Мәдениет

Қара қобызын күңіренткен



Елордада еліміздің тарихи дамуын, бай дәстүрі мен дара туған дарындарын, ұлт келбетін көрсететін, ономастикалық айғақтар болуы – заңдылық. Астанадағы атауы да, орналасқан жері де ерекше көшелердің бірі –  Ықылас Дүкенұлы көшесі, ол Сарыарқа ауданында орналасқан.

Бейбітшілік көшесінен басталып, Мұхтар Әуезов, Шәкен ­Айманов көшелерімен қиылысады. Бұрынғы атауы – Дружба көшесі. Ықылас Дүкенұлы көшесі Мұхтар Әуезов, Республика даңғылын, Шәкен Айманов, Жүсіпбек Аймауытов, Шоқан Уәлиханов көшелерін қиып өтеді.  Ұзындығы – 1683,2 метр.

2013 жылы Ықылас Дүкенұлы көшесін Бейбітшілік көшесінен бастап Желтоқсан көшесі бағытына қарай тұйық учаскеге дейін жаңартылды. Осы жұмыс барысында көше жаңартылып, жол бөліктері кеңейіп, адамдар көп жүретін нысандар маңында қосымша автотұрақ орындарын салынды.

Ықылас Дүкенұлы – қазақтың атақты күйші қобызшысы. Ол толғаған «Қорқыт», «Кертолғау», «Қоңыр», «Ықылас», «Жезкиік», «Аққу», «Бестөре» – күйшінің заман туралы азаматтық ойын айқындайтын саяси-әлеуметтік мәні бар күйлер. Оның Сүгір, Ашай, Әйкен деген шәкірттері болған.

Қазақтың атақты күйші-қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан шебері Ықылас Дүкенұлының биыл туғанына – 180 жыл. Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Сары, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса, сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші.  Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор. Қазір жер-жерде күйшінің мұраларын насихаттаған, дәріптеген түрлі кештер өткізіліп жүр. Кештің мақсаты – насихатталуы кемшін дәстүрлі музыка мен оның танымал тұлғаларының бірі – Ықылас Дүкенұлының шығармаларын тыңдарман назарына ұсыну және ол туралы тың деректерді рухани айналымға қосу.

Астанада Ықылас Дүкенұлы атындағы көшенің болуы –  елдігіміз бен руханиятымызды айшықтай түсудің жарқын көрінісі, ұрпаққа берер жақсы насихат, сабақ, үлгі.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button