Басты ақпарат

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұлттың бірлігі – бірінші орында



Кеше елордамыздағы Тәуелсіздік сара­йын­да азат елдің тарихындағы екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. Бұл жолғы ұлықтау рәсімі бұрынғыдан өзгеше өтті.

Тәуелсіздік сара­йының үлкен залында Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Ата Заңымыздың 42-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті халыққа ант берген сәттен бастап лауазымына кірісетінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы оң қолын Конституцияға қойып: «Қазақстан халқына адал қыз­мет етуге, Конституциямызды және еліміздің заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!» деп мемлекеттік тілде ант берді. Одан кейін көк байрағымызды сүйді. Мемлекеттік әнұранымыз шырқалды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қ.Тоқаевқа ҚР Президентінің куәлігін тапсырды.

Мемлекет басшысы ұлық­тау рәсімінде сөйлеген сөзінде өзіне сенім білдірген және қолдау көрсеткен Тұңғыш Президент пен Қазақстан халқына алғысын айтты. «Бұл сайлау демократиялық талаптарға сай өтті. Бұл жолғы жеңіс – халықтың жеңісі. Біз біртұтас халық ретінде Қазақстанның алдағы даму бағдарын анықтадық. 9 маусымда қазақстандықтар жарқын келешегі үшін дауыс берді. Бізге әр азаматтың ұстанымы маңызды, өйткені біз үшін халықтың бірлігі, достығы ең басты құндылықтарымыз болып табылады. Бұл құндылықтарды сақтай білуіміз керек. Президент ретінде өз халқыма айтарым, еліміздің әрбір азаматының мүддесін қорғау менің басты мақсатым болмақ. Мен олардың саяси көзқарасы және нұсқау бойынша бөлінуіне жол бермеймін. Ең басты міндет – халыққа заңды түрде және адал қызмет ету. Біздің тағдырымыз да, еліміз де біреу» деді Президент.

«Билік уәде бермей, жұмыс жасауы керек»

Мемлекет басшысы өз сөзінде бейбітшілік, дос­тық және халықтың бірлігі мен келісім ең негізгі құндылықтар екеніне, оларды көздің қарашығындай қорғау қажеттігіне тоқталды. Ол өзінің қызметінде әртүрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен сындарлы ұсыныстар мен бастамаларды міндетті түрде ескеретінін айтты. Бұл сайлауда халықтың Елбасының стратегиялық бағдарын қолдау үшін дауыс бергенін жеткізді. «Нұрсұлтан Назарбаев күллі әлем мойындаған даму моделін құрды, сол арқылы Қазақстанды жер-жаһанға танытты. Елбасы – біздің мемлекеттілігіміздің басында тұрған ұлы тұлға. Елбасының еңбегіне құрметпен қарау және оны сақтау – біздің ортақ парызымыз» деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол Елбасының стратегия­сын одан әрі жүзеге асыру үшін Тұңғыш Президент белгілеп берген жолмен жүретінін қадап айтты. «Мен өткір, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысамын. Бізге әлеуметтік саясатты мүлдем жаңартатын кез келді. Әлем өзгерістер дәуірін бастан кешуде. Қазақстанның алдында жаңа сын-қатерлер пайда болды. Бұл – жаңа дәуірдің нышаны. Сау­да соғыстары, халықаралық қатынастардың шиеленісуі, өңірлік жанжалдардың өршуі – мұның бәрі жаңа заманның шындығы. Бүгінгі таңдағы сынақтарға жауап ретінде экономикалық, әлеуметтік және саяси прогреске ұмтыламыз. Президент ретінде мен үшін ең маңыздысы экономикалық дамуға қатысты жалпы цифрлар емес, барлық азаматтардың шынайы әл-ауқаты болмақ» деді Президент. Ол сондай-ақ биліктің қарапайым адамның мұқтаждықтарына құлақ асып, мәселені тез шешіп, халықтың алдында есеп беріп отыратынына екпін түсірді. Биліктің уәде бермей, жұмыс істеуі қажеттігін атап айтты. Мемлекеттік биліктің формуласы – күшті өкілетті Президент, ықпалды, әрекетке бейім Парламент, халыққа есеп беруге міндетті Үкімет болатынын мәлім етті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы биліктің қоғамдағы ең өзекті мәселелерді шешу жолдарын білетінін айтты. Ол қараша халықты ең алдымен қоғамда әділеттіліктің салтанат құруы, адамдардың табысындағы үлкен алшақтық, қоршаған ортаның аянышты халі, таза ауыз судың жетіс­пеу­шілігі, жолдардың сапасы және халық пен биліктің арасындағы диалог толғандыратынын тізбелеп шықты. Оның па­йымдауынша, мұндай диалог пікір алуандығын мойындау арқылы құрылуы тиіс. Әртүрлі пікірлер болғанымен, ұлттың бірлігі бірінші орында тұрғаны жөн. Осы мақсатта қоғамдық сенім жөніндегі ұлттық кеңес құрылады. Оның құрамына жастарды қоса алғанда, қоғамның барлық өкілдері кіреді. Аталған кеңестің алғашқы жиыны тамыз ­айында өтеді.


