Жаңалықтар

Жарты жылды 9000 адам Қазақстан азаматтығын алды

2019 жылдың алғашқы жартысында 9379 адам Қазақстан азаматтығын алған. Олардың 7540-ы – этникалық қазақ. Сонымен қатар, Қытайдан келген 724 қазақ Қазақстанның ықтияр хатын алған. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылы 28800 адам Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Олардың 1194-і Президент Жарлығымен, 27606 адам жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алған.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің дерегіне сілтеме жасап, 2019 жылдың алғашқы жартысында 7000-ға жуық этникалық қазақтың Қазақстанға қоныс аударғанын хабарлаған едік. Мұның 3800-і Өзбекстаннан келсе, Қытайдан 1553 адам атажұртына біржолата көшіп келген. Ал қалған қандастарымыз – Түрікменстан, Моңғолия, Ресей, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия елдерінен көшіп келгендер.
Қазақстан шетелдегі қандастардың атажұртына оралуына барлық мүмкіндіктерді жасады әрі олардың қажетті құжаттарды бітіру жұмыстарын да барынша жеңілдетті. Соның мысалы ретінде Қазақстанда тұратын, бірақ азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Президентінің Жарлығымен ҚР азаматтығы берілсе, шетелден көшіп келген этникалық қазақтардың ҚР азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алатынын атауға болады. Сонымен қатар, көшіп келген қандастарымыз солтүстіктегі облыстарға ірге тепсе, баспана беріп, жұмыспен қамту, ақшалай көмек көрсету мәселесі де қарастырылған.
Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, өзге мемлекеттерден елге оралған қазақтарға оралман мәртебесі беріледі. Бұл куәлік оларға бірқатар жеңілдіктерге қол жеткізуге мүмкіндік туғызады. Бұрын оралман мәртебесі бір жылға рәсімделетін. Осы бір жыл ішінде қандастарымыз құжаттарын жинап, Қазақстан азаматтығын алулары тиіс. Алайда түрлі себептерге байланысты белгіленген мерзім ішінде құжат жинап үлгермей, оралман куәліктерінің уақытын өткізіп алып, азаматтық ала алмай қиналған қандастарымыздың қатары көп болды. Осы мәселеге байланысты Елбасы жыл басында мерзімі өтіп кеткен оралман куәліктерінің мерзімін биылғы жылдың соңына дейін ұзартуға тапсырма берген еді. Осы кеңшіліктің арқасында көптеген қандасымыз жарты жыл ішінде ҚР азаматтығын алып үлгерді. Енді қолындағы шетелдік төлқұжатының уақыты өтіп кетіп, не Қазақстан азаматы емес, не шетел азаматы емес ортада сенделіп қалған қандастарымызға да осындай жеңілдік керек сияқты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button