Мәселе

Қалам ұстаған қауым елдің мәселесін көтереді



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтарын, гранттарын және алғысын салтанатты түрде табыстады.

Президент ақпарат саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, отандық медиа жаңа кезеңге қадам басқанын, қазір ақпарат тарату жылдамдығы, оның мазмұны, құралы – бәрі өте тез өзгеріп жатқанын атап өтті.

«Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтеретініне назар аударды.

«Бұл – өткен ғасырда «Қазақ» газетінің аясында ұйыс­қан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия. Осы міндетті абыроймен атқару үшін әр журналистің бойында ізденімпаздық, жауап­кершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы оңай жол емес. Ал журналистің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек. Яғни ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде қаламын қаруына айналдыр­ған тілшілер аз емес. Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді адал азаматтар десек, артық болмайды.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, еліміздің үздік журналистерін марапаттады. Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы «31 арна» телеарнасының тілшісі Ирина Әлімжановаға, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажанға, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Галина Вологодскаяға берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттарына «Orda.kz» ақпарат порталының тілшісі Илья Астахов, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Әділ Балтабаев, «Tengrinews.kz» ақпарат порталының тілшісі Рабиға Дүйсенғұлова, «Qazaqstan» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық дирекциясы директорының орынбасары Саламат Омаш ие болды.

«Время» газеті, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС, «KazTAG» ақпарат агенттігі және «TDK-42» телеарнасының шығармашылық ұжымдарына ­Президенттің Алғысы жария­ланды.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button