Әлеумет

Қауіпсіздік сертификаты қауіпсіз бе?



…Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, – деп Ы.Алтынсарин бабамыз ­жырлағанда, қалың оқырман қиял-ғажайып ертегісіндей қабылдап еді. «Елу жылда – ел жаңа» деген ғой. Адам айтса нанғысыз сол заман да келіп жетіп бүкіл дөңгеленген дүниенің тұрғыны ұялы байланысқа байланып, ғаламторға телміріп, алақандай қалта телефонына тәуелді болды да қалды. Әлеуметтік ­желідегі ақпарат ағыны екпінінің қаттылығы соншалық, жадыңа тоқып та үлгере алмай жататын жағдайлар болады. Енді осындай алып байланыстың иелері Kcell, Activ деген мүйізі қарағайдай ­компаниялар қауіпсіздік сертификатын орнатамыз деген хабар таратты. «Тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетер» демекші, осы жаңалық бүкіл қоғамды елеңдетіп тұр. Одан қалды кейінгі кезде әлеуметтік желі де бірде істеп, бірде бұғатталып, ­дүйім жұрттың дегбірін қашыра бастады. Өйткені халық арасында «Ұлттық қауіпсіздік комитеті телефон иесі туралы ақпарат ­жинайды екен, сен туралы бүкіл мәліметті бажайлайды» дегенге саятын алып-қашпа әңгімелер де тарағаны рас. Алайда кейін анық болғандай, қауіпсіздік сертификатын орнату мәселесі­нің бұл жайтқа кедергісі мүлде жоқ екен. Тек техникалық ақау­дан туындаған жайт болып шықты.
Осы орайда Орталық коммуникациялар қызметінде ­«Қауіпсіздік сертификатын орнату» тақырыбына байланыс­ты ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ­министрі Асқар Жұмағалиев пен басқа да мемлекеттік орган өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Министр мырза әңгімесінің әлқиссасын аталмыш сертификатты өзінің қалта телефонына орнатқанынан бастады.Оның ешқандай қиындығы жоқ көрінеді. Әркім өз қалауынша кез келген уақытта бұл ­мүмкіндікті пайдалануға құқылы. Қауіпсіздік сертификатын кеңінен қолданысқа енгізудегі басты мақсат – ғаламтордағы киберлі қауіп-қатерге жол бермеу. ҚР заңдары мен сот шешімдеріне сәйкес қауіпті немесе зиянды деп танылған ­ақпарат көзін жауып тастау, сонымен қатар кейбір ғаламтордағы немесе әлеуметтік желідегі жазбаны, аккаунттарды бұғаттау, мемлекетіміздің тұрақтылығына нұқсан келтіретін сипаттағы жазбаларды таратпау.
Жасыратыны жоқ, ғаламтор арқылы адамды өз-өзіне ­қол жұмсауға итермелеп, экстремистік бағыттарға үгіттеп жолдан тайдыратын кереғар мақсаттағы үгіттеулердің құрбаны болған жандар бар екенін естіп те, көріп те жүрміз. Одан қалды, ­лаңкестік пиғылдар да өмірде орын алып жатыр. Халық­аралық терроризм, сепаратизм, экстремизм, оның ішінде діни ­экстремизм халықаралық қауымдастыққа және жалпы адамзатқа қауіп төндіріп отырған келеңсіз құбылыстар алдын ала ауыздықтауға жол ашпақ.
Тек соңғы айдың өзінде осы қауіпсіздік сертификатының көмегімен 8 млн вирустың алдын алып, 130 мың кибер шабуыл ауыздықталған. Қолдағы мәліметке жүгінер болсақ, 2018 жылы ғаламторда заңға қайшы келетін материалдардың 130 мыңы анықталса, биылғы жыл басынан бері 45 мың материал тіркелді. Бұл материалдардың барлығы дерлік діни-экстремизмді ­уағыз­дайтын, есірткінің, қарудың қайда сатылатынынан хабардар етеді екен. Оның ішінде Сириядағы асқан жауыздықпен адам өлімін, бейәдеп әрекеті (порнография) көрсететін, жиһадқа шақыратын бейне көріністер де бар. Сонымен қатар жас ­балалардың санасын улайтын «Көк кит», «Теңіз жайыны», «Тыныш үй» атты ойындар да жатады.
Жалпы, қазір қоғамда қауіпсіздік сертификаты туралы пікір әртүрлі. Біреулер әлі байыбына барып түсіне алмай жатса, ­екіншісі пайдаланып та жүр. Тимур Бектұр деген азамат өзінің ФБ парақшасында жалпы осындай сертификаттың қызметіне қатысты пікір қалдырған екен.
«Сіз қандай да бір ғаламтор-ресурсқа, сайтқа, сервиске кірсеңіз, барлық алмасатын ақпаратыңыз: оның ішінде ­логин-парольдеріңіз, жіберетін, қабылдайтын құпия ақпарат мәліметтеріңіз, саусақ ізіңіз, барлығы қауіпсіздік мақсатында цифрланады. Соның арқасында ФБ кіретін логин-пароліңізді сырт­қы бір адам килігіп ұрлап кете алмайды. Себебі ол ­сертификат арқылы шифрланғандықтан, оны ашып оқу үшін оған әлгі ­сертификат қажет болады» депті.
Дегенмен, бұл қауіпсіздік сертификаты адамды сансыратып қоя ма, пайдасы тие ме, оны уақыт өзі саралай жатар.

Бейбіт ОСПАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button