Басты ақпаратҚұқық

Қауіпсіз қаланың қалқаны



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаның негізі полиция ­қызметін жаңа үлгіде жүргізу болып отыр. Бұл ретте Президент полиция мен азаматтардың арасында тығыз қарым-қатынас орнатуды бірінші кезектегі міндетке айналдыруды тапсырып, «Халыққа жақын полиция» қағидасын ұсынды. Жыл сайын тұрғындар саны артып, қала аумағы ­кеңейіп бара жатқанын ескерсек, Астанада қоғамдық тәртіп пен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жүгі жеңіл еместігі анық. Осы орайда елордада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Қазір еліміздің құқық қорғау жүйе­сіне түбегейлі реформа жасау көзделуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «…Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Басты міндет – полиция­ның ұстанымын өзгертіп, жұмыстың жаңа үлгісіне көшу. Мұндағы негізгі мақсат – азаматтармен жұмыс барысында тығыз қарым-қатынас орнатып, қылмыстың алдын алу» деп атап көрсеткен еді. Кейінгі кезде құқық қорғау саласында оң өзгеріс бар екені байқалады. Адамдардың қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтауда нақты жұмыстар жандана түскендей. Жұртшылықтың полицияға деген сенімі де күн санап артып келеді. Біз бүгін осы бағыттағы атқарылып жатқан шаруалардың жай-жапсарын білу мақсатында Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат ТӨЛЕБАЕВТЫ әңгімеге тарттық

– Марат Сағынтайұлы, Мемлекет басшысы құқық саласына реформа жүргізуді тапсыра отырып, «Халыққа жақын полиция» деген қағида ұсынды. Бұл енді сақшылардың жұртшылықтың сеніміне ие болуы керек дегенді білдіреді ғой?

– Дұрыс айтасыз, біз үшін халықтың сеніміне ие болудан асқан мәртебе жоқ. Осы бағытта қазір елорда аумағында ауқымды жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мойындау керек, бізге жүктелген міндеттер де салмақты. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын, құқығы мен бостандығын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету алға қойылып отырған ең басты жауапкершілік деп түсінеміз.

Елдің бас қаласы жыл сайын өсіп, өркендеп, дамып, сәулеттеніп келеді. Сонымен қатар, мегаполисте адам саны да өсуде. Міне, осы жайды ескере отырып, оның үстіне елорда елге үлгі ретінде көріну керек деген ұстаным тұрғысында жұмысымызды сервистік модельге көшірдік. Бұл, негізі, заңға мойынсұнған азаматтардың мүддесі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделіне көшу дегеніміз – полицияның дәстүрлі қызметін үлкен жауапкершілікке ауыс­тыру. Бұрын құқық қорғаудың негізгі мақсаты қылмыспен күреске бағытталса, енді сервистік модельде оның алдын алуға күш салынады. Бұл жерде ең маңыздысы – қылмыстың алдын алу, көмек көрсетуге дайын болу, сосын халықпен барынша тығыз қарым-қатынас орнату. Азаматтар мен погон таққан адамдардың өзара түсіністігі, құрметі болуы тиіс. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Жұртшылық қоғамдық қауіпсіздікті сезінсе, полицияға сенім артса, жетістік көрсеткіші арта түсері сөзсіз.

– Елордада қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жайы қалай?

– Азаматтардың құқын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елорда полициясының негізгі міндеті. Қала тұрғындарымен қатар, қалаға қыдырып келген әрбір қонақ өзін еркін сезінуі әрі қауіпсіздігіне еш алаңдамауы керек. Міне, осы бағытта қазір қызметкерлер бар күшін салып еңбектенуде. Әсіресе тұрмыс­тық зорлық-зомбылық, есірткі қылмысы, алаяқтықпен алдау, арбау, қаржы пирамидаларынан адамдар көп зардап шегетінін жасыруға болмайды. Осыған байланысты қазір кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Айта кетейін, өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыс саны 9 пайызға өскені байқалады. Дегенмен адам өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру, зорлау, тонау, қарақшылық, бұзақылық және пәтер ұрлығы азайды.

Көшедегі қауіпсіздік деңгейі 5,5 пайызға артып, қылмыстың қайталануы 42,1 пайызға төмендеді. Соңғы 5 жылда қылмыс саны 2 есеге азайды. 2017 жылы 32397 қылмыс тіркелсе, 2022 жылы ол 16572-ге кеміді. Өткен жылда 194 жалған жарнама мен заңсыз интернет-ресурсы бұғатталды. 536 рет қылмыс жасаған 89 адам және 3 топ ұсталды.

