Басты ақпарат

Қалың қардың қарбаласы



Биыл қыста қар ерекше қалың болатын сияқты. Міне, қыс басталғалы айға таман уақыт болды, аспаннан жапалақтап жауған қар, толастаса бір-екі-ақ күн толастаған шығар, қайтадан төпеп қоя береді. Желтоқсан бойы ақ түтектен көз ашпадық. Соңғы күндері елордада«Астана тазалық» ЖШС мамандарының мәлімдеуінше, тек 23-інен 24-іне қараған түні астанада 24130 текше метр қар шығарылған (2011 рейс). Бұл шараға 890 бірлік арнайы техника мен 175 жұмысшы жұмылдырылған.
23 желтоқсан күні күндіз қармен күресуге 1115 бірлік арнайы техника мен 1678 жол тазалау­шы шыққан. Жалпы қыс басталғалы 1027518 текше метр қар қала сыртына тасымалданыпты (85627 рейс).
Қардың қалыпты жағ­дайдан көп жаууы қала шаруашылықтарына да, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне де көп қолайсыздық туғызады. Әкімшілік аумақтарда, жалпы пайдалану учаскелерінде қармен күрес атқарушы биліктің, арнайы мекемелердің ұйымдасқан күшімен жүргізіледі. Қардың қалыңдығы соншалық, кей жерлерде тіпті жарты метр­ге жетер-жетпес. Әрине, қаланың қар тазалау қызметіне қатысты айтылып жатқан сын-ескертпелер аз емес, дегенмен қар қанша көп жауғанымен, жол қозғалысына уақытша бөгет болғанымен, ол дер кезінде тазаланып келеді.

Қардың көп жауғаны, әсіресе, жер үй тұрғындарының зықысын алған. ­«Поляна» жекеменшік секторының тұрғыны Сай­лаубай Мақашев деген ағамыз:
«Қар қалың. Күнде, кейде тіпті екі-үш күн үзбей жауады. Жұмыстан келген соң, 1-2 сағат ауланың қарын тазаламай үйге кіре алмаймын. Өйткені ауламыз тар, тазаланбаса тез толып қалады, қарды үйетін бос орнымыз жоқ. Оны еріксіз жолға шығарамыз. Тек, әйтеуір, оны ертеңге қалдырмай шығарып тастауымыз керек. Таңертең жол тазалау­шылар оны қоса күреп әкетеді. Сөйтіп амалдап отырмыз» дейді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button