Мәдениет

Қарақат ӘБІЛДИНА: АСТАНА КYНІ YЛКЕН КОНЦЕРТІМІЗДІ БЕРЕМІЗ



Қазақтың  дарынды  әнші  қызы  Қарақат Әбілдина қазіргі таңда теле­жүргізуші ретінде көрініп жүр. Әу баста сахнаға қара домбырамен шыққан ол кейіннен эстрада әлемінен де өзіне лайық орнын алды. Дәстүрлі ән мен эстрадалық ән – әншінің қос қанаты іспеттес. Рас, кейінгі кезде эстрадалық бағыттағы әндерді көбірек айтып кетті. Алайда, ұлттық нақыштағы туындыларды, қазақтың қазақ екендігін танытатын әндерді де ұмытқан жоқ. Онысын Астананың төрінен ашылған мектеп-студиясында шәкірттерінің бойына сіңіруде. Оған аталған ошақтың табалдырығынан аттағанымызда көз жеткіздік. Есігінен енген бойда әсем әнді шарықтатқан таныс дауысты естідік. Қарақат бір шәкіртіне «екі тумайтын» Кененнің «Ой, жайлау» әнін ыждаһаттылықпен үйретіп жатыр екен. Әншімен сұхбатқа келіскен едік, сабағына кедергі келтірмейік дедік. Әдемі әннің әсерімен отырып, ауылда өткен балалық шағымыз еске түсті. «Қазір өзі де шәкірт тәрбиелеп жатқан әнші өнер жолына қалай келді?» деп ойладық. Сұхбатымызды да осы сұрақты қоюдан бастадық. 

Қарақат

– Қарақат, домбыра мен әннің әліппесін кімнен үйрендіңіз?

– Өзім туып-өскен Жаңа­арқа жері – ән өлкесі, әншілер елі. Онда әу демейтін, домбыра тартпайтын жан жоқ деп айтсам артық емес. Көзі­мізді ашқаннан сол ортада өскендіктен бала жастан домбыра мен әнге әуестігім оян­ды. Мектеп қабыр­ғасында домбыра тартып жүретін Аманжол Әлтаев сияқты аға­ла­рымыз арқала­нып шыққанда аузымыз ашылып қарап отыратынбыз. Содан талаптанып, өзіміз де өздігімізден домбыраны дыңғырлатып тартып, жайлап үйрене бастадық.

Анда-санда теледидар мен радиодан Жанар Айжа­но­ваның әндерін тыңдағанда тез отырып ән сөздерін жазып алуға тырысатынбыз. Қазіргідей техниканың да­мыған заманы емес интер­нетті басып қалып, кез келген әнді көшіре қоятын.

«Таңшолпан» бағдар­ла­масына бола ерте тұрамыз. Сонда Жанар Айжанованы көрсетіп қалған кезде үйдегі бауырларыма «Аға, сіз мына әннің бірінші, екінші жолын жазып алыңыз» деп, өзге­ле­­ріне үшінші, төртінші жолын жазып алуды тапсыра­мын, өзім қайырмасын жазып аламын. Ән екі қайта­ланбайды, бір көр­сетіп қалған кезде сөздерін жазып алып үлгеруіміз керек. Өнерге деген құлшыныстан шалғай ауылда жатып, Жанар апа­мыз­дың репертуарындағы талай әндерді жаттап алдық.

11 жасымда Алматыда дарынды балаларды іріктейтін үлкен байқау жарияланды. Соған Қарағанды облысы, бұрынғы Жезқазған облысынан алты бала жолдама алдық. Сол сайысқа үш күн бойы қатысып, мазмұндама, шығарма жаздық, мәнерлеп оқыдық, домбыра тартып, ән айттық. Содан алты баланың біреуі ғана өтті. Сол – мен болдым. Сөйтіп, тегін оқуға жолдама алдым.

Алланың бұйрығы, әйтпесе, ешкім қолымнан жетектеп, осы бала әнші болсын, өнерді үйренсін деген жоқ. Үйдегілер Алматыға жібергісі де жоқ еді. Алайда, «Осындай жолдама алды» деп естігенде жолымды бөгеген жоқ. Ата-анам «Қалай болады екен?» деп уайымдағаны рас, бірақ бірінші – Алла, екінші – Қымбат Әбілдақызы деген үлкен апайым барда неден қорқамыз дегендей, сол кісіге аманат етіп, еншісіне берді.

Содан арман қала – Алматыға жол тартып, К.Байсейітова атындағы музыкалық кол­ледждің «Домбыра және ән класын» аяқтап, қызыл диплом алып шығып, консерваторияға емтихансыз түстім. Көптеген үлкен әншілердің алдын көрдік. Жәнібек Кәрменовтей ғасырда бір туатын әншіден екі ай сабақ алғанның өзін жетістік көремін. Өкінішке қарай, ол кісі бізге сабақ беріп жүргенде дүниеден озып кетті.

Набат Ойнарова, Қажыбек Бекбосынов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан, Сәуле Жанпейісова сынды ұстаздар маған сабақ беріп, әр мектептің әнін үйренуге мүмкіндік алдым. Консерваторияны бітіріп, аспирантураға түсіп, оны аяқтадым. Бірақ, әрі қарай дамыта алмадым.

