Жаңалықтар

Қариялық қасиет қалды ма?



Әрине, ғафу етіңіз, тақырыпты осылай тосыннан қойғанымызға… Біз бұл жерде үлкендер жайлы артық сөз айтпақ емеспіз. Және көпке де топырақ шашпаймыз. Тек, ғасырлар бойы сақталған ақсақалдық инсититуттың ептеп болса да қасиеті кеміп бара жатқанын айтсақ дейміз. Әйтпесе, біз де ата мен әженің бауырында қазақы тәрбиенің құнарына қанып өскен ұрпақпыз. Бір кісідей үлкендерді сыйлауды, кішіге ізет көрсетуді білеміз. Оның барлығын топырағы торқа болғыр, ардақты әжем күніне мың рет айтып, құлағымызға сіңірді. Сол қазақы тәрбие бүгінге дейін жалғасып келеді. Әйтеуір, ақ басты ақсақал көрсек, бас иіп, сәлем бергіміз келіп тұрады. Одан  жаман болған жоқпыз. Қайта, жасы үлкеннен бата алғанның сауабы мол…

Иә, несін айтасыз, біздің бала күнімізде ақ сақалды қария мен ақ жаулықты әжелердің қатары көп еді. Олардың барлығы жиырмасыншы ғасырдағы зұлмат заманды бастан кешкен, ішкі тәубесі мол, жоққа шүкіршілік етіп отыратын қанағатшыл жандар еді. Артық та сөз айтпайды, асып та таспайды. Әйтеуір, қарапайым ғана қоңыр тіршілікпен күн кешті.
Біздің ауылда Есімсейіт есімді қария болды. Біртоға, парасатты, сөзі елге өтімді, кісілікті ақсақал еді. Жұрт «Ел ағасы – Есекең» деп қадір тұтты. Қанды майданды көзбен көрген жауынгер. Соғыстан кейінгі қиыншылық жылдары колхоз да басқарған. Шаруашылықтың да қыр-сырын жетік біледі. Біз Есімсейіт атаммен көрші тұрдық. Менімен жасты Медет атты немересі болды. Ойын баласы болсам да, үйіріліп, Есімсейіт атамның қасынан шықпай әңгімесін тыңдауға құштар едім. Әңгіменің өзін жүйелеп, сабақтап айтады. Ел іші болғаннан кейін ұрыс-керіс, дау-жанжал болмай тұра ма? Соның барлығын Есімсейіт атам байыппен шешеді. Тіпті, ол кісімен совхоз басшылары да санасады. Біздің ауылға директор болып сырттан келген адам алдымен сол кісіге сәлем береді. Міне, бір ғана ақсақал сол шақта бір ауылды үнсіз ғана басқарып, бәрін орны-орнына қойып отырды. Кейін Есімсейіт атам өмірден озды. Оның жолын Талқанбай атам ұстап қалды. Ол кісі де соғысқа қатысқан, байыпты қарт еді. Кейінірек, Талқанбай атам дүниеден озғаннан кейін ауылдың да құты қаша бастады. Жөн білетін, сөз ұстайтын қариялардың қатары сиреді. Бүгінгі таңда осы қарттардың көзін көрген Егінбай әкем ғана бар. Ал, ол өмірден озса…
Халқымыз қашаннан қариялық жолды ерекше пір тұтқан. Көпті көрген, айтары мол, саналы ақсақалдың сөзіне тоқтаған. Елдің бірлігін солар сақтап отырған. Ешкім де олардың алдын кесіп өтпеген. Осындай ғасырлар бойы сақталған бай дәстүріміз бар-ды. Оның барлық киесі осы текті аталарымыздың бойында болды. Тіпті, қаралы хабарды естірту секілді жауапты істі де солар атқаратын. Олардың арасында үлкендікке таласып, қазіргідей билікке жағымпаздану арқылы, өз шаруасын түгендеп алу есебі де болмаған. Айта берсе, қариялық қасиеттің мәні тереңде еді. Қазақ әдебиетінде ақсақалдық бейне де жоғары дәрежеде сомдалған.
Бүгінгі таңда ақсақалдық жасқа жеткендер кешегі кеңестік дәуірдің тәрбиесін бойына сіңірген, соның дәмін татқан ағаларымыз. Әрине, олардың ішінде «алдыңғы толқынның» асыл қасиетін алып қалған текті ақсақалдар да бар. Бірақ, олардың қатары сирек. Осындайда өзім көзіммен көрген аталарымды сағынам. Бұрын алпыстан асқан кісі шал саналатын. Ол дастарқанның төріне шығып, бас ұстап, бата беретін. Ескі әңгіме, шежіре шертетін. Өзіміз ауылға барғанда байқаймыз, алпыстағы ағалармыз шежіре шертпек түгіл, «ақсақал» десек, ептеп қомпаңдап қалады.
Маған біртүрлі, бүгінгі таңда адам қартаймайтын секілді көрінеді. Қазір алпысты қойып, жетпіске жеткен көкелеріміз де қартайғысы келмейді. Өткен жолы бір тойда жетпістегі көкеміз жиырмадағы қызбен ойнақтап билеп, жұртты таңқалдырды. Оған «Біздің Әбекең әлі жиырмадағы жігіттей» деп көпшілік жел беріп қояды. Көкеміздің одан сайын делебесі қозады. Ақыры, тойдың соңында үлкеніміз деп екі жасқа бата сұрағанда, «не бата, не тілек айта алмай» әбігерге түсті.
Менің ойымша, пайғамбар жасына жеткен азаматты қария деп айтуға болады. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың өзі: «алпыс үшке келдім, енді былайғы өмірім күпірлік, пайғамбардан аспақ күнә» деп өзіне тоқтам жасап, ғұмырының ақырғы он жылын жер астында жасалған мінәжатханада өткізген. Асыл бабамыздың осы сөзі де терең философиялық ойға жетелейді. Ендеше, ұлтымыздың ұлылығын көрсетер қариялық қасиетіміз кемімесе екен дейміз!!!

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button