозғалысын жақсарту үшін кешенді жұмыстар атқарудамыз. Бұл жұмыстарға маршруттық жүйені қайта құру, жылжымалы құрамды жаңарту, жүргізушілер мен кондукторлардың біліктілігін арттыру, жол ақысын электронды жүйеге көшіру, электронды диспетчерлік пен электронды ақпараттандыру қызметтерін және көлікті бақылау қызметін құру кіріп отыр, – дейді қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев.

Бағдарларды жаңғыртудың тұжы­рымдамасын әзірлеуге халық­аралық «TYPSА» компаниясының халықаралық кеңесшілері тартылды. Сарапшылар қаладағы бағдарларға, жолаушылар ағымына зерттеу жүргізді. Қоғамдық көлікті пайдаланатын адамдар санын анықтап, әлеуметтік сауалдама өткізді. Сауалдамаға 35 мыңнан астам адам қатысты.
Оның қорытындысында жолау­шыларға тиімді жаңа бағдарлар анықталды. Сондықтан жаңа бағ­дарлар қала тұрғындарының 85 пайызының көңілінен шығады деген болжам жасалды.
Жаңғыртудың қалған екі кезеңі «LRT» жеңіл рельсті көлік жүйе­сінің енгізілуіне және 2030 жылға дейін пайдалануға берілетін ірі әлеуметтік нысандардың құры­лысына сәйкес елорданың өсуін есепке алып жүргізіледі.
Жалпы, «Астана LRT» ЖШС жо­лаушылар көлігі бөлімінің басшысы Бейбіт Есжановтың мәлім­деуінше, қазіргі таңда елордаға жаңа 310 автобус жеткізілді, тағы 48 автобус ағымдағы жылдың қазан айына дейін келеді.
– Шілденің 11 күні жаңа «Iveco citylis» маркалы автобустардың 241-ін бағдарларға жіберу көз­делген. 34 автобустың ұзындығы – 18 метр, қалғаны 12 метр болады. Барлық автобустар желдету және бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген, – дейді ол.
Оның айтуынша, биыл елордаға жалпы алғанда 358 жаңа автобус келеді. Келесі жылы қосымша 200-250 қоғамдық көлік сатып алынып, 2017 жылы елорданың автобус паркі тағы 350 автобуспен толықтырылады. Осылайша қаладағы автобус паркі әжептәуір жаңарып, ескі автобустар айналымнан шығарылады. Стандарт бойынша 14 жылдан асқан автобус­тарды тасымалдауға жіберуге
тыйым салынған.
«Астана LRT» ЖШС көлік бөлі­мінің директоры Рустам Халилевтің сөзіне сенсек, Бөгенбай батыр, Н.Тілендиев және Б.Момышұлы даңғылдарында ағымдағы жылдың тамыз айында қоғамдық көліктерге арналған қосымша жолақтар жасалмақ. Ал, биылғы қарашадан бастап автобустарда билет сатудың электронды жүйесі жұмыс істей бастайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button