Қыз баласы болғаннан кейін тұрмысқа шықтым, дүниеге сәби келді. Өз шығармашылығымды насихаттауға да көп уақытым кетті.

Алматы алғашқы үлкен армандарымды орындаған қала болды. Студенттік өмірдегі байқаулар, Қарақат әнші ретінде танылып, алғашқы берген концертім сол қалада өтті. Алатау етегінде өмірлік серігімді жолықтырып, дү­ниеге сәби әкеліп, ана бақытын сезіндім. Жалпы, Алматының менің жүрегімде алатын орны ерекше.

– Ал Астанаға қалай кел­діңіз?

– 2008 жылы өмірлік серігімнің қызмет бабына байланысты осында көшіп келдік. Әйтпесе, жылы ұяны тастап, бірден қоныс аудару оңай емес. Ол да жоғарыдан берілген бұйрық болуы керек. Миллениумның он жылдығын атқару қажет болды. Соны екі айдың ішінде атқарып, әкімдік үш бөлмелі пәтер берді. Содан кейін үлкен ұлымызбен ақылдастық. «Болашақтың қаласы Астана деп жатыр, ал, айналайын, қай жақта өмір сүргің келеді?» деп бір ауыз айтып едік, ол «Анашым, әке, Астана ұнайды» дегеннен кейін ұлымыздың тілегінен соң осы жерде қалдық. Пәтер де үлкен себебін тигізген болуы керек.

Оған еш өкінбейміз. Арқа самал желімен, боранымен өзіміз өскен жердің ауа райына жақын. Алғашқы жылдары үйрене алмай, біраз қиналғанымыз рас, алайда, қол қусырып отырған жоқ­пыз. Астанаға келген жылы «Қарақат» мектеп-студиясын ашып жібердік. Бұл мектептің болашағына сене қоймағандар да болды. Бірақ, жинаған тәжірибемізді бұл мектептің дамуына жұмсап, бір жүйеге түсірдік.

Қазір жан-жақты ақпаратқа қанықтыратын уақыт боп тұр. Балалар шетелдің әні­не, шетелдің әншілеріне көп еліктеп тұратын заманда өзіміздің ұлттық өнеріміз, ұлт­тық аспаптарымыз, халық әндеріміз назардан тыс қа­лып қоймасын, жастардың құлағына, жүрегіне жетпей қалмасын деген ниетпен осы мектепті аштық.

– Сіз жетекшілік ететін жетігеншілер тобындағы балалардың өнері сүйсінтпей қоймайды. Өзіңіз де осы аспапта ойнайсыз. Жеті­генге қызығушы­лығы­ңыз қалай оянды?

– Шынын айтқанда, осы уақытқа дейін сондай аспаптың қазақта бар екенін білмеппіз. Алғаш үнін естіген кезде «шіркін-ай» деп тамсанып, жетігенге ғашық болдым. Өзімнің жеке концертімде қандай жаңалықпен шығамын, елді немен елең еткіземін, бұрын-соңды болмаған қандай дүниені көрсетемін деген ізденіспен жетігенді қолыма алдым.

– Жетігенді кімнен үйреніп, қанша уақытта меңгердіңіз?

– 2005 жылы берген жеке концертімде ерекше бір жаңалық көрсеткім келді. Сол концертке екі ай уақыт қалған кезде осы аспапты естіп, үніне арбалып қалдым. Содан Алматыдағы Нұргүл Жақыпбек деген ұстаз апайға жолықтым. Оған «Концертіме екі ай уақыт қалды, жетігенмен сахнаға бір күй тартып, бір ән айтып шыға алам ба?» дедім. Апай бетімнен қақпай «Әрине, айналайын, өзіңнің ниетің боп тұрса ол құлшынысың мен талабыңа байланысты» деді. Содан күнде дайындалудың нәтижесінде концертімде «Кербез қыз» деген халық күйі мен «Балапан қаз» атты халық әнін айтып шықтым.

Аспап негізі, күрделі. Оны толық меңгердім, шебер ойнаймын деп айтудан аулақпын. Бір ғана мис­сияны ұстандым, ол – же­тігенді насихаттау, үнін ха­лықтың құлағына жеткізу. Қазір балалардың оған деген қызығушылығы зор. Мәселен, мектепке екі бала келсе, екеуі де осы аспапты үйренсем дейді.

– Мектепте жетігеннен басқа қандай аспаптарда ойнауға үйретесіз?

– Домбырамен ән айтуға, қыл қобыз тартуға үйретеміз. Эстрадалық вокалға да сұраныс үлкен. Заман соған лайық болып тұр. Бірақ, біз балаларға «Эстрадамен ән айту ешқайда қашып кетпейді» дейміз. Сонда өзімді мысалға келтіремін. Халық әнінен бастап, кейіннен эстрадаға келгенімді білесіз. Халық әндерімен сусындаған адам эстрада жанрларындағы әнді еркін шырқайды. Сөйтіп, эстрада деп келген баланың бетін ұлттық өнерге қарай бұрамыз. Әр мектептің өз талабы бар. Біздің талап – ұлттық аспапты меңгеру, халық әнін орындау, содан кейін ғана эстрадаға көшу.

