Жаңалықтар

ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ ҚЫМБАТ



_MG_8688

Жуырда елге танымал бір қаламгердің естелігін оқыдым. Сонда әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде сабақ берген Тауман Амандосов деген тау тұлғалы ағамыздың сөзін еске алады. Ол кезде қазіргідей әр аймақта ашылған журналистика факультеті жоқ. Жоғарыдағы айтылған оқу ордасында ғана бар. Оған еліміздің әр түкпірінен арман жетелеп келетін талапкерлер де жетерлік. Бағы жанып, бабы келіскендер студент атанып жатады. Бір қызығы, Тауман ағамыз осы факультетке жолы жіңішке жандардың көбірек түскенін онша қош көрмейді. «Қарақтарым, журналистика әйелдің қолы емес. Ер азаматтың өзі белі қайысып көтерер,  ауыр мамандық. Мүмкін, ертерек ойланып, басқа кәсіптің тұтқасын ұстарсыңдар» дейді екен, қыздарға. Әрине, көпті көрген ұстаз бойжеткендерден оқуды қызғанып тұрған жоқ. Тек қоғамдағы мың батпан жүкті арқалап жүрер мамандықты отбасының ұйытқысы, болашақ ана болар аруларға ауыр тиерін айтса керек.

Одан бері ұршықтай дөңгелеп уақыт өтті, заман талабы өзгерді. Бүгінгі  таңда «телеарнаны басып қалсаңыз да», «газет-журналды парақтасаңыз да»  журналистикадағы қыз-келіншектердің үлесі басымырақ. Тіпті, қоғамда  олардың дауыстары да қаттырақ шығып, батыл пікірлер айтып жатады. Ер азаматтарға қарағанда пысықтау, уақыт тынысын тап баса біледі. Ой еркіндігі де күштірек. Міне, сондай қаламы төселген,  әмбебап та әбжіл журналистің бірі – Қымбат Тоқтамұрат. Бір қарағанда, оның мінезі тіктеу секілді. Сызылып тұрмайды. Ойын ірікпей ашық айтады, бүкпесіз сөйлейді. Бірақ, адалдығы, арлылығы, нәзіктігі болмысынан байқалады. Жазуы да өз мінезі секілді. Нақпа-нақ. Дәлдікті, жеделдікті ұнатады. Мақаласында бір ауыз артық сөз кездеспейді. Кәдімгі, кәнігі құрылысшының кірпішті әсемдеп қалағаны секілді. Бәрі өз орнында тұрады. Жалпы, журналистке екі қасиет керек. Бірінші – жеделдік,  екіншісі – жауапкершілік. Осы екеуі де бойына дарыған.  Мен оны 2006 жылдан бері білемін. Екеуміз осы басылымның  мәдениет бөлімінде қатар істедік. Ол – меңгеруші, мен тілші едім. Сол кезде ол мәдениет, руханият тақырыбына мөлдіретіп қаншама оқылымды дүниелер жазды. Танымал тұлғалармен сұхбат жүргізді. Мен қызыға қараушы едім. Әріптес ретінде одан үйренгенім көп. Иә, осы салада талабым оңғарылып, табанды еңбек етіп жүргенімнің өзі қатарлас әріптестерімнің ықпалы екенін жасырмаймын.      Ол – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Осы газетте ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан қарымды қаламгер Талғат Батырхан ағамыз Қымбатты «полк қызы» деп атайды. Расында, солай. Ол студент кезінен осы басылымға бауыр басты. Жыл сайын тәжірибеден өтті. Ақыры, оқуды тәмамдағаннан кейін сүйікті редакциясына келіп, жұмысқа орналасады.

Міне, содан бері доптай домалап он жылдан аса уақыт өтті. Қымбат – тәжірибесі мол, қарымды қаламгерге айналды. Әлеуметтік саланың білгір маманы атанды. Халықаралық «Шабыт» жастар сыйлығының журналистика саласындағы Гран-при сыйлығын жеңіп алды. Бүгінгі таңда ол осы газетте жемісті еңбек етіп жүр. Оған ең жауапты тапсырмалар жүктеледі. Жауапкершілігі де мығым, қоғамдық белсенділігі де жоғары.

Биыл жиырма бес жыл толып отырған ұжымға бір мөлдір бұлақ болып қосылған Қымбат та елге қаламы қарымды журналист, талантты тілші ретінде танылып үлгерді. «Бір қолымда – қазаным, бір қолымда – қаламым» дегендей екі баланың анасы атанып, отбасының ұйытқысы болып отырған ардақты жан.

 

                                                                                           Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button