Есірткі қылмысымен күрес пен нашақорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылады. 232 есірткі қылмысы анықталды, оның 171-і – сатумен айналысқандар. 257,5 кг әртүрлі есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 34,3 кг синтетикалық зат. 4 дәрі-дәрмек зертханасының қызметі тоқтатылды, 75 дәрі-дәрмек өндіретін орын бұғатталды. Елордада есірткі жеткізіп, сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. 5 қатысушы, ұйымдастырушы және негізгі жеткізуші ұсталды. 37 келі гашиш тәркіленді.

Көшедегі қауіпсіздік деңгейі 5,5 пайызға артып, қылмыстың қайталануы 42,1 пайызға төмендеді. Соңғы 5 жылда қылмыс саны 2 есеге азайды. 2017 жылы 32397 қылмыс тіркелсе, 2022 жылы ол 16572-ге кеміді

Патрульдік полиция қызметінің жұмысы да жақсы жолға қойылған. Негізінен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылық дерегін анықтау, ескерту, мүмкіндігінше болдырмау, қылмыстарды ашуға белсенді түрде қатысу және қылмыскерлерді ұстау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалау – солардың мойнында.

Орын алған жағдайды жедел талдау негізінде қаладағы аса қауіпті және апатты деген жол учаскелерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция полкі жұмылдырылады. Жыл басынан бері бұл құрам 106 қылмыстың бетін ашты. Оның 5-еуі – кісі тонау, 1-еуі – зорлық, 10-ы – ұрлық, 5-еуі – дене жарақатын салу, 57-сі – есірткі тасымалы.

Жыл сайын елордалық полицияның материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Құқық тәртібін қорғау және қылмысқа қарсы күрес үшін қажетті заманауи техника мен қызметтік автокөліктер берілген.

Өткен жылы әкімдіктің қолдауымен патрульдік полиция полкі, учаскелік инспекторлар және кезекші бөлімдер сияқ­ты Полиция департаментінің ­сыртқы қызметі үшін тәулік бойы қызмет атқаратын 103 автокөлік сатып алынды. Мұның бәрі азаматтардың өтінішіне жедел ден қою, ішкі істер органдарының ашықтығы мен қолжетімділігі, елорда тұрғындары мен полицейлер арасында тығыз қарым-қатынас орнату үшін жасалады. Әрі бұл ұсақ құқық бұзушылықтың уақытылы алдын алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Жедел басқару орталығында 29 мың бейнекамера, оның ішінде «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің 13 мың камерасы орнатылған. Сонымен қатар, көппәтерлі үйлердің кіреберісінде осы орталыққа біріктірілген «Бұлтты бейнебақылау» жүйе­сінің 5500-ден астам камерасы жұмыс істейді.

– Кадр мәселесінде тап­шылық жоқ па, жас мамандарға қандай жағдай жасалады?

– Біздің мақсатымыз – жұмысқа аларда заңды бәрінен жоғары қойып, өзінің қызмет міндетін мүлтіксіз орындайтын парасатты азаматтарға қол жеткізу. Негізі, ішкі істер органдарына қызметке Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіптік даярлықтан өткендер қабылданады. Жас полицейлер Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары мен Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң институтында даярланады. Іріктеу екі ай сайын жүргізіледі, оқу мерзімі – екі ай.

Қызметке қабылданарда азаматтар әскери-дәрігерлік комиссиядан, медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, полиграфологиялық тексеруден өтуі тиіс.

Тестілеу «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен өткізіледі. Сержанттық лауазымға түсетін үміткерлер тестілеуден өтпейді. Қазіргі уақытта әлеуметтік пакеттің жақсаруына, қызметкерлер жалақысының көтерілуіне байланысты ішкі істер органында қызмет етуге ниет білдіргендердің саны 10 пайызға артты.

Өткен жылдан бастап ішкі істер органы қызметкерлерінің жалақсы өсті. Ал тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері мемлекет есебінен қызмет өткеру кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Бүгінде қызметтік баспанамен қамтамасыз етілмеген полиция қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен арнайы ақшалай қолдау түріндегі тұрғын үй төлемі төленеді. Мұның өзі – жастар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау.

– Қазір елімізде Әділетті Қазақстан құруға батыл қадам жасалуда. Осыған полиция қызметкерлері қалай үлес қосып жатыр?

