Басты ақпаратМәдениет

Қаллеки театрының қарлығашы



Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма теа­трында аталмыш өнер ошағының негізін қалаушылардың бірі, Қаллеки театрының анасы атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханованың мерейлі 80 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтті. Актрисаның бенефисінде басты рөлді өзі сомдайтын «Кеш» драмасы көрсетіліп, «Қазақ өнерінің қарлығашы» кітабының таныстырылымы болды.Алтын бесігі – Қарқаралының халық театрынан түлеп ұшқан Рымкеш Омарханова одан кейін жақында ғана академиялық мәртебені иеленген Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы Қазақ музыкалық драма театрында ұзақ жыл қызмет істеді. Тәуелсіздіктің елең-­алаңында Ақмолада қазақ театры ашылғанда осы театрдың негізін қалаған талантты режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровтың шақыруымен аталған өнер ошағына келді. Театрдың тұсаукесер қойылымы – ­Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында Дәмелі есімді кейіпкердің бейнесін сомдады.
Содан бері отыз жылға жуық уақыт өтті. Жалпы жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмырында 150-ден аса бейнені сомдап шығарды. Атап айтқанда, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» – Джульетта, ­Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» – ­Толғанай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш –Баян сұлуында» – Мақпал, «Қыз Жібегінде» – Төлегеннің анасы, М.Әуезовтің «Қарагөзінде» – Мөржан, «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, «Түнгі сарынында» – Таңқыбике, Қ.Бекхожиннің «Ұлан асуында» – Айтолқын, Қ.Ысқақовтың «Шырғалаңында» – Қорлығайын, ­С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдығында» – Хадиша, «Ескі үйдегі кездесуінде» – Зейнеп, Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-айында» – Айсұлу, ­Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Биғайша болып кете береді.
Қазір сексеннің сеңгіріне шықса да, А.Дударевтің поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова қазақшалаған «Кеш» драмасында Ганна есімді кейуананы кейіптейді. Бұл қойылым 2010 жылы Тараз қаласында өткен ХVIII республикалық театрлар фестивалінде гран-приді иеленгенін айта кеткен де артық болмас.
Кино өнерінде де айшықты ізін қалдырып келе жатыр. Алғашқыда Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, Әмина Өмірзақова, Раиса Мұхамедьярова сияқты қазақ кино мен театр өнерінің атақты тұлғаларымен бірге «Найзатас бөктерінде» көркем фильміне түссе, кейіннен «Ханталапай», «Алып қашу операциясы», Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» шығармасының желісімен түсірілген кинофильмдерде әженің ролін сомдады.
Шығармашылық кешінде өнердегі осыншама орасан еңбегі атап өтіліп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің атынан Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов мерейтой иесін құттықтап, сый-сыяпат көрсетті.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button