– Қыл қобыз ойнауды үйретеміз дегеніңіз ұнап отыр. Қазір көп жерде қыл қобыздың орнын прима қобыз басып отыр ғой. Сіздерде прима қобыз класы жоқ па?

– Мен прима қобызды мойындамаймын. Ол маған скрипканың жасанды түрі болып көрінеді. Ол – қолдан жасалған нәрсе. Сондықтан, мен оның дыбысын қабылдай алмаймын. Жетіген, домбыра, қыл қобыз нағыз қазақпен үндесіп жатады. Прима қобыздың үні оркестрге әр беру үшін керек шығар, сол үшін ойлап табылған сияқты.

– Мектебіңіздегі са­бақтарыңыз, теле­ар­на­дағы жұмысыңыз біраз уақытыңызды алатын сияқты. Кейінгі кезде сізді әнші ретінде көрмей жүрміз. Жаңа әндеріңізді қашан естиміз?

– Жаңа әндер жазылып жатыр. Жалпы, мен сан қумай­мын. Концертті де жылда беретін әншілердің қатарынан емеспіз. Және оны дұрыс деп есептемейміз. Сағындыру, репертуар жаңарту деген болады. Әр концерттің өзіндік айтар ойы болуы керек. Концертті жаңа бағдарламамен, жаңа тыныс-пен беру қажет. Үш жылда немесе бес жылда концертті шоу қылып беріп отырамыз. Оған үлкен қаражат жұмсалады. Қалай болса солай концерт беру ешқашан болмаған. Ол үлкен жауапкершілік пен үлкен дайындықты қажет етеді. Дыбыс, жарық, декорация бәрі ерекше болады.

– Келесі концерттің уақытын анықтадыңыздар ма?

– Биыл – менің және «Ұлытау» тобының сах­надағы өмірінің 15 жыл­дығы. Қыдырәлінің де 50 жылдық мерейтойы. Осы­лар­дың бәрін біріктіріп, үлкен, ауқымды концертке дайындықты бастадық. Бұйырса, Астана күні, яғни, жаз айларында өтеді. Жаңа бағдарламаны сонда көріп, жаңа әндерді естисіздер.

– Балаға «Ой, жайлауды» үйретіп жатқаныңыздан дәстүрлі әнді әлі де насихаттап жүргеніңізге көзіміз жетті. Алайда, өздеріңіз жүргізетін телебағдарламада бұл кемшін. «Бенефис шоудың» көрерменіміз. Ол жерге неге дәстүрлі әншілерді алып шықпасқа?

– Өйткені, «Рейтинг бер­мейді» дейді. Біз тек қана жүргізушіміз, билік жасауға еш қақымыз жоқ. Оның өз продюсері, өз басшылығы бар. Оған біз араласпаймыз. Бізді жүргізуші ретінде ғана шақырды. Біздің мақсат – қолымыздағы сценарийден ауытқымай, бағдарлама қонағына қой деген сұрағын қою.

Бірақ, азамат, өнердің бір қайраткері ретінде неге Мақпал апамызды ша­қырмайсыздар, неге жыр-термені көрсетпейміз деп айтып жатамыз. Соның нәтижесінде Айгүл Қосанова мен Сәуле Жанпейісованың қатысуымен бірді-екілі бағдарлама түсірілді.

– Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурыз мерекесінің қар­саңында кездесіп отырмыз. Оқырмандарымызға өз тілегіңізді айтсаңыз.

– Наурыз мерекесінің келгенін ең алдымен балаларымызға сезіндіру керекпіз. Мәселен, қыста келетін Жаңа жылдың өз нышандары бар. Шырша құрылады, адамдар бір-біріне сыйлықтар жасайды. Наурыз мерекесіне байланысты менің де осыған ұқсас бір тілегім бар. Неге әдемі әбдіре кейпіндегі дорба, қалта тігіліп, іші тәттіге толтырып сатылмайды? Оның сыртына «Наурыз құтты болсын!» деген сияқты қазақтың әдемі сөздері жазылмайды? «Рафаэлло» деп тамсанып жатамыз, ал неге қоржын, торсық іспеттес қазақтың ұлттық ыдысына құрт-ірімшікті салып саудаламаймыз? Сондықтан Наурыз мерекесіне қатысты әлі де ізденетін нәрселеріміз көп, оған көбіміз бас қа­тырмайтын сияқтымыз.
Мен Наурызды қаладан гөрі ауылда сезінем.

Наурыз мерекесінің мәні түсіне білген адамға тереңде жатыр. Сондықтан сақталуы тиіс салт-дәстүрімізден, ұстану керек ұстанымымыздан ал­шақтамай, насихаттайық. Ең бастысы, оған немқұрайлы қарамайық. Наурыздың мереке екенін балаларымызға сезіндірейік.

– Әңгімеңізге рахмет. Нау­рызда тілегімізге жетейік.

Сұхбаттасқан: Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button