Мәдениет

«Ақ жауын» – классиканың қазақша нұсқасы

Белгілі жазушы, драматург Александр Вампиловтың осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған «Тұңғыш ұл» пьесасының желісімен көптеген театрларда спектакльдер сахналанды. Көркем фильм түсіріліп, тіпті, операға дейін қойылды. Өткен аптада Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменов аталмыш туындыны «Ақ жауын» атауымен жаңаша сипатта ұсынды. Қоюшы режиссердің шешімі премьераға қонақ ретінде арнайы келген тәжірибелі театр сыншысы, Ресейдің «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Олег Пивоваровты таң-тамаша қалдырды.Шығарманың негізгі желісі сақталғанымен, режиссер бірқатар өзгеріс­тер енгізген. Кейіпкерлердің өзін «қазақыландырып», спектакльді қазақ көрерменіне неғұрлым жақындатқан.
Фантазияға негізделген мұңлы комедия жанрындағы қойылым бір күлдірсе, бір жылатады. Ауғанстан соғысының ардагері, музыкант Сәкен Тауасаров (Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов) орта жасқа жақындап қалғанда жарынан айырылып, ұлы Уәлихан (Дастан Әлімов) мен қызы Назымды (Ақжан Құрмашева) жалғыз өзі өсіріп, жетілдіреді. Жасы ұлғайғанда оркестрдегі жұмысынан босап қалып, отбасын асырау үшін көшеде өнер көрсетуге мәжбүр болады. Сөйтіп бір күні кештетіп үйіне оралса, күтпеген жағдайға кездеседі. Үйінде тағы бір ұлы, «тұла бойы тұңғышы» күтіп отыр екен. Бұл жағдай мұны қайтып оралмас жастық шағына жетелеп, әскерде жолықтыр­ған Ғалия есімді аруға деген тәтті сезімін оятады.
Содан жандүниесі ішкі арпалысқа түседі. Біресе қуанады, біресе мұңаяды. Сөйтсе, бұл Жеңіс (Жанат Оспанов) пен Рамазан (Әбілмансұр Серіков) атты еріккен жас жігіттердің ойы­ны болып шығады. Екеуі серілік құрып, түн ішінде басқа қалада қалып қойып, жылынып, түнейтін жер іздейді. Осылайша Тауасаровтардың шаңырағына тап болады. Отағасы Сәкеннің өмірінен бір үзік сырды біліп алған соң, Жеңісті оның тұңғыш ұлы деп таныстырып, алдайды. Ұлы Уәлиханнан көңілі қалған, қызы Назымды алысқа ұзатқалы жатқан Сәкен бұған қапысыз сенеді. Бар үмітін енді «тұңғышы» Жеңіске артады. Артынша мұның бәрі ойын болғаны анықталады.
Бұл спектакльден
Те­менов шығармашылы­ғына тән лиризмді көруге болады. Туынды атауы – «Ақ жауын». Осы тұрғыдан алғанда, қойылымды көркемдеген танымал күйші-композитор Секен Тұрысбектің осы аттас белгілі күйі шығарманың лейтмотиві іспеттес. Біздіңше, шығарма отбасы құндылықтарын, ата-ананың бала алдындағы, баланың ата-ана алдындағы парызын насихаттайды. Сондай-ақ, кіршіксіз таза сезім мен ақ ниет арқылы қандай да пиғылы теріс адамды тәрбиелеуге болатынын дәлелдейді.
– Осы күнге дейін классиканы қайта жазып шығу мүмкін емес, кез келген шебер, дарынды режиссердің бұл қолынан келмейді деп ойлаушы едім. Ал Александр Вампилов – классик. Оның «Тұңғыш ұл» пьесасы осы күндері орыстың ХІХ-ХХ ғасырда шыққан классикасымен, Антон Чехов, Лев Толстой шығармаларымен қатар тұр. Талғат Теменовтің қойы­лымын көріп, қателес­кенімді мойындаймын. Ол қайта жазып шыққан туынды нағыз еуразиялық спектакльге айналды. Мұнда үш ұлы мәдениет біріктіріліп кеткен. Әрине, бұл қойы­лымнан мен Вампилов­ты көрмедім, бірақ менің көзіме Шыңғыс Айтматов анық шалынды. Теменов­тей Айтматовты ешкім сезіне алмайды. Вампилов­тың пьесалары бойынша көп спектакль көрдім. Бірақ бұл қойылым ерекше қатарда тұр. Нағыз жаңашыл театрлардың спектакльдері осындай болады. Сізге енді Чеховтың «Ваня ағайын» қоюды ұсынамын, – деген О.Пивоваров Тілектес Мейрамов, Жанат Оспанов пен Ақжан Құрмашеваның ке­йіпкерлерді сәтті сомдауын ерекше атап өтті.
Бұл спектакльді 29 желтоқсан күні де Қаллеки театрында тамашалауға болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button