Руханият

Тектіден текті туады

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, химия ғылымдарының докторы Батырбек Ахметұлы Бірімжановтың атқарған еңбектері мен қызметіне арналған Х мерейтойлық съезд өтті. Қазақстанда 1996 жылдан бері халықаралық Бірімжанов съездері өтуде. Х мерейтойлық съезге 200-ден аса қазақстандық ғалымдар, алыс-жақын шетелден, 70 өндірістік кәсіпорын, ЖОО және ғылыми техникалық мекемелер қатысты.Жиырма алты жыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия факультетінің деканы бола жүріп-ақ лауазым биігіндегілердің қолынан келе де бермейтін, оған бара да бермейтін деңгейде халқымыздың ұл-қыз­дарына әкелік қамқорлық жасады, терең білімді шәкірттер тәрбиелеп, ұлттық ғалымдар династиясын (әулетін) қалыптастыр­ды, жоғары білім саласын сапалық жағынан жетілдірді, химия ғылымдарының жаңа бағыттарын ұйымдас­тырып, әрі қарай дамуына жол ашты. Қыруар жұмысты атқара жүріп, өзінің бұл өмірдегі үлкен борышы – өткен бабалары сияқ­ты ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя отырып, халқына адал қызмет ету деп санады және оның тамаша үлгілерін білім-ғылым әлемінде, қоғами өмірде адами биіктіктен көрсете білді. Бұл – парасатты, текті тұлғаларға ғана тән қасиет. Зия­лы қауым арасындағы ұстазымыз Б.А.Бірімжановтың орны, беделінің қандай екенін 1985 жылдың 7 наурызында қаралы жиында қазақтың асыл тұлғаларының бірі, ғұлама ғалым, көрнекті мемлекет һәм қоғам қайраткері академик С.Зиманов­тың: «Ұлттық Ұлы шоғырдың соңғысын соңғы сапарға шығарып салуда бізбен бірге қазақ елі мен жері күңіреніп қайғыруда» деп тебірене айтқан сөзінен-ақ байқауға болады.
Б.А.Бірімжановтың тікелей басшылығымен 30 ғылым кандидаты, 4 ғылым докторы дайындалды. Бірінші рет жоғары оқу орындары үшін қазақ тілінде «Жалпы химия» (1962ж.) оқулығын шығарды, ол кейінірек екі рет өңделіп, толықтырылып, қайта басылып шықты. Химияның орысша-қазақша терминология­лық сөздігі жасалды, 700-ден астам ғылыми мақалалар жазылды. Жоғары квалификациялық кафедралар даярлаудағы ерен еңбегі үшін Ленин, Құрмет белгісі, Халықтар достығы ордендері және көптеген медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталды, «ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» атағы берілді.
Әкесі – Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов (1871-1927 ж.ж.) Орынбор гимназиясын бітірген, мемлекеттік І және ІІ Дума депутаты, ұлттық мәселелерді көтерген көрнекті қайраткер, Алаш партиясын құрушылардың бірі. Біз бұдан қадірлі ұстазымыздың арғы бабаларынан келе жатқан тектілік қасиетінің заман құбылыстарында да үзілмей ұрпақтан-ұрпаққа жеткенін көреміз, оның көшбасшы өкілдерінің халыққа қалай қызмет етудің тамаша үлгілерін байқатқандығына көз жеткіздік.
Іскер ұстаз декандық қызметті атқарып жүріп-ақ оны қандай биік деңгейге көтеріп, асқақтатты, деканатты жүрек жылылығына толы, халық сыйлап құрмет тұтатын, рухани ізденісті қанағаттандыратын қасиетті орынға айналдырды. Қыдыр дарыған 26 жылдық «Бірімжанов дәуірі» деп аталатын, бүгінде тарих қойнауына кеткен, бірақ та, ұмытылмас, аңызға айналған, қайталанбас сол бір шуақты күндерді осы күндері Қазақстан химиктері сағынышпен әрдайым еске алады.
Химия факультетінің деканы Б.А.Бірімжановтың қамқорлығын көрмеген 1954-1980 жылдар аралығындағы студенттер жоқтың қасы деуге болар. Азаматтық ұстанымы мықты ұстаз Б.А.Бірімжанов, атақ-құмарлыққа, материалдық құндылықтарға бой алдырмаған, тек тектілік пен рухани байлықты бойына жинаған, оны халқының игілігіне дұрыс пайдалана білген, заман ағымына қарай көрегендік сипаттағы шешімдер қабылдай алған, қайраткерлігі жоғары химия ғылымының патриархы болып танылған жаны таза, адами қасиеттің ең биік өлшемдерімен сипатталатын, ұшқыр ойлы, шешен, өткір тағылымды әзіл-қалжыңдарымен де мәселелер шеше білетін, абыройы биік тұлға ретінде ел санасында қала бермек. Академик М.И. Усановичтің өзі: «Не был, нет и не будет такого декана» деп ағынан жарылуы сегіз қырлы, бір сырлы ұстазды мойындаудың тамаша айғағы емес пе?!

Женета ТАШМҰХАМБЕТОВА,
Нұрбүбі ЖАКИРОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button