Тоқаев таңдаған он бағыт

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұлықтау рәсімінде өзінің жұмысына тұғыр болатын негізгі он бағытты атап айтты.
Бірінші бағыт – халықтың табысын өсіру. Адамдар алаңсыз өмір сүруі, еңбек етуі, ұрпақ өсіруі және елдің жетістіктеріне қуана білуі үшін экономикалық өсім қажет. Жақында өтетін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттары анықталады.
Екінші бағыт – сыбайлас жемқорлықты жою. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне де­йін еліміздегі жемқорлықтың деңгейін барынша төмендету бойынша реформалар жиынтығы дайындалады.
Үшінші бағыт – сот және құқық қорғау жү­йелерін реформалау. Сот – заңның үстемдігінің кепілі, сон­дықтан судьялардың жоғары кәсіби және моральдық талаптарға сай болуы – маңызды міндет. Бұл қыз­метке судьяларды және үміткерлерді іріктеу және бағалау жүйесін қатайту қажет. Құқық қорғау жүйесінің негізгі міндеті – халықтың сеніміне ие болу.
Төртінші бағыт – жұмыс орындарын ашу және халыққа лайықты жалақы төлеу. Ұлттық табысты әділ бөлу – стратегиялық жағынан маңызы зор мәселе. Бюджет қаражаты ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуы тиіс.
Бесінші бағыт – баспана мәселесін шешу. Бұл жерде әр санаттағы азаматтардың баспана алуына көңіл бөлінеді. Біздің алдымызда бірыңғай тұрғын үй саясатын дайындау міндеті тұр.
Алтыншы бағыт – әді­летті әлеуметтік саясат. Бұл салада бірінші кезекте халықты оқытуға, сапалы медициналық қызмет көрсетуге көңіл бөлінеді. Жалпы алғанда, аталған мәселелер бойынша кешенді бағдарлар нақтыланған. Алдағы уақытта мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін, құқықтарын қорғайтын заңдар қабылданады. Олардың материалдық жағдайын жақсартуға назар аударылады.
Жетінші бағыт – «Қуатты өңір – дамыған Қазақстан» қағидатымен өңірлерді дамытудың жаңа бағыты. Қоғамды алаңдатқан нақты мәселелерді атқарушы органдар жергілікті деңгейде шешуге міндетті. Алайда өңірлерде қордаланған мәселелерді шешуге халық белсенді түрде қатысуы тиіс.
Сегізінші бағыт – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтары біздің негізгі рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихымызға құрмет, Отанды сүю, ғылым мен білімге құштарлық – бұл біздің халқымыздың асыл қасиеттері. Мұндай қасиеттер бірлігімізді нығайтып, халқымыздың жасампаздық күшін арттырады. Жастар – елдің келешегі, сондықтан біз бұл бағдарламаны жастарды тәрбиелеуге пайдалануымыз керек.
Тоғызыншы бағыт – ­сыртқы саясат. Әлемдік сая­сатта ұлттық мүдделерді қорғауды жалғастыру. Қазіргі таңда Қазақстан әлемде үлкен беделге ие болып, өзін ашық, сенімді және жауапты әріптес ретінде танытты. Біз конструктивті көпвекторлық саясатымызды одан әрі жалғастырамыз. Сыртқы саясаттағы қызмет елімізге, ұлттық бизнеске және әр азаматқа нақты пайда келеді.
Оныншы бағыт – жастармен жұмыс істеу. Жастар – дамудың қозғау­шы күші. Сол себептен Қазақстанның дамуында жас буынның шешуші рөл атқаратын анық. «Менің міндетім – әр­бір жасқа өзінің аяулы ар­манына қол жеткізуге, жеке табысының тарихын жасауға мүмкіндік туғызу. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіндегі жас талантты басқарушыларды қызмет сатысымен өсіру үшін президенттік ­кадрлық резерв жасақталады. Біздің жастарымыз мақсатшыл, еңбекқор, жаңашыл, сондықтан Қазақстанның келешегі сенімді ұрпақтың қолында болады» деп сөзін түйіндеді Қ.Тоқаев.




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button