– Елордалық департамент ашықтық пен жариялылық қағидаты бойынша жұмыс істейді, халықтың сенім деңгейін арттыру және кері байланыс орнату бойынша шаралар қабылдайды. Жұмыстың сервистік моделіне көшу шеңберінде «Азаматтарды қабылдау» және «Жолда қабылдау» өткізіліп, оның барысында азаматтарға кеңес беріледі.

ПД басшысы мен орынбасарлары, қызметтер мен аумақтық полиция бөлімшелерінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Барлық мәселе қабылдау кезінде шешіледі. Біз әрбір шағымды шынайы зерттеп, қажетті шаралар қолданамыз.

Есеп беру кездесуін учаскелік полиция органдарының басшылары мен учаскелік инс­пекторлар өткізеді. Сонымен қатар, учаскелік полицейлер тұрғындарды үй чатына (2467, 248377 тұрғын) қосу арқылы азаматтармен қашықтан байланыс форматын орнатты, онда профилактикалық ақпарат орналастырылып, азаматтардың өтініші қаралады.

Мобильді қосымшаларда учаскелік инспекторлардың фотосуреті мен цифрлық визиткасы болады.

Бүгінгі таңда тек қылмыспен күресу ғана емес, адамдардың қауіпсіздігін арттыру, полиция мен тұрғындардың арасындағы тығыз байланысқа көбірек мән беріледі.

Алматы ауданы аумағында азаматтарға сапалы полиция қызметін көрсету мен қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен серіктестікте шешу қағидатына негізделген «Қазақстандық полиция қызметінің моделі» қанатқақты жобасы жүзеге асырылды. Осындай жоба 2022 жылы Сарыарқа ауданында да іске қосылды.

Қауіпсіздіктің түйткілді мәселелерін егжей-тегжейлі зерделеу әрі оларды жою жөніндегі ұсыныстарды әрі қарай әзірлеу үшін ведомствоаралық құқық қорғау тобы құрылды. Бұл ретте талдау мен шешім қабылдау үдерісіне басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамды тарту міндеті қойылып отыр.

Полиция қызметкерлерінің қоғамдық орындарда тұрақты болуын қамтамасыз ететін
«Полиция қолжетімді қашық­тықта» қағидаты енгізілуде.

Әкімдіктің қолдауымен қалада модульдік үлгідегі 10 стационарлық полиция бекеті ашылды. Учаскелік полиция бекетінің саны 27-ден 42-ге дейін ұлғайды.

– Полиция қызметін цифрландыру туралы не айтасыз?

– Бұл тұрғыда бізде үлкен жұмыс атқарылды. Елордалық Полиция департаменті Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ішкі істер органдарының қызметіне жаңа цифрлық технологияларды енгізу және оны жетілдіру бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді.

2022 жылдың 12 айында полицияның «102» жедел арнасына азаматтардан 729928 өтініш түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артық. Соның ішінде 500 мыңға жуық соғылған қоңырау полицияның дереу әрекетін талап етті. Осыған орай, бұл бағытта полицияның кешенді күштері шұғыл жұмылдырылды.

Елордада ұялы байланыс немесе басқа байланыс болмаған жағдайда, полицияға жедел қоңырау шалу мүмкіндігін «SOS дабыл батырмасы» жобасы арқылы да жүзеге асыруға болады.

Қала көшелерінде, саябақтар мен алаңдарда 15 арнайы құрылғы орнатылды. Осы жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері 70-тен астам нақты өтініш түсті. Негізгі шағым қоңырау­лары әкімшілік сипаттағы құқық бұзушылықтарға (тыныштықты бұзу, қоқыс шығару, жол қозғалысы ережелерін бұзу, анықтамалық сипаттағы кеңес беру және т. б.) қатысты.

Қазіргі уақытта елорданың білім беру мекемелеріне 29 мыңнан астам бақылау камерасы қойылды. Олардың бір бөлігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламалар аясында орнатылып, жұмыс істеуде.

2022 жылы бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері 3233 қылмысты (оның ішінде 4 адам өлтіру, 127 тонау, 2500-ден астам жеке мүлікті ұрлау) және 30000 әкімшілік құқық бұзушылықты ашты. Бұл істелген жұмыстың бір легі ғана. Алда бізді әлі де ауқымды міндеттер күтіп тұр. Ал Президент белгілеп отырған реформалар тиімді, техникалық тұрғыда жарақтандырылған әрі халық үшін ашық, азаматтар мен қоғамның мүддесін кез келген заңға қайшы қол сұғушылықтан сенімді қорғауға қауқарлы полиция қызметін қамтамасыз етері сөзсіз.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button