ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

Қаңғыбас ит-мысық қараусыз қалмайды



Егер үй жануарын асыраймын десеңіз, арнайы заңға сәйкес ит пен мысықты ауладан шығармай ұстағаныңыз абзал. Өйткені көшелерді торуылдаған төрт аяқтылардың қала тұрғындарына зияны тиюі әбден мүмкін.

ЖАНУАРЫҢЫЗ ҮШІН ЖАУАПТЫСЫЗ
Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің мәліметі бойынша, елордада жыл басынан бері 1140-қа жуық ит пен мысық иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 650 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Жалпы, Астана қаласы мәслихаты бекіткен шешімнің «Ит пен мысықтарды серуендету және асырау» ережесіне сәйкес, иттерді тек тұмылдырықпен және мойын жіппен ғана шығарып серуендетуге рұқсат етіледі. Сонымен қатар итімен көшеге шыққан кезде қожайыны міндетті түрде жануарының ветеринарлық паспортын алып жүруі ләзім. Сондай-ақ асыраушылар иттерін қоршаулы аумақта ұстап, кіреберіске ит суреті бейнеленген немесе «Ит күзетеді!» деген тақтайша ілінуі қажет. Үй жануарын серуендету барысында сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін тыныштықты сақтап, кіреберіс, баспалдақ, лифт, балалар алаңы мен саябақ сияқты қоғамдық орындарды ластамауға тиіс. Әйтпесе, ҚР ӘҚБтК 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатын болады. Алайда бұл ережелер өкінішке қарай, үнемі ескеріле бермейді. Салғырттықтың салдарынан да жоғалып кеткен үй жануарлары қаңғыбас ит пен мысықтың қатарын толықтырып, көше кезіп кететінін айтады мамандар.

ҚАБАҒАНДАР ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНАДЫ
Ал оларды аулау Астана қаласы әкімдігі «Астана Ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналды мемлекеттік кәсіпорнының мамандарына жүктеледі. Елордадағы қаңғыбас ит пен мысық саны жыл сайын азайып келеді. Бұрын бір жыл ішінде құрықталған ит пен мысық 11 мыңға дейін жетсе, бұл сан былтыр 7200-ге, биыл 6160-қа азайған.
– Біздің мамандар аулайтын, яғни көше кезген ит пен мысықтың барлығын «қаңғыбас» деуге болмайды. Өйткені апатты үйлер мен жекеменшік секторлардағы тұрғындардың басқа аумаққа қоныс аударуына байланысты және басқа да себептермен асырап отырған үй жануарлары көбінесе иесіз қалып қояды. Бірақ олар қаңғыбас емес. Нағыз қаңғыбас төрт аяқтылар – күшік кезінен қоқыс жағалап, көше кезіп тағыланып кеткендер. Олардың психология­лары да әртүрлі болады, – дейді «Астана Ветсервис» ММК директорының орынбасары Б.Бегалин кинология саласындағы 20 жылдық тәжірибесіне сүйеніп. – Тұрғындар тарапынан «109» қызметі немесе «Астана Ветсервис» мекемесінің 28-59-70 телефон нөмірі арқылы өтініш түскен кезде ит пен мысық аулаушыларымыз төрт аяқтыны құрықтап, уақытша ұстайтын изоляторға алып келеді. Одан кейін олар іріктеліп, иттер сонда қалдырылады да, мысықтар еріктілер жұмыс істейтін жекеменшік «Асенька» мысық баспанасына жөнелтіледі.
Бибол Бегалиннің айтуынша, ветеринарлардың тексерісінен өткен соң ауру емес иттер екі ай бойы уақытша изоляторда болады екен. Мұнда оларға күніне екі уақыт тамақ беріледі. Еріктілер де келіп-кетіп, үй жануарларының күтіміне көмектесіп, қамқорлық танытатын көрінеді. Ал ауру иттерге ұйықтататын улы дәрі беріліп, олар көшелер мен жолдың бойынан жиналған өлекселермен бірге арнайы инсинератор пешінде өртеледі. Қазіргі сәтте уақытша изоляторға 164 ит орналастырылыпты. Мысықтарды қолмен ұстай салатын аулаушы мамандар иттерді құрықтау кезінде пневматикалық тапаншамен қаруланбаса, азулылардың қарсылық көрсететіні белгілі. Бұл ретте қолға түскен қабағандар да қатаң қадағаланады екен.

АРНАУЛЫ БАСПАНА САЛЫНБАҚ
Мамандардың сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта қалада қаңғып жүрген үй жануарларына көңіл бөлінеді. Астана қаласы әкімдігінің ұсынысымен үй жануарларына арналған баспана салынбақ. «Астана Ветсервис» мекемесі директоры орынбасарының айтуынша, ондай орын елорданың шетінде бой көтермек. Үй жануарларының жаңа мекені бір мезгілде 500-ге жуық ит пен 100 шақты мысықты асырауға қауқарлы болмақ. Әлбетте, оған да тек қаңғыбас иттер мен мысықтар ғана емес, иесінен адасып қалған үй хайуанаттары да қабылданбақ. Ережеге сәйкес, төрт аяқтыларды 60 күн ұстайтын орталықтың есігі кез келген қайырымды жанға ашық болатынын айта кеткен жөн. Яғни үй жануарын асырағысы келетіндерге мұндағы ит пен мысық тегін беріледі. Үй жануар­ларын жақсы көретін жандар үшін де төрт аяқтыларға тамақ әкеліп, аталмыш баспанаға күн сайын келіп тұруға, сүйікті иті немесе мысығының күтімімен айналысуға мүмкіндік берілмек. Айта кету керек, жеке иеліктегі «Асенька» мысық баспанасына биылдан бастап қалалық бюджеттен қаржы бөлініп отыр.
– Ит пен мысыққа арналған тұрақ 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Екі қабатты әкімшілік мекемесінің ғимараты мен хайуанаттарға арналған үйшіктер салынбақ. Сол сияқты алдағы уақытта осы жерде жануарларға арналған оқу алаңы мен шағын зообақ ашу да жоспарда бар. Онда да ветеринарлар сияқты мамандар жұмыс істеп, ит-мысықтардың ұрықтануына және құтырмаға қарсы екпесін егіп, күтімімен айналысатын болады. www.vetservis-astana сайты мен еріктілердің инстаграм әлеу­меттік желісіндегі vol_nosa парақшасы арқылы жоғалған жануарлардың суреті жарияланып, иесіне немесе асырауға ниетті жандарға жарнамаланады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қала көшелеріндегі босып жүрген қаңғыбас ит пен мысықтың саны азаяды деп ойлаймыз, – дейді Бибол Бегалин.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button