Басты ақпаратТуризм

Қаламызды кім таныстырып жүр?



Елордаға қай елден туристер көп келеді? Елі­мізді таныстыратын гидтерді кім дайындайды? Астанамызбен танысуға қанша күн қажет?

Саладағы ең басты мәселе – гид қызметіне көңіл бөлмеу. Әрине, елордада білім, денсаулық саласына қатысты одан да үлкен мәселелер бар делік. Дегенмен еліміздің бет-бейнесін танытатын жол бастаушыларға да көңіл бөлетін уақыт келді. Өйткені елімізге келетін турис­тердің барлығы Қазақстан туралы тек солардың айтқанымен таниды, таныстырғанына сенеді.
– Бүгінде елордада гид болып жұмыс істейтін ресейліктерді, ал Алматы, Шымкент қалаларында өзбек пен қырғыздарды көруге болады. Шетелдік гид, турис­тердің біздің елімізге екінші мәрте келуіне мүдделі болмайды. Бұл – ақиқат. Олар да туристердің өз елдеріне барғанын қалайды. Шетелдік жол бастаушының еліміздің тарихы, адамдары, мәдениеті туралы шынайы ақпарат беруі маңыз­ды. Ал бұл ретте Қазақстанда ешқандай бақылау жоқ. Тек бір ғана шарты бар – кез келген Қазақстан азаматы гид болып жұмыс істей алады, алайда оны да тексеріп жатқан ешкім жоқ, – дейді Астана қалалық турис­тер қауымдастығының президенті Әйгерім Мұхамеджанова. Ол нақты осы мәселе бойынша құқықтық негізде қандай да бір әкімшілік нормалар енгізілу қажеттігін алға тартады.

Тәжірибе керек болса…

Қазіргі уақытта гидтерді дайындау колледжде оқытылады. Бірақ оқу бітіргендердің барлығы мамандығына сай жұмыс істейді деп айту қиын. Себебі кейбіреулер бұл мамандыққа түсу оңай бол­ғаны үшін таңдайды. Қолында дипломы бар, бірақ туристік фирмаларға жұмысқа кіре алмай жүр­ген азаматтар үшін Астана қаласында тегін экскурсияларға қатысып, тәжірибе жинап, жұмысқа тұ­руға мүмкіндік бар екен.
«Дипломы бар маман бізге келіп, өзінің бағын сынауға болады. Егер өзін жақсы жағынан таныта білсе, туристік агенттіктерге ұсынымхат жолдай аламыз. Жобаның тиімді тұсы – жұмысын енді бастаған гид тәжірибе жинақтайды. Шынын айтқанда, туристік фирмалардың көбі тәжірибесі аз кез келген адамды жұмысқа қабылдауға құлықсыз. Елу адамы бар топты тәжірибесі жоқ адамға ешқашан сеніп тапсырмайды» дейді Әйгерім Мұхамеджанова. Оның айтуынша, елордалық туристер қауымдастығының тізілімінде 80 орыс тілді гид, 25 ағылшын тілді және қытай тілінде таныстыратын 100 маман бар екен. Былтыр қытай тілінде таныстыратын гидттердің қатары 70 қандасымызбен толыққан. Жалпы, Қазақстанда қытай тілінде таныстыратын гидттерге қатысты ахуал тұрақты көрінеді.

Гид – пайдалы кәсіп

Туристік индустрияның дамуы, ең алдымен, гидтерге байланысты. Еліміздің оң имиджін танытатын әрі елімізге турис­терді екінші мәрте келтіруге ықпал ететін де солар.
– Тәжірибесі мол жол бастаушы «Мен елімде бақытты өмір сүремін, бізде барлық жағдай жақсы. Шешілмей жатқан мәселелер бар, дегенмен шешілу үстінде» деп барымызды асырып, жоғымызды жасырып айтуы мүмкін. Керісінше айтатындар да болады. Қазақстан туралы негативті пікірлерді естіген адам елімізге келместей болып кетуі мүмкін. Сондықтан гид сан қырлы болуы керек. Тарихымызды, экономикамызды, географиямызды жоғары деңгейде танығаны жөн. Басқа елдерде гид қызметі жақсы дамыған. Олар ең көп пайда табатын кәсіп түріне жатады. Ол жақсы мейрамханаларды, сувенир сататын дүкендерді жарнамалап, ертіп апара алады. Біздің ортада гидпен байланысты бұл қызмет әлі қалыптаспаған. Тек туристермен еріп жүрген үшінші адам ретінде қараймыз, – дейді маман. Бұл пікірдің жөні бар. Өйткені Батыс елдерінде қонақүйлердің, дүкендердің, мұражайлардың, жүргізушілердің табыс табуына гид тікелей ықпал ете алады. Гидтер тек жаз айында жұмыс істеп тапқан табыстарымен келесі жылдың жазына дейін өздерін қамтамасыз ететіндей ақша жинап алады. Дегенмен қиын жұмыс екені рас. Ол бірнеше адамның сауалына жауап бере алатындай білімді, сауатты менеджер және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болуы тиіс.

Қытайлар көп келеді

Астанаға ат басын бұрған туристер туралы көбіне сатушылар жақсы біледі. Әсіресе қытайдан келген қонақтар елорда дүкендеріне кірсе, кез келген тауарды барынша мол алуға тырысады екен.
– Олар қолөнер бұйымдарынан бастап, көкөніс пен шоколадқа дейін сатып алады. Жай ғана сувенирлердің өзіне әр қытай азаматы 150 мың теңгеден жұмсайды. Жалпы, шетелге көп ақша жұмсайтындардың алдыңғы қатарында да қытайлықтар көш бастап тұр. Өткен жылы әлем бойынша 122 млн қытай саяхаттаса, 2006 жылы біздің елімізге туристік сапармен 6463 адам келген. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 4176 адамға ұлғайды. Туристер, әсіресе, біздің органикалық өнімдерімізді ұнатады, – дейді Әйгерім Мұхамеджанова.

Қонақүйлер саны өсті

2017 жылы елордада қонақүйлердің саны 35 пайызға өсті. Туризм индустриясы жоғары деңгейде даму үшін бұл көрсеткіш 90 пайызға жетуі тиіс. Астанада қонақүйлердің бағасы, әрине, қымбат. Сарапшылардың пікірінше, біріншіден, біздің қаламыз курорттық қала емес, іскерлік қалаға жатады. Коммуналдық шығындары да аз емес. ЭКСПО қарсаңында Астанада бірнеше брендтік қонақүйлер желісі бой көтерді. Әлемге әйгілі мұндай қонақүйлер желісінің ашылуы шетелдік туристер үшін табысты елдердің қатарына жатқызуға септігін тигізеді.
Жалпы, Астананы танып білуге қанша күн кетеді? Елордалық кәсіби маман Жанат Бимурзаеваның айтуынша, бес жыл бұрын Астананы таныстыруға небәрі жарты күн жететін болған.
– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу кезінде қонақжайлығымызды танытуға көбіне төрт күн жоспарланды. Туристер оған қоса көрмені аралауға үш күн уақыттарын бөлді, – дейді ол.
Жалпы, алдағы уақытта Астана қаласында нақты жұмыс істейтін гидтердің тізілімі жасақталмақ. Халықаралық тәжірибеге сай оларға куәлік беріледі. Ол куәліктің арқасында гид-қызметкер туристік топтармен бірге музейлерге немесе тағы басқа орындарға тегін кіре алады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button