Жаңалықтар

Қалдырған ізің мәңгілік…



SUL_9250

Шын мәнінде мұғалім мерейін көтеретін қанатты сөздер өте көп әрі оны орынды деп бағалаймыз.  «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай данамыз айтса, «Ұстаз мамандығы – барлық мамандықтың анасы», «Мұғалім – мектеп жүрегі»  дегендей қаншама  асыл сөздер  айтылып жатады. 

Балаға білім мен тәрбие беру ісі қоғам алдындағы аса абыройлы міндеттердің бірі екені сөзсіз. Демек, мұғалімнің көтерген жүгі ешқашан жеңіл болмақ емес. Ал бүкіл саналы ғұмырын мектепке ғана арнаған мұғалімдер туралы айтудың жөні тіптен бөлек. Сондай ұлағатты ұстаздың бірі Астана қаласындағы №63 мектеп-гимназияның ән-күй пәні мұғалімі Ерік Әбенов десек болады.
Ақмола қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №4 қазақ мектебінің түлегі Ерік Әбенов өнерлі отбасында өсті. Әкесі Қоқаш Ақтайұлы әуесқой өнерпаз болған екен. Арнаулы білімі болмаса да қалада үрлемелі аспаптар оркестрін ұйымдастырған. Апалары Шолпан мен Күлпан, ағасы Серік, інісі Берік те өнерге құштар болып, музыка мамандығын алған.
Ал музыка аспаптарының ішінде алдымен домбыраға икемделген бала Еріктің өсе келе көңілі сырнайға бұрылады. Содан талабы таудай баласын әкесі жетектеп әкеліп қаладағы П.Чайковский атындағы музыка мектебіне оқуға береді. Бұл мектепті үздік бітірген талантты түлек 1979 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогика институтына оқуға түседі. Оқумен қатар қалада өтіп тұратын түрлі мәдени шараларға қатысып, білім мен тәжірибені қатар меңгере білген жас маман дипломы қолына тиісімен жолдама бойынша Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты Майшұқыр ауылына барады. Осылайша қалада өскен баланың, еңбек жолы ауылда басталады. Ауыл балаларын ән-күйге үйретті.Үнемі жүзінде күлкі үйіріліп жүретін Ерік мұғалім жастық шақтың қызуымен сырнайлатып жүріп, осы ауылдың бойжеткені Сәуле есімді бухгалтер қызбен махаббаты жарасып, шаңырақ көтереді. Ұлды-қызды болады. Бұл күндері екеуі ата-әже атанып жүр.
Ауылдық мектепте ысылып, тәжірибесі толысқан Ерік Әбенов тоқсаныншы жылдардың басында туған қаласы Ақмолаға қайтып оралады. Бірқатар мектептерде музыка пәнінен сабақ берді. Мектеп оқушыларына эстетикалық тәрбие беру және балалардың музыкалық қабілетін арттыруға сіңірген еңбегі үшін 1999 жылы Ерік Әбенов «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.
Жоғары деңгейлі бірінші санатты ән-күй пәнінің мұғалімі 2009 жылдан бастап №63 мектеп-гимназия оқушыларын өнерге баулып жүр. Көптеген оқушылары түрлі конкурстарда дипломант атанған. Жалпы, тәжірибелі ұстаз Ирина Ивановна Поняева жетекшілік ететін айтулы мектеп-гимназияда шын мәнінде «мектеп жүрегіне» айналған мұғалімдер баршылық. Мәселен, зейнет жасына келсе де оқушыларға сабақ білім беруді жалғастырып келе жатқан Жанат Досымбаева, Надежда Проскурякова, Алма Муксинова, Людмила Антонова жас мамандарға өнеге көрсетіп келеді. Ал мектеп директорының оқу істері жөніндегі орынбасары Динара Табылдықызы бастаған жас мұғалімдер де қалалық және республикалық пән сайыстары мен өнер байқауларында жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Мектепте болған бір күнімізде осындай ұйымның берекелі белестеріне көз жеткіздік.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button